Парижде алауы тұтанған Олимпия ойындарының алғашқы күндері қоржынымызға 1 алтын мен 2 қола медаль түскенде қазақ жанкүйерлері қуаныш пен шаттыққа бөленді. Барлығымыз арқа-жарқа болып қалған едік. Ал осы аптаның басы біз үшін көңілсіздеу басталды. Дүйсенбі күні жерлестеріміз бірде-бір жүлдеге қол жеткізе алмады.
Данияр даралана алмады
Дүйсенбіде жалғыз дзюдошымыз жарыс жолына шықты. 73 кг салмақ дәрежесінде белдескен Данияр Шамшаевқа зор сенім арттық. Әлі есімізде, 2022 жылы Астанада өткен Азия чемпионатында 20 жастағы жас жолбарысқа бас жүлдені олжалау үшін небәрі 149 секунд жеткілікті болғаны. Атап айтсақ, Данияр үндістандық Суреш Сингх Нингхоужам мен тәжікстандық Бехруз Қожазожданы 42 секунд, өзбекстандық Мұратжон Юлдашевты 31 секунд, қырғызстандық Шыңғысхан Сағыналиевті 34 секундта еңсерді. Сол кезде барлық БАҚ өкілдері 20 жасар өреннің асқан шеберлігіне тәнті болып, бұл жігіттің ептілігі мен ерлігі жөнінде жарыса жазған еді.
Содан бері екі жыл да зымырап өте шықты. Еліміздің бірінші нөмірлі балуаны ретінде Шамшаев талай дүбірлі додаға қатысты. Бірде ұтты, бірде ұтылды. Бірақ әлем чемпионаты мен Азия ойындары секілді байрақты бәсекелерде оның бағы бір жанбады. Биыл Париж Олимпиадасының тұсаукесер кездесуінде Даниярдың Мұратжон Юлдашевпен күш сынасатынын естігенде қатты қуандық. Дәл сол балуанды Астанада жарты минутта жайпап салғаны туралы жоғарыда айттық. Сол екі жыл аралығында өзбек дзюдошысының шеберлігі қатты өсті ме, әлде қазақ жігіті тұралап қалды ма, әйтеуір, бұл жолы қандасымыз ел сенімін ақтамады. Мұратжонға қарсы бәсеке барысында үш «шидо» алған Шамшаев жарыстан шеттетілді.
73 кг салмақта дүниежүзілік рейтингте бірінші орында тұрған Хидаят Гейдаровтың асығы алшысынан түсті. Жарыс барысында Тохар Бутбул (Израиль), Артур Маргелидон (Канада), Акил Гякова (Косово) және Жоан-Бенжамен Габаны (Франция) жолынан ығыстырған Әзербайжан балуаны Олимпиада чемпионы атанды. Бұл балуанға бекер тоқталып отырған жоқпыз. Хидаят бізге бөтен емес. Ол 1997 жылы Қарағандыда дүниеге келген. Қазақ жерінде кіндік қаны тамып, осы жақтың ауасымен тыныстап, нәрін бойына сіңірді. Балауса шағында ата-анасымен бірге тарихи отанына оралды. Міне, сол Гейдаров араға жылдар салып, Әзербайжанның бас балуанына айналды. Атап айтсақ, әлем чемпионы (2024 жылы) және сол жарыстың үш дүркін қола жүлдегері (2018, 2019, 2022) атанды. Еуропа чемпионатын төрт мәрте (2017, 2022, 2023, 2024) ұтып, бір рет күміспен (2018) күптелді. Еуропа ойындарында қола (2019), Дүниежүзілік универсиаданың күміс медалін (2019) еншіледі. Ислам ынтымақтастығы ойындарында (2017) бас жүлдені қанжығасына байлады. Ал 27 шілдеде 27 жасқа толған Хидаят Гейдаров өзінің туған күніне керемет сый жасап, Францияның бас шаһарында «мәңгі тозбас» атаққа қол жеткізді. Молдованың туы астында өнер көрсеткен тағы бір әзербайжандық дзюдошы Әділ Османов пен жапониялық Сойши Хашимото қола медальды мойнында жарқыратты.
Әйелдер 56 кг салмақтың жүлделерін сарапқа салды. Бұл тартыс Канаданың намысын қорғап жүрген жапон қызы Криста Дегучидің жеңісімен аяқталды. Әлемдік рейтингте көш бастап тұрған әккі балуан финалда Оңтүстік Кореяның өкілі Ха Ми-миді қапы қалдырды. Жапониялық Харука Фунакубо мен франциялық Сара-Леони Сизик үшінші орынға табан тіреді.
Қамшыбек те қапы қалды
Бокстан Қазақстанның ерлер құрамасы Парижге толық құраммен барғаны белгілі. «Шу» дегеннен 71 кг салмақтағы Асланбек Шымбергенов шыңнан құлағанда көңіліміз қатты құлазыды. Себебі ол – қатардағы көп боксшының бірі емес. Асланбек – Олимпиаданың ашылу салтанатында қазақтың көк байрағын ұстап шыққан ерен тұлға, ұлттық команданың капитаны, әлем және Азия чемпионы, Азия ойындарының екі дүркін жүлдегері. Париж рингінде 30 жастағы сақа спортшы ойда-жоқта Иорданияның өкілі Зейяд Ишаишке есе жіберді. Дәл сол былғары қолғап шеберін Асланбек бұған дейін бірнеше мәрте сабаған еді. Ал өзінің спорттық жолындағы ең ірі додада қандасымыз жер сипап қалды.
Өзге боксшыларымыз жарысты жеңіспен бастады. 63,5 кг салмақтағы Мұхамедсабыр Базарбайұлы испаниялық Ойер Ибареччені еш қиналмай ұтты. 92 кг салмақтағы Айбек Оралбай нигериялық Олетен Олаорені бірінші раундта бір есеңгіретіп алды. Одан кейін де қарсыласын жақсылап тұрып төмпештеген ол күмәнсіз жеңіске қол жеткізді. 50 кг салмақтағы Назым Қызайбай италиялық Джордана Соррентиноға сан соқтырды. Сол кеште шаршы алаңға шыққан Руслан Абдоллаевтың да айдарынан жел есті. Өзбекстанның намысын қорғаған қазақ жігітінің мексикалық Мигель Анхель Мартинестен мерейі үстем болды.
Сейсенбіде Базарбайұлы Олимпиададағы өзінің екінші кездесуін өткізді. Ол Азия ойындарының финалисі, Азия чемпионатының қола жүлдегері тайпейлік Лай Чжуэньмен қолғап түйістірді. Аса шиеленісті бәсекеде Мұхамедсабыр 3:2 есебімен жеңіс тойын тойлады. Аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев әлем чемпионатының қола жүлдегері, Еуропа чемпионы, испаниялық Айюб Гадфа Дриссимен айқасты. Пиреней түбегінен келген боксшының бойы ұзын, өзі еңгезердей екен. Басқа алып бара жатқан ештеңесі жоқ. Бірақ Қамшыбектің соған да әлі жетпеді. Тәуекелге бармай, жасқана қимылдап, қолын ара-тұра ғана сілтеген саңлағымыз ақыры сан соғып қалды. Бес төрешінің үшеуі Дриссиді мықты деп таныды. Ал Токио Олимпиадасында қола, әлем чемпионатында екі, Азия ойындарында бір және құрлық біріншілігінде төрт күміс алған қазақтың нар тұлғалы боксшысы елге құрқол қайтатын болды. Өкінішті-ақ!
Теннисшілер тегіс ұтылып, мергендер мүлт кетті
Парижге топырлап барған теннисшілеріміз тегістей ұтылды. Алдымен жарақатын желеу еткен Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева жарысқа қатысудан бас тартса, өзге ойыншыларымыз алғашқы айналымнан аса алған жоқ. Есесіне үстел теннисінен өтіп жатқан турнирде Кирилл Герасименко табысты өнер көрсетіп жатыр. Бастапқы бәсекеде чилилік Николас Бургостан 4:0 (11:4, 11:5, 12:10, 11:6) есебімен басым түскен еліміздің бірінші ракеткасы іле-шала Германия құрама командасының мүшесі Цю Даннан айласын асырды – 4:3 (6:11, 11:6, 11:13, 5:11, 11:5, 11:9, 11:6). 1/8 финалда Кирилл мысырлық Омар Ассармен шеберлік байқасады.
Ал бадминтоншы Дмитрий Панарин Брайн Янннан (Канада) және семсерлесуші Әйгерім Сарыбай Манон Брюнеден (Франция) ұтылып, жарыстың екінші бөлігіне шыға алмады. Оның алдында ғана тәжірибелі нояндар – Руслан Құрбанов, Вадим Шарлаимов, Эльмир Әлімжанов сүрінген еді. Нысана көздеуден Никита Чирюкина мен Ирина Юнусметова іріктеу сынында 11-орында қалып қойды.
10 метрлік қашықтықтан пневматикалық мылтық атуда Александра Ле алтыншы сатыға жайғасты. Академиялық есуден Владислав Яковлев жартылай финалда бірінші орынды иеленіп, Е тобының финалына жолдама алды. Құрамында Ильфат Абдуллин, Александр Еременко және Дәулеткелді Жаңбырбай сынды мергендері бар садақ атушылар 1/8 финалда Италия спортшыларына 4:5 есебімен жол берді.