• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
23 Қаңтар, 2015

Сұлтан КАРТОЕВ: Қазақтан досың болса, жолда қалдырмайды

483 рет
көрсетілді

Сұлтан Картоев халықаралық «Невада-Семей» антиядролық қозғалысына қатысушылар қатарына қалың көпшілікпен бірге, полигонды жапсақ екен деген арманмен қосылды. Бірақ ол бұл қозғалыстың жолы ауыр болатындығын, отбасын, негізгі мамандығын ұмытып, халықтың бейбіт өмірі үшін тек қана ат үстінен түспей жүру керектігін сол шақта білмеген де еді. – Сұлтан Омарұлы, сіз ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің үзеңгілес әрі сыралғы досысыз. Екеуің­ізді осы «Невада-Семей» қозғалысынан басқа не біріктіреді? Қандай ортақ көз­қарастарыңыз бар? – Қазір айтсам, ешкім сенбеуі де мүмкін. Бірақ кезінде маған «Олжастан бас тарт», деп соңыма шырақ алып түскендер болған. «Сөйтсең, қызметіңді өсіреміз, құрметтеп, қаржылай сыйлық береміз», деді. Мен көнбедім. Содан сегіз жыл бойы Олжаспен достығым үшін жаныма тыныштық болмады. «Ертіс ГЭСстройда» жұмыс істеген кезімде үш рет қуғындалдым. Үш рет өзімнің конс­титуциялық құқығымды қорғап, жанталастым. Осының бәрінде мені Олжас қана қорғады, Олжас қана қолдады. Басымыздан неше түрлі өтті ғой, сонда да біз достығымызды сақтай білдік. Біздің арамыздағы достық – нағыз ерлер достығы. Мұндай бақыт екінің бірінің басына қона бермейді. Мен сол үшін де өмірге ризамын. Біз қазірде бір-бірімізге жиі қонаққа барып тұрамыз. Екеуміз де Павлодар облысынанбыз. Екеуміз де шахмат ойнағанды ұнатамыз. Қай жерде кездессек те – аэропортта, вокзалда, далада ол маған «Сұлтан, кәне шахматты шығаршы!» дейді. Кездескен сайын ол өткен күннің қиындықтарын есіне алады. – Сіздердің қатарларыңызға Қа­зақ­станның ғана емес, бүкіл әлемнің халқы қосылды. Қозғалыс басталмастан бұрын сіз қандай іспен шұғылданып жүрдіңіз? – Миллиондаған әлем халқы сияқты мен де ядролық қаруға қарсы болдым. Себебі, 40 жыл бойы полигонның дәл түбінде өмір сүрдім емес пе?! 1984-1989 жылдары Шүлбіге жұмыс бабымен ауысып, «ЕртісГЭСстрой» мекемесіне ди­ректордың орынбасары қызметіне кіріс­тім. Зайыбыммен, балаларыммен апта сайын жер-дүниені тітіреткен жарылыстың куәсі болатынмын. Сол кездегі Семей облысының тұр­ғындары сияқты біздің үйімізде де киім-кешек салынған екі шабадан дайын тұратын. Бірінде қосымша құжаттар, екіншісінде қысылтаяң сәтте қажет болып қалар деген азық-түлік пен дәрі-дәрмектер. Соғыс жағдайында өмір сүрдік қой. Осылай істеуге мәжбүр болдық. Кез келген сәтте бомба жарылып, жер ортасына түсіп кетуі мүмкін еді. Үйлеріміз «би билеп», шкафтардағы ыдыстар сыңғырлап «ән салатын» қорқынышты сәттер әлі де күні кешегідей көз алдымда. 1986 жылы Чернобыльде бол­ған қай­ғылы оқиғадан кейін ядролық сынақтарға деген ең алдымен ғалымдардың, содан кейін қоғам қайраткерлері мен ха­лықтың көзқарасы өзгере бастады, дәл сол жылы шілденің 11-і күні Мәскеуде өткен халықаралық форумда ядролық сынақтарға тыйым салу керектігін ғалымдар қатаң түрде ескертті. Өйткені, әлемдегі адамзат құрып кету қаупінің алдында тұрды. КСРО Ғылым академиясы ұйымдастырған форумға әлемнің дамыған озық елінен 340 ғалым шақырылды. Ол кездері ғалымдардың айтқанын, келтірген мәліметтерін назарға алып, полигонды жабайық деп халық тағдырын ойлап, бас қатырып жатқан бірде-бір басшы жоқ еді. Ал кеңестік компартияны қолдайтын орталық басылымдар, Мәскеуден шы­ғатын газет-журналдар «Семейде еш­қандай проблема жоқ, адамдар малдарын жайып, тойларын өткізіп жатыр, демалуға болатын тамаша таза табиғат ортасы» деп жазғанын талай оқыдық. Иә, егер біздің Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің тарихи Жарлығымен бәріне нүкте қоймағанда, мұндай айтыс-тартыс, дау-жанжалдар жалғаса берер еді де, сұрапыл ядролық полигон ешқашан жабылмас еді. Полигон жабылған сол жылдары халық дүниеге келген ұлдарын Олжас атап, еліне қорған болар ер-азамат болсын деп ырымдап жатты. – Полигон жабылды, олай болса ал­дағы уақытта «Невада-Семей» қоз­ға­лысының алдында қандай жұмыстар тұр? – Біз Курчатовтағы Ұлттық ядролық орталықпен бірлесіп жұмыс істеуге көштік. Мақсатымыз – Елбасы тапсы­руы­мен бейбіт атомды насихаттау. Орта­лық директоры, ғалым Ерлан Батыр­беков Қазақстанда жапондармен бірлесіп, АЭС салу жұмысын бастады. Бұл – тың жоба. Бұған дейін де Ерлан Ға­ді­летұлы көптеген шаруалардың басын қайырды. Соның бірі – полигон орналасқан Дегелең тауының етегіндегі инженерлік құрылымдарды, ондағы зиянды қалдықтарды тауып, оған арнайы құйма құйғызып, радиоактивтіліктің айналадағы қоршаған ортаға тарамауына ықпал етті. Бүгінде Дегелең тауын Ішкі істер минис­тр­лігінің ішкі әскерлері қорғауға алған. Сондай-ақ, қорғанысты нығайту үшін Дегелеңде үш деңгейлі жоба іске асырылды. Жоба бойынша бейнекамералар, басқару бекеті орналасқан. Осынау үш деңгейлі Қазақстан, АҚШ, Ресей ғалымдарының ойлап тапқан жобасы бойынша қорғаныс жүйесін жергілікті жерден де, Курчатов қаласынан да бақылап отыруға болады. Міне, әлем ғалымдары осылайша соғыс атомын болдырмауды қадағалауда. Ал осының басында әу баста Олжас Сүлейменов тұрған еді ғой. Сондықтан да халқы Олжасты ешқашан ұмытпайды. Өз басым Олжастай досым барын қашанда мақтан тұтамын. Әңгімелескен Раушан НҰҒМАНБЕКОВА, журналист. СЕМЕЙ.