• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 01 Тамыз, 2024

Қайрат пен сабыр өнегесі

70 рет
көрсетілді

Бүгінде білім алмаған адам кемде-кем. Бірақ білімнің де білімі бар. Осы тұрғыдан келгенде, Мейрамбек Әлнәсірұлына Жаратқан таңғаларлық қасиет дарытқан еді. Ол жастай әділеттілікті, шындықты дәріптеді, сол жолдан таймайтын азаматтарды жоғары бағалады. Тәкаппар адамды жан-тәнімен ұнатпады.

Ол дүниеге келгенде Семей об­лысы Абыралы ауданы Қай­нар орта мектебінің 10-сыныбында оқитынмын. Соғыс енді аяқ­тал­ған уақыт. Әр отбасы боздақтарынан айырылып, қайғы жұтып отырған кез. Солтүстік Корея мен Америка арасында соғыс жүріп жатты. Кеше ғана әке-ағадан айырылған бізге де тықыр таяды-ау деп қауіптендік. Өйткені кеңес өкіметі Солтүстік Корея соғысына көбінесе қазақ пен қырғыз жастарын аттандырды. Міне, сол себепті соғыстың тоқта­уын күнде Алладан тілеуші едік. 1953 жылы 28 шілдеде радиодан атақты диктор Леви­тан соғыстың тоқтағанын хабарлады. Дәл сол күні отбасымызда сәби дүниеге келіп, мәре-сәре болдық. Мен жүгіріп барып, Әлиман әжем мен Әлнәсір ағай­дан сүйінші сұрадым. Біріншісі – соғыстың тоқтағанына, екіншісі – нәрестенің дүниеге келуіне. Сүйіншіме сәбидің атын Мейрамбек деп қоюға рұқсат сұрадым. Екеуі бірден келісті.

Мейрамбек үйге мейрам әкелсе де, елде үлкен қуаныш бола қойған жоқ. Оның туғанына 10 күн болғанда өлкеміз­де сутегі бомбасы сыналып, бірер күн­де Абыралы ауданы орталығы – Қайнар халқын Арқалық-Тайлақ деген жерге көшірді. Жылап-сықтаған жұртпен бірге нәресте Мейрашым да көшті. Сол сынақтың әсерін білу үшін 42 адамды ажал оғына қалдырды. Тағдырдың жазуы шығар, соның салдарынан Мейрам ініміз 4 жасынан түсініксіздеу ауруға ұшырады. Оқуын оқи жүріп жаз айында Семей ауруханасынан шықпады. Жеңгесі Кенжеш Секенқызы (марқұм жұбайым) жұмыстан кейін ауруханаға Мейрашқа күнде барып тұрды. Кешікпей бұл ауру басқа науқасқа ұласты.

Бала Мейрамбек науқаспен күресіп, қайрат танытты. Ерекше жігерлі, өмір сүруге құштар қалпында мектепті үздік бітірді. Қуанышымыз қойнымызға сыймай қуандық. Мейраш маған және анасы Нәзипа жеңгеме (Әлнәсір аға бақиға озған): «Қарағанды политехника институтының көлік-жол факультетіне түскім келеді», деді. Мен демалыс алып, Қайнардан Қарқаралы арқылы жолға шықтық. Жол-жөнекей «Құнанбай» мешітіне тәу етіп, қайнарлық Бейсен деген азаматтың үйіне қондық. Кейіннен Мейрашқа «Құнанбай атаңның аруағы қолдады» деуші едім. Қарағандыда мектептес досым Жөкебаев Бахтиярдың үйіне түстік.

Өзінің жігері мен табандылығы, ғажап қабілеті, білімі арқылы еш­кім­нің көмегінсіз қалаған институтына түсіп, жақсы аяқтап шықты. Сол жылы тағы да Дегелең сынағының әсері болар, денесі қатты да қалды. Дипломды алы­сымен маған хабарласты. Мен: «Тез Алматыға жет!» дедім. Ол кезде Қаржы минис­тр­лігіне қызметке ауысқан едім.

Мейраш Семейдің әуежайынан билет алып, ұшпақшы болады. Сол күні қалың қар жауыпты. «Жығылғанға – жұ­­дырық» дегендей, ұшақ ұшпай, әуе­жайдың залында түнейді. Мәдениеттілігі сонша, скамейкаға аяғындағы жаңа қысқы етігін шешіп жатыпты. Оянғанда әлгі етігі жоқ, ұры­лар орнына тәпішке тастап кетіпті. Ұшаққа дейін сонымен барып, ауруын асқындырып алады. Келісімен Тубер­кулез институтына тексеруге апардым. Басшысы аягөздік профессор, күллі қа­заққа сыйлы дәрігер Айкен Терлікбаев бірнеше тексеру қорытындысынан ке­йін «науқастың өмірін сақтап қалу мүм­кіндігі жоқ» деген шешім айтады. Мұны Мейраш кездейсоқ естіп қо­­йыпты. Ол маған: «Аға, босқа әуре бол­­маңыз. Менің өмірден үмітім жоқ. Тағ­­дырдың жазуы болар. Сізге рахмет. Сөз байласқан қалыңдығым Заря­­ның оба­лына қалмайын деп, хат та жазып жібердім», деді. Мен: «Мейраш, сен уайымға берілмейтін азамат едің ғой. Дәрі­герлер темірден шыққан шимай жазу бойынша айтып отыр. Мен олар­дың шатпырақтарына сенбеймін. Өкпе ауруы емделеді. Сен ерте уайымдап отырсың. Саспа, күйінбе, бұрын қандай сабырлы болсаң, сондай сабырлы күйіңде жүре бер. Жазыласың. Үйленесің. Кенжеш жеңгең екеуміз то­йыңды жасаймыз. Күш-қуатың бо­йың­да. Уайымды қуып жібер!» дедім. Ол: «Аға, рахмет. Мені жұбатуыңыз ғой. Ана профессор «сауығу жолы жоқ» де­генді тұспалдады», деді. Мен бас дәрі­герге қайта барып, Бурабайға санаторийге жіберу туралы кеңестім. «Онда үміт бар ма?» дедім. Дәрігер: «Әзірше бол­ған емес. Бірақ ол жер екі айдан артық емдемейді. Сіз 5-6 айға алсаңыз, мүмкін үміт болар» дегенде, мен қатты қуандым.

Бас дәрігер үміт отын жаққандай бол­ды. Мейрашым жазылып кеткендей қуанышпен үйге келе: «Мейраш, сүйінші. Сен жазыласың!» дедім. Бұл – інім үшін де, өзім үшін де жігерлендіру еді. Мейраш сенерін де, сенбесін де білмей, үн-түн жоқ отыра қалды. Мен: «Мен Көкшетау облысы қаржы басқар­масы бастығының орынбасарымен сөй­лесіп, сені Бурабай санаторийіне 6 айға жіберсем, соған шыдайсың ба?» дедім. Мейраш: «Аға, аман қалатын үміт болса, бір жылға жіберсеңіз де шыдаймын. Жазылуым мүмкін бе?» деп күлімсіреді.

Көкшетаудың қаржы басқармасы бастығының орынбасары жасы 50-ден асқан Қайыржан Сәбитов деген өткір, білімді, өжет азамат еді. Менің өтінішіме түсіністікпен қарап: «Болат, баланы тез ұшаққа отырғызып жібер. Қарсы алып, өзім апарып орналастырамын. Өте жақсы ем жасатамын» деп қуантты. Мен Мейрашымды уайымнан құтқардым. Айтқанындай, бірінші Алланың, екінші Қайыржан ағаның арқасында Мейрашым құлан таза жазылды. Институт директоры, білгір дәрігер А.Терлікбаев кейін Мейрамбекті тексеруден өткізіп, үлкен қуанышқа бөледі. Ол: «Ғажап! Мынадай жағдай болған емес. Бурабайға ұзақ мерзімге жіберсе, ауруды жеңуге болады екен» деп, шынайы қуанды. Маған: «Тағы бір 3 айға жібересіз бе?» деді. Тағы да Қайыржан ағаның көмегімен 3 ай емделіп келді. Міне, осылайша Мейраш бір ажалдан қайырымды ағалардың арқасында аман қалған еді. Бұл әрі қа­рай өмірлік қуанышқа жалғасты.

Қалыңдығы Заряға құда түсуге бас құда ретінде нағашым Нұрғали Фай­зуллинді, аса құрметті ағамыз Қабыкен Құсайыновты алып барып, мың жылдық дәстүрді жалғастырдық.

Біртіндеп тіршілік ісіне көштік. Мей­рашта әскери бөлімшеге қызметке жіберген жолдама бар екен. Мен: «Інім, енді сен әскери бөлімшеге өтініш жаз. Тубдиспансердің анықтамасын қоса жолда. Ауруға байланысты жұмыстан босатуларын сұра» деп, ақыл айттым. Олардан «Қызметтен босатылды, әрі бір жылғы еңбекақысы 1200 рубль төленеді» деген хат келді. Ойламаған жерден Мей­рашым жақсы киім-кешек, қалаған заттарын (ішінде сирек кітаптар да бар) алып, үлкен қуанышқа бөленді.

Бұл жағдай 1976-1977 жылдары бол­ған еді. 1977 жылы күзге салым Кенжеш екеуміз Қайнарда дүрілдетіп үйле­ну тойын өткізіп қайттық. Нәзипа жең­гемнің қуанышы шексіз болды. Одан кейін Көлік министрлігіне бас маман болып орналасты. Мейрашым тез арада білімінің арқасында қызметте абыройға бөленді. Аз уақыт ішінде министрліктің бас басқармасы басты­ғының орынбасарлығына көтерілді. Сол кездегі министрдің орынбасарлары маған: «Мейрамбек – өте сауатты, әді­летті, табанды маман. Ол тек шын­дықтың жолымен жүреді. Біз оны қатты сыйлаймыз» дейтін.

Алдымен жатақхана, кейін 4 бөлмелі үй мәселесі де шешілді. Алмас, Мұхтар, Анар атты тамаша балалар өмірге кел­ді. Олардың тәрбиесінде жеңгесі Кен­жеш­тің де еңбегі зор. Мейраш жеңгесін құрметтеп, «Кәке» деп кетті. Балалары жоғары дәрежелі білім алды. Заря Алма­­тының ең беделді мектебінде абырой­лы ұстаз болды. Елеулі марапат та алды. Бү­гінде құрметті демалыста. Ұл­дары адал еңбегімен іскер азаматтарға айналды.

Мейраш кейінгі он жылда тағы да ауыра бастады. Ескі ауру жеңе берді. Ол үмітсіздік білдірген жоқ. Қайрат пен сабырдың арқасында ауруға қарсы тұра білді. Жетпістің белесіне көтерілген ша­ғында бақиға озды.

 Осы оқиғаны әңгімелеудегі басты себеп – біздің туып-өскен жеріміздегі талай тағдырды атом, сутегі бомбасы сына­ғы қиғанын айту еді. Аудан ешкім­нің сұрауынсыз тарқатылды. Жапония­да Хиросима-Нагасаки қырғынынан кейін халыққа кешенді қамқорлық жасалды. Әйтеуір біз жақсы адамдар­дың арқасында Мейрамбекке қол ұшын создық. Ол 24 жасында өмір­мен қоштасуы мүмкін еді. Дейтұрғанмен ініміз тағдырының ауыр күндерінде де қайрат пен сабырды тең ұстай білді. Алла тағала ем-домның, жақсы пейілдің арқасында оның ғұмырын 46 жылға ұзартты. Жар сүйіп, бала-шаға өрбітуіне, қалаған қызметін жасап, абыройға бөленуіне мүмкіндік туғызды. Осыған шүкір дейміз. Аяулы перзент­тері әке жолын жалғастырады, арманын орындайды деп сенеміз.

 

Болатбек Нәсенов,

өлкетанушы-профессор