Астана прокуратурасы электрондық әмияндарда 350 млн теңгеден астам сомаға өз ақшаларын жасырған 170 борышкерді анықтады. Алимент төлеуден жалтару фактілері Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша 30 сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіп, 45 млн теңгеге берешек өтелді.
Прокуратура органдары қадағалау жұмысында балалардың құқықтарын қорғау мәселелеріне ерекше назар аударады. Қоғамның өзекті мәселелерінің бірі – алимент төлеуден жалтару. Бүгінде прокурорлар алимент бойынша борышкерлердің жасырын табыстарын анықтап, оларды қылмыстық жауаптылыққа тартуды жалғастырып жатыр.
Биыл шілде айындағы есеп бойынша 253 мың ата-ананың 367 мың бала алдындағы борышы 19 млрд теңгеге жеткен. Борышкерлер берешекті төлемеуді жұмыстың жоқтығымен ақтап отыр. Шынтуайтында, олардың көпшілігі ресми түрде жұмыссыз және жұмысқа орналасу үшін шара қолданбайды.
Іс жүзінде, қазіргі заманғы табыс көздері, такси және жеткізу қызметтері Яндекс, «Wolt», «Glovo», «Indriver» борышкерлерге еңбек шарттарын жасамастан кіріс алуға мүмкіндік береді. Тіпті әлеуметтік желілер де «Facebook», «Instagram», «Twitter», «TikTok» және «YouTube» жақсы табыс әкелуі мүмкін. Мәселен, оқырмандары көп аккаунт иелері жарнамадан ақша табады.
Борышкерлер балаларды күтіп-бағу жөніндегі міндеттемелерді орындаудан жалтару үшін осындай табыстарын жасырып, ақшаны электрондық әмияндарда сақтайды. Бір жағынан қазір қызметтердің барлық салалары электронды төлем әдістеріне көшті. Былтыр еліміздегі қолма-қол ақшасыз операциялардың үлесі 86,2%, транзакция көлемі 142,6 трлн теңгені құраған. Кірістер карт-шоттарға түседі.
Балалардың мүдделерін қорғау мақсатында прокуратура органдары өз өкілеттіктері шегінде осындай жасырын табыстарды анықтау, борышкерлерді заңда белгіленген жауапкершілікке тарту жөнінде шаралар қабылдауда. Мәселен, Астана прокуратурасы өз ақшаларын жасырған борышкерлерді анықтады. Қылмыстық істердің нәтижесінде 7 борышкерге бас бостандығын шектеу және қоғамдық жұмыстарға тарту жазалары тағайындалды. 2 іс татуласуына байланысты тоқтатылды, тағы 20 істі полиция тергеп жатыр, ал 1 іс соттың қарауында.
Жалпы, жыл басынан бері прокурорлық қадағалау шараларымен 15,5 мың баланың құқықтары қорғалды. Сот орындаушылары олардың пайдасына алимент бойынша 2,3 млрд теңгеден астам қарызды өндірді. Алимент төлеуден жалтарған 1,7 мың борышкер қылмыстық және әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
Айта кетерлігі, биыл 19 маусымда «Кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеуді және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру жөніндегі» заңға өзгерістер енгізілді. Құжатқа сәйкес 1 шілдеден бастап 2026 жылғы 1 мамырға дейін коллекторлық агенттіктерге азаматтардың кредиттері бойынша өндіріп алуға қатысты құқық беруге заң жүзінде тыйым салынды. Ал банктер, микроқаржы ұйымдары мен коллекторлар азаматтардың борыш жүктемесін азайту үшін берешекті қайта құрылымдауы қажет. Сонымен қатар өсімпұлды, комиссияларды кешіру арқылы реттеу рәсімдерін жүргізеді.
«Бұл мораторий проблемалық берешек деңгейін және проблемалық қарыз алушылар санын азайтуға мүмкіндік береді. Бұған дейін азаматтардың кредиттері бойынша төлем мерзімі тұтынушылық кредит 90 күннен, ипотекалық кредит 180 күннен асып кетсе, қаржы ұйымдары өндіріп алу үшін коллекторлық агенттіктерге жүгінетін. Ал коллекторлық агенттіктерге өтіп кеткен азаматтар 2024 жылғы 1 қазаннан бастап берешегін реттеу рәсімдерін жүргізу үшін жүгіне алады. Коллекторлық агенттік борышкердің өтінішін қабылдауға, тіркеуге және қарауға міндетті. Егер ұсынылған мәліметтер жеткіліксіз болса, коллекторлық агенттік 10 жұмыс күні ішінде қосымша мәліметтерді сұратады. Бұл ретте борышкерге оларды ұсыну үшін 5 жұмыс күні беріледі. Құжаттар мерзімінде келіп түспесе, онда коллектор өтінішті қараусыз қалдыруға құқылы. Қағаздардың толық топтамасын ұсынғаннан кейін коллекторлық агенттік күнтізбелік 15 күн ішінде жауап беруге міндетті», делінген Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі хабарлаған ақпаратта.
Ең басты жаңалық – коллекторлық агенттіктер, өсімпұлдар мен төлемдерді азайта алады. Коллекторлық агенттік міндеттемені орындау талаптарын жақсарту талаптарымен біржақты тәртіппен өзгертуге құқылы. Бұл айыппұлдарды, өсімпұлдар мен төлемдерді азайтуды немесе жоюды, қарызды немесе пайыздарды толық немесе ішінара кешіруді, негізгі қарыз бен пайыздық төлемдерді кейінге қалдыруды немесе бөліп төлеуді қамтуы мүмкін.
Егер коллекторлық агенттік осындай жақсарту талаптарын қолданса, онда ол бұл жөнінде борышкерге хабарлауға міндетті. Қарыз алушы қолданылған жақсарту талаптарымен келіспеген жағдайда, хабарламаны алғаннан кейін 14 күн ішінде өтініш жібере отырып, бас тартуға құқылы.