• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Зерде 02 Тамыз, 2024

Алаш полкінің командирі Адамбек Бекмұхаметов тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды

221 рет
көрсетілді

Еліміздің Қытаймен шекаралас Шығыс шетіндегі шағын ғана Зайсан қаласында орналасқан, ескерткіш тақта орнатылған осы бір көне де еңселі ғимараттың бір жарым ғасырлық тарихы мен тағдыры бүкіл өңір тарихымен астасып жатыр. Ол еліміздегі Алаш қозғалысы қайраткерлерінің өмірінен де жақсы сыр шертеді деп айтуға болады. Жұртқа түсі­нікті болу үшін әңгімені сәл әріден бастауға тура келеді.

ХІХ ғасырдың екін­ші ­жартысында Қытай мен Ресей пат­шалығы арасын­да жүргізілген бірқа­тар келіссөзден ке­йін екі империя­ның арасындағы шекара сызықтары айқындалып, мұның өзі халықара­лық сауданың өріс алуына жол ашты. Ресейге қараған қазақ елінің шы­ғысын­да Майқапшағай кеден бекеті пайда болып, ол Зайсан бекінісі аз жылдың ішінде шағын қалаға айналуына үлкен ықпал етті.

Ресей мен Қытай арасындағы сауда­ның дамуына байланысты бұрын негі­зінен әскери адамдар мен олардың отбасылары тұрып жатқан бекініске орыс­тармен қатар сауда мен бау-бақшаға ебі бар татар, өзбек, сарт және жергілікті қазақтар, басқа да халық өкілдері ағылып келіп, қоныстана бастады. Олар сауданың арқасында аз жылда байып шыға келді. Қызыл кірпіштен ою-өрнекті еңселі сәнді үйлер тұрғызды. Осылайша, шағын ғана әдемі Зайсан қаласы пайда болды.

Қала ішінде орыс және мұсылман балаларына арналып мектептер ашылды. Сұранысқа байланысты тері илейтін, сабын, сыра қайнататын, кірпіш шығаратын зауыттар, жүн жуатын фабрика, қалаға ағып кіретін Жеменей өзенінің бойында 3 ұн диірмені пайда болды. Кітапхана, бірнеше сауда орны мен дүкен жұмыс істеді. Зайсан қаласына жақын маңай­дан көмір кені табылып, одан көмір қазы­лып алына бастады. Қала кәсіпшілері басқа жақтан әкелінген темір рудасын өңдеп, оны Қытай, Тибет, Моңғолияға шыға­рып отырды. Қалада қолөнершілер мен шеберлер де көп тұрды. Өңірге таны­­мал құрылыс жүргізуші, сәулетші Баязит Сәтбаевтың басшылығымен сәнді үй салатын құрылысшылар кәсібі қалыптас­ты. Сөйтіп, Зайсан қаласында сауда мен өнеркәсіп қатар дамыды.

Қала шетінде Никольский жәрмең­кесі жылма-жыл мамыр айында жұмыс істеп, оған бір шеті Сібір мен Моңғо­лия, екінші шеті Қытай мен Тибет және Қазақстанның өз ішінен саудагерлер ағылды. Қалада мешіттер мен шіркеулер пайда болды. 1896 жылы Семей мен Зайсан қаласын байланыстыратын телеграф желісі іске қосылды. Дәл осы жылы қала байларының күшімен аурухана ашылды.

Тағы бір қызықты жайт, Қазақстан­дағы ең алғашқы кинозал еліміздің ­шығыс шетіндегі шағын ғана Зайсан қала­сында Сорокин деген бай өнеркәсіп­шінің қаржысымен ашылған екен.

Осы қалада қазақтың алғашқы сауда­герлері мен көпестері, ұлттық бур­жуа­зия­ның бірқатар ірі өкілі өсіп жетілді. Соның бірі кедейден шыққан Бидахмет Бобкин (Бәбікенов) бала жасында татар саудагерлеріне жалшылықта болып, пысықтығының арқасында татар, орыс тілдерін қатар меңгеріп, ержете келе өзі де іс жүргізді. Татар саудагерлері­нен үйренгені бойынша Сібір мен Ресей­дің ірі қалаларында болып, орыстың атақ­ты байы Савва Морозовпен сауда әріптес­­­тігін орнатуға қол жеткізді. Қалада өз басына әдемі тұрғын үйлер және бірқатар дүкен мен сауда орталығын салды. Ресей сауда гильдиясына кіріп, есепке тұру үшін оған фамилиясын Бобкин деп өзгертуге тура келді.

Зайсандағы сауда мен тұрмыстың, ағартушылық білім мен мәдениеттің күрт дамуы нәтижесінде тез жетіліп, ауқаттанған тағы бір бай азамат Бек­мұхамет Сатыбалдыұлы Ташкенттегі медреседе 7 жыл білім алып, онан кейін Уфа қаласындағы бас мүфтиге сынақ тапсырып, патша жарлығына сәйкес «указной молда» атағын иеленіп, елге оралысымен Серғазы өзенінің жағасынан айнымас досы Бидахмет Бобкиннің көмегімен мешіт және 6 бөлмелі үлкен де еңселі медресе-мектеп салып, бала оқыту ісіне белсене кіріседі.

Бұл кезде Столыпин реформасына сәйкес жері құнарлы, бау-бақша өн­дірісіне сұранып тұрған Зайсан өңірінде орыс шаруалары күрт көбейіп, сулы да нулы жерлерді солардың пайдасына алып қою әбден белең алған еді. Жерді алып қоймаудың бір шарты – қазақтардың өз қоныстарында тұрақ­тап тұруы еді. Осыны түсінген көзі ашық Бекмұхамет бала оқытумен қатар қазақтарды отырықшылдандыру ісін де қолға алады. Орыс мұжық­тары қоныстанған Мұжық­су селосына қара­ма-қарсы Жарлы өзе­нінің жағасына ­саман кірпіштен үй­лер тұрғыздыр­тып, отырықшы ауылдың не­гізін қалап, мешітті, медресе мен мектепті ­осында көшіреді. Өзінің жаңашыл бей­несіне сәйкес бұл ауыл Қуаныш деп аталады. Осындағы мектепте Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлы сабақ береді.

Бекмұхаметтің отбасында 1898 жылы Адамбек, 1900 жылы Ғаділбек атты екі ұл дүниеге келген. Бұлар алғашқы бі­лімді Міржақып Дулатұлынан алған. Бек­мұ­хамет кейіннен де Міржақыппен хат-хабар алысып, Алаш қайраткерле­рін қолдаушылардың бірі болады және Міржақыптың кеңесімен Адамбекті Семей қаласындағы мұғалімдер семинариясына түсірсе, Ғаділбекті Түркия­ға оқуға жіберді. Өкінішке қарай, Ғаділ­бек сонда оқып жүргенде көкірек ауруына шалдығып қайтыс болады. «Қара­ғым Міржақып, көзімнің нұры, тірлігім­нің гүлі Ғаділбектің хабарын естіп, есімнен айырылып отырмын. Оны өз пайдам үшін жіберген жоқ едім. Жұртқа қызмет қылсын деп едім. Бақытқа қарсы мезгіл­сіз ажал келді. Ішім күйіп, жүрегім жанып жүр» деп жазады молда Міржақып­тың газетке шығарып жолдаған көңіл ­айтуына орай.

Адамбек те қазақтың сол кездегі ал­ғашқы оқығандарымен бірге жақсы білім алып, ел ісіне араласты. Алаш қай­раткерлерінің қатарынан табылды. 1921 жылы әкесінің досы, қазақтың ірі саудагер көпесі Бидахмет Бобкиннің Санкт-Петербургта оқыған қызы Айшаға үй­ле­нген Адамбек олардың көмегімен Зай­сан бай­ларын Алаш қозғалысына қарай тар­тып, қозғалыстың Зайсан тарапынан көптеген көмек алуына қол жеткізді. Қазақтың оқыған, ел мүддесі жолында қайраткерлік іс бастаған азаматтарына өздері де үйір Зайсан саудагерлері мен байлары Әріп Тәңірбергенов, Тайыр Жомартбаев, Сұлтанмахмұт Торайғы­ров, Міржақып Дулатұлын бастарына іс түскенде елге шақырып, олар­дың осында бала оқытуына, қайраткер­лік қызметтерімен шұғылдануына жол ашып отырды. Ғұлама ойшылымыз Мәшhүр Жүсіп Көпеевтің де Зайсанда бірнеше ай тұрғаны туралы деректер енді ашылып жатыр.

Патша өкіметі құлап, империя ше­гінде әртүрлі идея өріс алып, ұлттық қоз­ғалыстар ұлғайған кезде қазақтың тәуел­сіз ел болу қамын ойлаған Алаш қай­раткерлері атқа мінді. Олар сол тұста өздерін қолдаған қазақ халқының ауқат­ты адамдарының материалдық көмек­теріне мұқтаж болғаны түсінікті. Міне, осындай мұқтаждықты өтеуге зай­сан­дық­тар да белсене үлес қосты. Ел ше­тінде жат­қан Зайсанда алғашқы қазақ газет­те­рін жаздырып алушылар көп болды. Зайсан жеріне Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Райымбек Мәр­се­ков, Отыншы Әлжановтардың табаны ­тиіп, Алаштың уездік бөлімшесінің үш үл­кен басқосуы осындай елге танымал үлкен қайраткерлердің қатысуымен өтті. Қа­зақ­тың тағы бір саудагер байы Жүніс ­Тата­новтың үйі олардың штабына айналды.

Алаштың алғашқы атты әскер жасақ­тарының бірі Зайсанда жасақталып жаб­дықталуында, оның командирі болып осы өңірдің тумасы, Алаш қай­раткері Адамбек Бекмұхаметовтің тағайындалуында да осындай сыр болса керек.

Бекмұхамет ауылындағы мектепте бала оқытқан Міржақып Дулатұлының кейін осы елдің басты адамы Жапабай қажыға жолдаған хатында:

«Ел қайда Төртуылдай өр Найманда,

Бір кезде болып жүрдік біз сайранда.

Ол елдің салтанатын

айтып болмас,

Тұрғандай басын шайқап

ел қайранда.

Қажыға еш адамды тең көрмедім,

Молданы өз әкемнен кем көрмедім.

Ғайни мен Сақыпжамал,

Ғазез бауырларым,

Туғандай бір анадан сендер деймін» деп жазады.

Мұндағы Молда деп отырғаны – Бекмұхамет.

Ғайни, Сақыпжамал, Ғазез – Жапа­бай мен Бекмұхаметтің балалары.

Өкінішке қарай, қазақ жеріндегі ел тізгінін большевиктер алып, енді ғана еңсе тіктей бастаған Алаш қозғалысы­ның күйреуіне орай осы мақалада аттары аталған адамдардың қай-қайсысы­­ның болсын тағдыры қайғылы аяқ­тал­ды. Мұны Адамбектің қызы Халима Бекмаханованың «Мен – бес жасымнан қудалау мен қуғын-сүргінді көріп, со­ның азабын арқалаған адаммын. Құдай­ға тәуба, жасығам жоқ! Жасым 86-да. Ұрпақ өсіріп, шөбере сүйіп отырмын. Бес жасымда әкем Адамбекті «Алаштың офицерісің, Кеңес үкіметіне қарсы ақтың әскерімен бірге соғыстың» деп Семейдің түрмесінде өлтірді. Анам Айша балаларын, әкесінің отбасын қосып, Ташкентке барып тығылды. Осы жерде оны «Алаш офицерінің әйелісің» деп 1938 жылы 26 мамырдан 1939 жылы 5 мамырға дейін түрмеге қамады. Ал нағашы атам – анам Айшаның әкесі Бидахмет Бобкинді 1937 жылы 74 жасында «сен Алаш әскеріне көмектестің, бай, саудагер­сің» деп Ташкентте ұстап, содан хабар-ошарсыз кетті. Қайда, қай жерде қайтыс болғанын білмейміз. Атам Бекмұхамет, әкем Адамбек, анам Айша, нағашы атам Бидахмет, жолдасым Ермұхан – барлығы халыққа қызмет еткен адамдар» деген сөзі еңбек ардагері, Зайсаннан шыққан белгілі ұстаз, қаламгер Көкенай Матжановтың «Бекмұхамет «Указ» молла» мақаласында берілген. Халима – қазақтың атақты тарихшысы Ермұхан Бекмахановтың жары.

Үйін Алаш қозғалысының штабына айналдырған Жүніс Татановты большевиктер өз үйінің ауласында заңсыз, сотсыз атып өлтірген.

1918 жылы Алаш партиясы мүше­лері Зайсанда құрған «Теңдік» атты ұйымының мүшесі және Алаш әскеріне командир болып қызмет еткен, Алаш­тың екі полк әскерінің бірін соғыс өне­ріне жаттықтырған Адамбек Бекмұхаме­тов­тің есімі Зайсаннан шыққан алғаш­қы офицердің бірі болып тарихта қалды. Ал енді оның Алаш қозғалысына қосқан мол үлесі енді ашылып, әйгілене бермек.

Соның алғашқы қарлығашындай болып, жуықта Зайсан қаласында осы өңірдің тарихын жинастырып, хатқа түсіріп жүрген шежіреші, жазушы Қалибек Алтыбаевтың бас­тама көтеруімен Адамбек Бекмұхаметов тұрған, қайын атасы Бидахмет Бобкин салдырған ғасырдан астам тарихы бар үйге ескерткіш тақта орнатылды. Мұны біз Алаш қозғалысының тарихына қосылған үлкен бір ескерткіш ретінде қабылдадық.

 

Сұңғатолла ӘЛІПБАЙ,

Ақпарат саласының үздігі,

Зайсан ауданының құрметті

азаматы