• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тұлға 03 Тамыз, 2024

Сөзі мірдің оғындай

120 рет
көрсетілді

Басығара баласы Қанапия дегенде, көз алдымызға көзі көмір шоғындай, сөзі мірдің оғындай, екі иығына екі кісі мінгендей батыр тұлғалы жігіт елестейді. Шынында, ол қандай кісі болды екен? Өткен күннен қалған ­суреттер жоқ. Бірақ ел аузында сақталған деректер бар.

Сарыарқаның атақты сал-серілері Біржан сал, Жаяу Мұса, Ақан сері, Сегіз сері, Құлтумалардың қатарында қостанайлық әнші-сазгер Қанапияның да болғанын көнекөз қариялар күні бүгінге дейін айтып отырады. Қанапия Қостанай облысының Әулиекөл өңірінде, Қазанбасы орманының Бесағаш деген жерінде туып-өскен. Арғынның ішінде құлқай руына жатады. Атасы Бердібайдан: Медет, Шедет, Басығара туған. Қанапияның өзі төрт ағайынды: Есқожа, Арыстан, Әлекеш деген інілері болған. Өз кіндігінен ұл болмаған.

«Қанапия жүріс-тұрысы шапшаң, қызыл шырайлы, қою қара қасты, қыр мұрынды, кең маңдайлы, ажарлы кісі екен. Ақ шапан, үкілі құндыз бөрік киеді екен. Үкілі домбырасына моншақ тізіп алады екен», дейді кезінде Қанапияның інісі Әлекешпен сөйлесіп, жас кезінде өзі де ол кісіні көрген Қойшыбайұлы Тәңірберген ақсақал. Көзі ашық, көкірегі ояу Қанапияның Біржан салға жазған достық хатынан оның сауатты болғанын байқаймыз.

«Мінсе берік, шапса жүйрік қазанатым,

Құлақ сал Телқоңырға, жамағатым!

Баласы Қожағұлдың Біржан салға,

Жіберген хатпен бұл бір аманатым», деп дәстүрлі жыр үлгісінде басталған өлеңмен жазылған хат осыдан кейін Қанапияның өзіне ғана тән адуынды, өр кеуделі сөздерге кезек береді:

«Мінуші ем кер бестіні, жылқы жия,

Біржанға арнап ақ қағаз, алдым сия.

Сібір мен Орынборға атым шыққан,

Баласы Басығара Қанапия...

Тас бітер тау басына қия-қия,

Қолыма қалам менен алдым сия.

Әдейі бір-екі ауыз Біржанға арнап,

Сөз жазған осылайша Қанапия...» деген Қанапия жыры көпшілікке ой салары анық.

Оның бізге жеткен туындылары қас­қалдақтың қанындай ғана. Бірақ аз да болса, саз екенін айтуымыз керек.

Қанапия атақты ақын Нұрхан Ахмет­бе­ковтің анасы, ақын қыз Әбішпен де айтысқа түскен. Бәлкім, ел ішінен табылып қалуы да мүмкін.

Е.Исмайылов «Ақындар» деп аталатын халық ақындары туралы монография­сында Қостанай өңірінде туып-өскен халық ақындары Нұр­жан Наушабаев, Омар Шипин, Нұрхан Ахметбеков, Сәт Есенбаев шығар­машылығына тоқталады. Нұрхан ақын­ның сөзіне сүйеніп, оның шешесі Әбіш 19 жасында Басығара баласы Қанапиямен айтысып, жеңіп шыққанын атап өтеді.

Ақынның көп сөздері шешендік сөздер қатарына жатады: «Батырмен жолдас болсаң, халқын жауға бермегенін айтады, шешенмен жолдас болсаң, сөз өнерінің өрнегін айтады, мырзамен жолдас болсаң, көңілге жақпайтын қылықты айтады, ұрымен жолдас болсаң, қаныпезер бұзықты айтады, баймен жолдас болсаң, мыңғырған малын айтады, шалдуармен жолдас болсаң, қайдағы мен жайдағыны айтады, шаруамен жолдас болсаң, ботасы мен тайлағын айтады, шебермен жолдас болсаң, ұстарасы мен қайрағын айтады», дейді.

Ауызекі айтқан сөздерінің бірінде: «Бір мәстекті әкеліп, қораға байлап көр, алдына сұлы төгіп, көк шөп салып, бағып-қағып, сылап-сипап күткеніңді ұмытып, жал біткен соң тойынып, алдына барсаң тістеп, артына барсаң теуіп, жаман малды асырасаң, шоқтығына қол апартпас. Жаман адамды сыйласаң, жанына қоңсы қондырмас. Білімсізді мырза десең, құлына санар, жалына жал бітсе, едірейіп шыға келер. Тектіге қызмет етіп, сыйлас болсаң, тарыққаныңда шапағаты тиер», дейді.

Енді бір сөзінде: «Жігіт үйленбей кетпейді, қыздай алғанға жетпейді, қонақ­асы ішілмей кетпейді, шақырып бергенге жет­пейді, дау бітпей кетпейді, би алдына жүгініп, әділдік болмай жығылсаң, өлге­ніңше есіңнен кетпейді», деп көсіледі. Қар­тайған шағында бір жиында отырып жастарға айтқаны:

«Құстай едім бір күнде,

Айдын көлден қу алған.

Біз қу алған ол көлдер,

Осы күнде суалған.

Батыр да болдық бір кезде,

Жігіт жиып, ту алған.

Мырза да болдық бір кезде,

Елдің сыйлап кәрісін,

Бай мен кедей, бәрісін,

Алғыс пенен бата алған.

Жастық дәурен өткен соң,

Күш пен қуат кеткен соң,

Бір сұмырай шал болдық,

Аузы-басымыз қуарған...».

Серінің інісі Әлекештің айтуы бойынша, Қанапия 1840 жылы туып, 1917 жылы наурызда 77 жасында сүзекпен ауырып, қайтыс болған. Атамекенінде жерленген.

Бізбен әңгімесінде ақынның Қостанай қа­ла­сында тұратын жиеншары Үміт Ай­мұ­хам­бетова жасында құлағында қалған біраз жайдан сыр тиегін ағытқан еді.

Қанапия ақынның әкесі Басығара үлкен бай, әрі молда, әрі бақсы кісі болса керек. Ол кісінің бірнеше әйелі болған. Байлығы сонша, суаруға әкелгенде жылқыларының шеті көрінбейді екен, сонда да бәйбішесі су ішкен жылқыға қарап: «Шал-ау, біздің жылқы осы-ақ па?», дейді екен.

Ұлдарының бірі Арыстан аса күшті болса керек. Табан тіреп тұра қалғанда, пар өгіз орнынан қозғалта алмайды екен. Жалғыз ұлы бір салып қалғанынан жан тапсыра жаздапты, содан былай ешкімді ешқашан жәбірлемеуге, қол тигізбеуге ант берген екен.

«Сол Арыстаннан Мұстафа деген ұл, Зейнеп деген қыз туған. Зейнеп – менің әкемнің шешесі. Мұстафадан Смағұл, Ахметбек деген екі ұл туған. Бұл кісілер де – әрі ақын, әрі домбырашы. Смағұл нағашым әрі үлкен молда болған кісі, Меккеге барған, жылан жұтқан бақсы болған деседі. Оның шындығын білмеймін. Облысымызда белгілі молда болды. Ол кісі «Атеист» деген журнал жаздырып алатын. Үшкіргені ем болатын», дейді Үміт.

Қанапия байдың баласы бола тұра, бар малын кедейге бөліп беріп, өзінікі біткеннен кейін басқа байлардың үйір-үйір жылқысын айдап әкеліп, бір түнде сойып, қақтап, терісін далаға таң ата жайып қояды екен, қуғыншы көрсін деп. Келгендерге «Байекеңе айт, Қанапия айдап, сойып алды!» деп қоя береді екен. Ал бірде қуғыншының бірі бой бермей, қол жұмсай бастағанда, оны даладағы бақанға байлап қояды. Шешесі шығып: «Босат, обал болады, ана сүтімді аспанға сауамын, жібермесең», деген соң барып қоя береді.

Қыруар етті кедей-кепшікке бөліп берген сері өзі сол еттен ауыз да тимейді екен. Бұған налыған әкесі Басығара баласына теріс батасын беріпті. Ол айтқаны қалт кетпейтін бақсы екен. Бірде келіндерінің бірі Басығара әулетін балағаттап көкіп келеді екен, оны естіген ақсақал шыдай алмай: «Ой, Құдай, қақ басынан қондырғыр!» деген екен, әлгі әйел кіре бере табалдырықта екі қолымен басын ұстап, жан тапсырыпты. Ел сөзіне сенер болсақ, теріс бата алған Қанапия әрқилы кезеңді бастан өткізсе керек. Жолда тоқтаған ауылдары бірі сыйлап қарсы алса, бірі қорыққанынан асын береді екен.

Бірде мынадай жағдай болыпты.­ Қыс күні бір ауылға байдың үйіне келіп тоқтайды. Далада бөркін шешіп, қам­шы­мен екі құлағын, екі аяғын тартып-тартып жіберіп (әдеті екен), атқосшысына: «Ба­рып, Қанапия келіп тұр деп айт!» дейді.

Қайтып келген оған: «Не деді?», депті.

Ол: «Үндемеді», дейді.

«Ендеше, кірелік!».

Кіріп келсе, екі кісі төрде көсіліп, жас­тық­қа жантайған, алдына ас қойып жатыр екен.

«Былай шығыңыз!» деген үй иесінің сөзінен кейін барып дастарқанға отырады, ана кісілер орын бермейді, сөйлеспей, менсінбей отырғанын білген соң, көзін қысып қалып, атқосшысына белгі береді, ол байқамағансып, шамды сөндіріп тас­тайды. Шырпы іздеп әуре болып, шамды жақса, табақта дым жоқ. Қонақтар бірі қазы, бірі қарта руынан екен.

«Сіз кімсіз?» деген сөзге Қанапия: «Сендер бірің қазы, бірің қарта болсаң, мен жаямын», деп дүрсе қоя беріпті.

Қазақтың шешендік өнеріне таң­дай қаққан зерттеушілердің бірі П.Мелио­ранский: «Қазақтар – шешен әрі әдемі сөйлеудің үлкен шебері. Сөз өнерінің құдіретті иелері – ертекші-әңгімешілерді, импровизаторлар мен жырауларды олар қадір тұтып, ерекше құрметтейді», деп жазған болатын. Осы сөзді Қанапия ақынға байланысты айтуға да болады. Қанапия ақынның бүгінде ел жиі айтатын әні біреу ғана. Бірақ біреу де болса, бірегей ән екендігіне ешкімнің дауы жоқ.

«Жасымнан көп салдырдым қаршығаны,

Аққан тер маңдайымнан тамшылады.

Ныспымыз Қанапия болғаннан соң,

Жиылып өңшең қашқын жамшылады.

Жасымнан қарсы болдым ханзадаға,

Жүйрік ат жараспай ма бозбалаға.

Баласы Басығара Қанапия,

Жем болдым ала қыстай қандалаға», деп ақындығына батырлығын серік қылған азамат ақын ешкімге есесін жібер­мегенге ұқсайды.

Ел аузындағы әңгімелердің бірінде Қанапияға жергілікті дүмше молдалардың бірі жала жабады. Айдай жөнелген жандармдардан қапысын тауып, қашып шыққан Қанапия аулына келсе, екі әйелі де тойда жүрсе керек, молда да сонда болса керек. Қанапия жанына ерген серіктерінің бірі арқылы хабар бергізіп: «Мені жандарммен шайқасып, оққа ұшты, қайтыс болып кетті деген хабар беріңдер», дейді. Әйелдеріне қалай жоқтау айту керек екенін де үйретіп қойған болу керек, олар екі бүйірін тая­нып сұңқылдағанда, естіген елдің етегі жасқа толады. Өлімді жерге пайда іздеп келген дүмше молда Қанапияның үстіне кіріп, қолын ұстай бергенде, бос жатқан екінші қолымен молданы жағынан тартып жібереді. Не болып, не қойғанын аңғара алмай, есеңгіреп қалған молдекең «өліктің» бетіне үңілсе, ол бір көзін бақырайтып ашып қарағанда, молданың есі шығып, бөлмеден тұра қашып, есік алдына барып талып жығылады.

Қанапияның қалың жұртшылыққа әлі кең тарай қоймаған екінші әнін Науырзым ауданындағы Қайғы аулында тұрған қадірлі ақсақал, белгілі әнші Байқоныс Мұхамеджанов жақсы білетін еді. Өкінішке қарай, бұл ән әлі күнге дейін ән жинақтарында жарияланбай келеді.

Аталған әннің мәтіні мынандай:

«Кербесті атқа мінемін жылқы жия,

Абзал қыздар тартады гармония.

Құйқылжытып осы әнге басатұғын,

Басығара баласы Қанапия.

Аяғыма кигенім қажол кебіс,

Сілекейі қалқаның бал мен жеміс.

«Елде сері жалғыз мен» деп жүргенде,

Сұлу қыздың өсегі шығады еміс».

Қанапияның үзік-үзік өлеңдерін ел аузынан жазып алып, осы уақытқа дейін сақтап келген ұрпақтарының бірі Мұстафаның немересі, Ахметбектің қызы – Қаншайым Карменова. Оның айтуына қарағанда, атақты «Қанапия» жырының соңғы шумағы:

«Сары маса біздің елді шағып жатыр,

Қапажан оны білмей не қып жатыр?!

Қызғанған қызыл итке жем болады,

Саумалы сабасынан ағып жатыр», деген жолдар түсіп қалған.

Ал:

«Өтенің өзі жақсы, бала жаман,

Өтіпті бізден бұрын талай заман,

Жүн-жыбыр, қыл-қыбырға үстім толды,

Иә, Алла, құтқар деймін есен-аман.

Өтеке, үйің суық, қораң-дағы,

Суы жоқ дәрет алар құмандағы.

Атыма шөп, астыма төсек те жоқ,

Қосқа қонсам болмай ма мұнан-дағы», деген сөзін Өте деген кісіге айтқан екен.

«Қолыма ақ қағаз бен алдым сия,

Баласы Басығара Қанапия.

Би-ти деп айтқан сөзге түсінерсің,

Сүйгенім, осы хатым бір құпия» деген өлең де, мазмұнынан көрініп тұр­ған­дай, Қанапия жыры екендігі күмән туғыз­бай­­ды. Жалпы, Қанапия ақын ежелгі шы­ғыс ша­йырлары секілді өз есімін шы­ғар­ған өлең­деріне жиі қосып отырған. Жа­сы ұл­ғай­ған шағында мынандай өлең шы­ғар­ған:

«Аспанда ұшып жүрген ақша құрлар,

Мылтықтың білте басса оғы зырлар.

Өлеңді жас күнімде айтушы едім,

Келмейді ұлғайған соң дауыс-мұңдар.

Үлкен жоқ Мұхамедтен, Құдайдан соң,

Қатты жоқ тобылғыдан, ырғайдан соң,

Өлеңді жас күнімде айтушы едім,

Келмейді дауыс шіркін ұлғайған соң.

Ұшады бозша торғай көдені ықтап,

Сөйлейді жақсы жігіт сөзін мықтап.

Жүргенде мұртқа өкпелеп, сақал шық­ты,­

Үстіне жығылғанның жұдырықтап».

Ақын жырлары Біржан сал, Ақан сері, үкілі Ыбырай секілді сал-серілер өлең­дерімен мазмұндас:

«Деуші едім кәрілік келмес маңайыма,

Орта жүз, атым шықты талайына,

Бұл күнде қыз-келіншек қырын тартты,­

Кірген соң ақ-нысана самайыма.

Біздерге елу деген танылды өсек,

Халықтікі рас екен, есептесек,

Қырық асып, елу жасқа кіргеннен соң,

Кісіге жарамайды бөтен төсек».

Қанапия ақын сол тұстағы көп ақын­дар жоралғысымен әйелдер туралы да өлең жазады. Әйелдің ұстамдысы, ақыл­ды­сы ғана ер жігітке бақ әкелетінін айта келіп:

«Қатының жаман болса, басың қатар,

Демей-ақ үлкен кісі, атыңды атар.

Кәпірден құтылатын еш хайла жоқ,

Кеш болса, сүйретіліп бірге жатар.

Естисің қатыныңның ақырғанын,

Артынан «мұнда кел!» деп шақыр­ға­нын.

Уақытың бар болса да, кемшілік көп,

Тізесін оңаша үйде батырғанын».

Осындай мәнді сөздері, сәнді әуендері қалған саңлақ ақын ел жадынан шығуы мүмкін емес.

 

Ақылбек ШАЯХМЕТ,

ақын, әдебиеттанушы