Қазақстан-Өзбекстан сарапшылары басқосып, екіжақты ынтымақтастық пен аймақтық интеграцияның өзекті мәселелерін талқылады. Кеңес отырысы Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің Қазақстанға сапары және Орталық Азия мемлекеттері басшыларының 6-шы Консультативтік кездесуі қарсаңында ұйымдастырылып отыр.
Іс-шараға Өзбекстан Республикасының Президенті жанындағы Стратегиялық және өңіраралық зерттеулер институтының, Өзбекстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің жанындағы Экономикалық зерттеулер және реформалар орталығының, «Транскаспий халықаралық көлік маршруты» халықаралық қауымдастығының, «Kazenergy» қауымдастығының, Орталық Азияның Өңірлік экологиялық орталығының (ОАӨЭО), Орталық Азияның Мемлекетаралық үйлестіру су комиссиясының (МҮСК ҒЗО), «Атамекен» ҰКП өкілдері қатысты.
Жиында алғаш болып сөз алған Президент жанындағы ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов сараптамалық кеңес белгілі бір мәселелерді талқылау алаңы ғана емес, сондай-ақ бірлескен дамудың тиімді тетіктері ұсынатын ортаға айналуы керек екенін атап өтті. Әрі екіжақты ынтымақтастық аясындағы басқосудың мақсат-міндетін айқындады.
– Қазақстан мен Өзбекстан президенттері 2022 жылдың желтоқсанында одақтастық қатынастар туралы келісімге қол қойды. Сараптамалық кеңесте ел басшыларына одақтастық қатынастың болашағын анықтауға көмектесуіміз керек. Қазақстан мен Өзбекстанның қарым-қатынасы 5, 10, 50 жылдан кейін қандай болады? Бұдан тараптар азаматтары не ұтады? Одақтастық қатынастар дегеніміз не? Екі елдің қарым-қатынасы Орталық Азия аймағының интеграциясына қалай әсер етеді? Мәселен, шекаралық бақылау рәсімдерін жеңілдету арқылы трансшекаралық ынтымақтастықты дамыту қажет. Атап айтқанда, Ташкент – Шымкент, Ташкент – Тараз, Ташкент – Алматы, келешекте Ташкент – Астана пойыз бағытын іске қосуды ойластыру керек секілді. Бұл ынтымақтастық мультипликативті нәтиже береді және басқа да аспектілерді жандандырады. Сондықтан бірлескен іргелі зерттеулер жүргізуді ұсынамын. Бұған қоса елдеріміздің жастары одан әрі дамуды қалай көреді? Осы сұрақты да назарға алу қажет. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін елдеріміздің жастары туралы бірлескен ауқымды зерттеулер жүргізілмейді. Ортақ саясатты қалай құруымыз керек? Осы тұрғыда азаматтарымыздың көңіл күйін түсінуіміз керек. Бірлескен іргелі зерттеулер жүргізуде бізде үлкен әлеует бар деп есептеймін, – деді ол.
Сондай-ақ ҚСЗИ директоры келесі кеңестерде суды пайдалану және су-экологиялық қауіпсіздік саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың нақты мәселелерін талқылауды, Ауғанстан бойынша бірлескен шешімдерді әзірлеуді, бірінші кезекте инфрақұрылымдық жобаларды, ауыл шаруашылығын дамыту форматын және екі елдің үкіметтері үшін стратегиялық бағдар әзірлеуді ұсынды.
Өз кезегінде Өзбекстан Республикасының Президенті жанындағы Стратегиялық және өңіраралық зерттеулер институтының директоры Эльдор Арипов Өзбекстан мен Қазақстанның сарапшылық қауымдастықтары арасындағы диалог тұрақты және жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын айтты.
– Біз бұл кеңеске үлкен үміт артамыз. Қазақстан тарапынан ҚСЗИ және Өзбекстан тарапынан СӨЗИ- екіжақты ынтымақтастықтың маңызды бағыттары бойынша диалог жүргізуге қабілетті, біздің кездесулерімізді мәнді және мазмұнды ете алатын жетекші екі құрылым. Өзара ынтымақтастықтың келешегі зор бағыттарының қатарында көлік коммуникациясын дамыту мен осы салада келісілген саясатты қалыптастыру, ортақ энергетикалық нарық құру бар. Қазақстан мен Өзбекстан Орталық Азия аймағында бірінші болып екіжақты қарым-қатынастарды одақтық деңгейге көтерді. Елдер арасындағы саяси диалог Жоғары мемлекетаралық кеңес форматында институттандыру кезеңіне өтті. Біздің мемлекетіміздің өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі көптеген мәселе бойынша ұстанымдары сәйкес келеді. Сонымен қатар елдеріміздің өңірлік даму логикасы аясында ғана бірлесіп шешуге болатын проблемалары бар. Бұл біздің елдерімізді аймақтық ынтымақтастықтың локомотивтеріне айналдырады, – деді Эльдор Арипов.
Осылайша, отырысқа қатысушылар ынтымақтастықтың жаңа векторларын анықтады. СӨЗИ директорының бірінші орынбасары Акромжон Нематов қазіргі таңда әлем басынан өткеріп отырған халықаралық қатынастар жүйесінің күрделі дағдарысын шешу аймақ үшін басты міндет екенін жеткізді.
– Біз сенім дағдарысының, халықаралық институттар тиімділігінің төмендеуінің куәсі болып отырмыз. Әлем тағы да саяси және экономикалық блоктарға бөлінді. Протекционистік шаралар күшейіп, инфляция жоғары деңгейде қалып отыр, ресурстар таусылады. Осы факторлардың шоғырлануы әлеуметтік-саяси шиеленістің күшеюіне әкеледі. Жаһандық және аймақтық дағдарыстар, сауда шиеленістері және қаржыландырудың күрделі тұсында әлемдік шетелдік инвестициялар ағыны 2023 жылы 2%-ға қысқарды. Ал Азия елдерінде, біздің төңіректе 8%-ға төмендеді. Қазіргі таңда халық саны мен экономика өскен сайын энергияға деген сұраныс артып отыр. Бүгінде электр энергиясы саудасы арқылы сұраныстың 2,5 пайызы ғана қанағаттандырылған. Бұл аймақтағы өзара қосылу мүмкіндігінің 40 пайызын ғана құрайды. Сауда көлемінің мұндай аздығы нарықтық алаңның жоқтығы мен аймақтық желіні басқару сапасының төмендігінен, инфрақұрылымның ескіруінен және үйлестірудің нашарлығынан, – деді сарапшы.
Жиында тараптар аймақтық өнеркәсіптік кооперацияны, халықаралық өндірістік және логистикалық тізбектерге интеграцияны дамытудың практикалық шараларын тізбектеді. Сараптамалық кеңес жұмысының нәтижелері Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуде, сондай-ақ Орталық Азиядағы өңірлік интеграцияны нығайту да маңызды.