Атырау облысындағы байырғы кәсіпорынның бірі – мұнай өңдеу зауыты. Байырғы дейтініміз, 1945 жылдан бері жұмыс істеп тұр. Әрине, технологиялар ескіреді. Сол себепті 2001 жылдан бері үш рет жаңғырту жүргізілді.
Толымды 9 жоба
Зауыт іске қосылған 80 жылға жуық мерзімде шығарылатын тауарлы мұнай өнімдерінің түрі көбейді. Рас, мұнай өңдеудің түрлі үдерісі бар. Технология да көп. Өз ісін жетік білетін мамандар сұйытылған көмірсутекті газ, автомобиль жанармайы, дизель, реактивті қозғалтқыштарға арналған, пеш пен кеме отындары, вакуумдық газойль, мазут, мұнай коксы, техникалық күкірт, параксилол мен бензол секілді сан алуан өнім шығарып келеді. Қазір зауыттың мұнай өңдеу қуаты жылына 5,5 млн тоннаны, ал өңдеу тереңдігі 86,4 пайызды құрап отыр.
2022 жылы зауыттың 32 технологиялық қондырғысына жүргізілген кең ауқымды жоспарлы жөндеу жұмыстары 5 млн 224 мың тонна шикі мұнайды өңдеуге кедергі келтірген жоқ.
Зауыт ұжымы кен орындарынан өндірілген көмірсутекті шикізатты терең өңдеп, тұтынушыға 1 млн 262 мың тонна АИ-92, АИ-95, АИ-98 маркалы жанармай ұсынды. Бұдан бөлек 1 млн 469 мың тонна дизель, 132 мың тонна реактивті отын, 126 мың тонна сұйытылған газ және бар. Осындай өнімдердің сапасы К-4 және К-5 экологиялық класының талаптарына сәйкес келеді.
«Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС бас директоры Ғалымжан Жусанбаевтың мәліметінше, биыл қаңтар-маусым аралығында кәсіпорында 2 млн 911 мың тонна шикізаттық мұнай өңделді. Тауарлық өнім шығару көлемі 2 млн 632 мың тоннаны құрады. Оның ішінде АИ-92 бензині 671 мың 728, АИ-95 жанармайы 115 мың 132 тоннаға жетті. Сондай-ақ 878 мың 963 тонна дизель отыны, 106 мың 021 тонна сұйытылған газ, 184 мың 888 тонна вакуумды газойль шығарылды. Мұның сыртында 95 мың 296 тонна әуе отыны, 22 мың 651 тонна бензол мен параксилол – 107 мың 617 тонна параксиол бар.
«Қазір біздің зауытта мұнай өңдеу тереңдігі 86,6%-ды құрап отыр. Өңделген шикізаттың жалпы көлеміндегі ашық түсті мұнай өнімдерінің үлесі – 68,6%. Өнім өңдеу тиімділігін арттыруға, өндірісті дамытуға бағытталған 9 жобаны жүзеге асыру жоспарланды. Оның ең маңыздысы – 3 жылдық жөндеу аралық кезеңге көшу жобасы. Бұл жобаны іске асырудың бірнеше пайдасы бар. Біріншіден, зауыт үздіксіз жұмыс істейді. Екіншіден, мұнай өңдеу көлемі 5,5 млн тоннадан 6,7 млн тоннаға дейін жетеді. Үшіншіден, ашық түсті мұнай өнімдерін шығару көрсеткіші 65%-дан 77%-ға дейін артады», дейді Ғалымжан Жусанбаев.
«Advanced Process Control» игілігі неде?
Тағы бір жоба – зауыттың энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы мақсатта қуаты 154 МВт болатын газтурбиналық электр стансасын іске қосу жоспарланып отыр. Арнайы комиссияның тексеруінен кейін зауытты электрмен жабдықтаудың сенімділігін арттыру үшін бірнеше іс-шара жүзеге асырылды. Ең бірінші кезекте 220 кВ ашық тарату құрылғыларында секциялық ажыратқыш «қосулы» күйге келтірілді. Одан кейін қайталама қосу схемалары түзетіліп, монтаждалды. Бұған қоса 0,4 кВ қосалқы стансасының өз қажеттіліктерін іске қосу-баптау жұмыстары жүргізілді. Мұның ізін ала электр желісі кернеуінің қысқамерзімді төмендеуі кезінде маңызды динамикалық жабдықтың «қайта іске қосылу» схемалары енгізілді. Жүргізу-реттеу аппаратурасы мен жиілікті реттеуші жетектердің схемалары да тексерілді. Содан кейін қажетті есептеулер жүргізіліп, релелік қорғаныс пен автоматика құрылғылары орнатылды.
Зауытта 2020 жылдан бері технологиялық үдерісті басқарудың жетілдірілген жүйесі енгізіле бастады. Мамандардың түсіндіруінше, халықаралық терминологияда «Advanced Process Control» (АРС) атымен белгілі технологиялық үдерісті басқарудың жетілдірілген жүйесі «автопилот» секілді жұмыс істейді. Қондырғының технологиялық режімін берілген шекте тұрақты ұстап тұрады. Автоматты режімде қондырғыны жүктеудің, бағандар мен пештердегі температураның тұрақты өлшем шарттары, қондырғыдан шығатын ағымдардың сапа өлшемшарттары бақыланып тұрады.
Мұның тиімділігі неде? Біріншіден, мұнай өнімдерінің өндірісін ұлғайтуға ықпал етеді. Екіншіден, энергия ресурстарын тұтыну көрсеткіші төмендейді. Үшіншіден, технологиялық үдерісті басқару кезінде адами фактордың әсері азаяды. Төртіншіден, өнім сапасы жақсарады.
Тазарту тиімділігі артады
Ал биыл технологиялық үдерісті басқарудың жетілдірілген жүйесі Атырау мұнай өңдеу зауытының бірнеше қондырғысына енгізіліп жатыр. Қазір бензинді гидротазарту және каталитикалық риформинг қондырғысында, ал ПҚОП-тың мұнай өңдеу қондырғысында енгізу жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр.
Сондай-ақ зауытта жабық типтегі ағынды суларды механикалық тазарту қондырғыларын реконструкциялау жобасы іске асырылды. Мамыр айының соңында кешен толық қуатына шықты. Реконструкциялау нәтижесінде тазарту жүйесінің қуаты екі есе артты. Қазір сағатына 1 000 текше метрге жетеді. Ал мұнай шламын өңдеу көлемі айына орта есеппен 12 000 текше метрді құрайды.
Мамандардың пікірінше, жаңартылған қондырғыны іске қосу тазарту тиімділігін арттырады. Сөйтіп, биологиялық тазарту қондырғысына жіберілетін ағын судың құрамындағы мұнай өнімдері мен қалқымалы заттардың мөлшерін шекті рұқсат етілген төгінділер нормативтеріне сәйкестендіруге мүмкіндік береді.
Маман даярлау – маңызды бастама
Атырау мұнай өңдеу зауыты басшылары жас мамандарды даярлауға да баса мән беріп отыр. Осы орайда «АРЕС» жоғары колледжімен «АМӨЗ тағылымгері» жобасын іске асыруды қолға алған. Қазір аталған жоба аясында 60 студент білім алады.
«Тәлімгерлеріміз – өз ісінің шеберлері. Оқу үдерісі ұнайды. Бұрын зауыт туралы тек оқығаным болмаса, мұнда келмеген едім. Колледжде білмеген, көрмеген нәрселерді зауыттан көрдім. Жаңа әріптестермен таныстым. Болашақта технологиялық қондырғының операторы болғым келеді», дейді жобаға қатысушының бірі Қуанышбек Жамалиден.
Нұсқаушы-тәлімгер Юрий Милёхиннің айтуынша, оқу бағдарламасы өте ауқымды.
«Онда ЭЛОУ АТ-2 және ЭЛОУ АВТ-3 секілді алғашқы өңдеу қондырғылары, шикізатты екінші рет өңдейтін қондырғылар қамтылды. Біз студенттерге қондырғылардың құрылымы, технологиялық үдерістердің ерекшелігі, жабдықтардың мақсаты мен жұмыс қағидаты туралы кеңірек айтамыз. Жоба басталғалы бері студенттер қондырғылардың жұмысы жөнінде мол мәліметке қанықты. Тіпті өздері қондырғылардың схемасын сызып, оны түсіндіріп бере алады. Әрине, дайындық деңгейі студенттердің ынтасына байланысты ғой. Алайда көбінің білім алуға құштарлығы бар», дейді ол.
Атырау облысы