Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының ұйымдастырумен Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының базасында «Егінжай күні» ғылыми-практикалық семинары өткізілді. Дала төсінде өткен бұл іс-шараға ғалымдар, агрономдар, фермерлер мен сарапшылар жиналып, ауыл шаруашылығындағы толғақты мәселелер төңірегінде ой қозғады. Аграрлық саланың озық технологиялары орналастырылған ауыл шаруашылығы көрмесімен танысты.
Су ресурстарын тиімді басқару маңызды
«Ауыл шаруашылығының тұрақты дамуы: су ресурстарын тиімді және қауіпсіз басқару» деп аталған осы жиынға қатысушылар су тапшылығының негізгі себептерін, оның ел экономикасы мен азық-түлік қауіпсіздігіне әсерін талқылап, мәселені шешу жолдарын қарастырды.
Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, елдің су ресурстарының жартысына жуығы мемлекеттен тыс жерде қалыптасып отыр.
«Дүниежүзілік банк сарапшыларының дерегінше, 2030 жылға қарай еліміздегі су ресурстарының көлемі 15 пайызға қысқарады, бұл елдің ұлттық қауіпсіздігіне төнетін басты қатерлердің біріне айналады.
Біздегі жалпы су тұтыну көлемінің 70 пайызы ауыл шаруашылығына жұмсалады. Егер кешенді түрде су ресурстарын тиімді басқаруды үйренсек, онда су тұтыну көлемін кемінде 50 пайызға қысқартып, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін 1,5 есе арттыра аламыз. Бұл теория емес, бұл біздің озық шаруашылықтарымыздың нақты көрсеткіші. Мұның бәрін біз бүгін тәжірибе алаңдарында көрдік», деді ҰҒА президенті.
Арналардың көбі (78 пайызы) топырақтан қазылады, сол себепті, ағын судың шамамен 40 пайызы тұтынушыға жеткенше жерге сіңіп кетеді. Суармалы жерлердің тек 20 пайызында су үнемдеу технологиялары қолданылады, оның ішінде тамшылатып суару 5,4 пайызға тең. ҰҒА басшысы ішкі жалпы өнімнің 1 долларына шаққанда еліміз Ресейден 3 есе, АҚШ-тан 6 есе көп су жұмсап отырғанын айтты. Суармалы жердің жай-күйі тіптен қиын. 1991 жылмен салыстырғанда, олардың ауданы үштен бірге қысқарды немесе 846 мың гектардан астам жер айналымынан шығарылды, бұл негізінен су жетіспеушілігінен және олардың мелиоративтік жағдайының нашарлауынан болып отыр, дейді Ақылбек Күрішбаев.
Өңір әлеуеті артып келеді
«Бүгінгі іс-шара аграрлық ғылымды жетілдіру жолындағы тағы бір қадам ретінде заманауи технологиялар мен өсімдік сорттарын пайдалану мүмкіндіктерін кеңейтеді. Ауыл шаруашылығы – облыс экономикасының негізгі драйвері, себебі тұрғындардың 84 пайызы ауылда тұрады», деді алқалы жиында сөз алған Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.
Өңір басшысының мәліметінше, биыл бірінші жартыжылдықта өнімнің жалпы шығарылымы 190,1 млрд теңгені құрап, нақты көлем индексі 106,5 пайызға жеткен. Облыс республика бойынша ауыл шаруашылығында жалпы өнімнің көлемі бойынша 12,1 пайыз үлесімен 2-орында. Осы жылы егіс алқабы 461,6 мың гектарға жетті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,2 мың гектарға артық. 2024 жылы экономикалық өсімнің 6 пайызын қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығындағы өнімділікті арттыру маңызды. Бұл ретте, шаруаларды жоғары сапалы аудандастырылған және мол өнім беретін сорттық тұқымдармен үздіксіз қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі.
Суармалы жер аумағы кеңейеді
Қазақстанда суармалы жер ауданы шамамен 1,6 млн гектар, бұл елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз дейді Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз.
«Суармалы жер аумағын 2030 жылға қарай 2,5 млн гектарға дейін кеңейту жоспарланып отыр. Қазір министрлік жаңа Су кодексінің жобасын әзірлеу бойынша жұмыс істеп жатыр. Заңнамадағы басты назар елдің су-ресурстық әлеуетін қамтамасыз ету үшін су ресурстарын сарқылудан және ластанудан қорғауға бағытталады. Негізгі міндеттерге суды үнемдеу саясатын қалыптастыру, сұранысты басқару, қоғамдық бақылауды жүзеге асыру, ғылыми негізделген тәсіл, басқарудың экономикалық тетіктері, құрылыстарды пайдалану қауіпсіздігі және тазартылған сарқынды суларды қайта пайдалану бағыттары енгізілді», дейді вице-министр.
Тағы бір маңызды міндет – фермерлерді суды үнемдейтін жабдықтармен қамтамасыз ету. Бұл күнде республика аумағында жаңбырлату машиналарын шығаратын екі отандық зауыт жұмыс істейді – «BNK Group LTD» ЖШС (Түркістан облысы) және «ADAM manufacturing» ЖШС (Астана қаласы). Сондай-ақ «Kazakh Invest» АҚ Жамбыл облысы мен Атырау қаласында су үнемдеу технологияларын шығаратын зауыттар құру мақсатында қытайлық «Vodar» компаниясымен және түркиялық «AFKO» компаниясымен жұмыс жүргізіп жатыр.
Жеңілдетілген несие көлемі артты
Биыл алғаш рет көктемгі егіс жұмыстарына жеңілдікпен несие беру көлемі жылдық 5 пайызбен 580 млрд теңгеге дейін жеткізілді. Бұл жаңалықты Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов сүйіншіледі.
«Өткен жылдары бұл көлем 180 млрд теңгеден аспаған. Егіс жұмыстарын қаржыландыруға 304 млрд теңге бағытталды. Биылдан бастап агроөнеркәсіп кешені субъектілеріне жылдық «таза» 5 пайызбен несие беру үшін сыйақы мөлшерлемелерін тікелей субсидиялау тетігі енгізілді. Бұл туралы көп айтылды, өйткені көбіне фермерлер субсидиялауға қаражат болмаса, толық мөлшерлемені 22 пайызбен және одан жоғары төлеуге мәжбүр болады. Енді көктемгі дала жұмыстарына бірден 5 пайыз несие алуға болады. Сондай-ақ отандық өндірістің ауыл шаруашылығы техникасының жеңілдетілген лизингі бағдарламасы «ҚазАгроҚаржы» арқылы 100 млрд теңге сомасында «таза» жылдық 5 пайызбен іске қосылды», деді ол.
Тыңайтқыштарды қолдануды ұлғайту үшін 2024 жылғы наурыздан бастап отандық тыңайтқыштарды аванстық субсидиялау тетігі енгізілді. Онда фермерлер алдын ала арзандатылған тыңайтқыштармен қамтамасыз етіледі. Субсидия нормасы 50 пайыздан 60 пайызға дейін көбейтілді. Қазірдің өзінде жоспар 1,5 млн тонна болса, 1,1 млн тонна тыңайтқыш енгізілді. Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында элиталық тұқымдар үлесі 2024 жылы 7,1 пайыздан 9 пайызға дейін өсті. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2024 жылғы 30 мамырда 2028 жылға дейінгі ауыл шаруашылығы дақылдарының селекциясы мен тұқым шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары қабылданды. Кешенді жоспарда тұқым шаруашылығындағы жүйелі проблемаларды, оның ішінде селекция мен тұқым шаруашылығының заңнамалық базасын жетілдіру, аграрлық ғылым жүйесін зерттеу қызметінің заманауи әдістеріне көшіру және білім беру бағдарламаларын жаңарту есебінен шешу жөніндегі шаралар көзделген.
Еркін пікір алмасу алаңында айтылған ұсыныстарды Ұлттық ғылым академиясы мұқият зерделеп, болашақта ғылыми зерттеулердің тақырыптарын әзірлеу үшін пайдаланбақ. Сондай-ақ басқару шешімдерін қабылдау барысында және Үкімет пен мемлекеттік органдарға ұсыныстар дайындау кезінде ұтымды ұсыныстар ескеріледі. Ақылбек Күрішбаев ғылыми ұйымдар қазіргі және келешектегі проблемаларды шешуде фермерлердің, су саласы қызметкерлерінің шынайы серіктесі бола алатынына сенім білдірді.
Алматы облысы