• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Несие 09 Тамыз, 2024

Кәсіпкерге несие беру талабы жеңілдеді

79 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Жолдауда нақты секторға кредит берудің жыл сайынғы өсімін 20% және одан жоғары деңгейде қамтамасыз ету, сондай-ақ бәсекелестікті арттыру үшін 3 шетелдік банкті тарту жөнінде маңызды міндетті белгілеген еді. Осы орайда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахманов 2024 жылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша несие беру нарығындағы жағдай және бизнеске кредит ұсынуды кеңейту жөнінде мәлімет берді.

Бизнесті несиелеудегі белсенді ойыншылар кімдер?

Нақты секторға кредит беру­ді кеңейту мақсатында агенттік Ұлт­тық банкпен және басқа да мүдделі тараптармен бірлесіп банктерді пруденциялық ынта­лан­дыруға, қорландыру базасын әртараптандыруға, синди­кат­талған кредит беру мен қоса қар­жыландыруды ке­ңей­туге, тәуе­келді баға­лау рәсім­­­дерін одан әрі цифр­лан­ды­­ру­ға ба­ғыт­талған шаралар ке­ше­нін қабылдады.

«1 шілдедегі жағдай бойынша эконо­ми­каға берілген кредит жыл басынан бері 7,1%-ға ұлғайып, 30,1 трлн тең­гені құрады. Экономика­ға кредит құ­рылымында бизнес­ке кредит 4,5%-ға, 11,8 трлн тең­геге дейін ұлғайды. Оның ішінде шағын және орта бизнес (ШОБ) субъектілеріне берілетін кредит 3,2%-ға, 5,9 трлн теңгеге дейін, жеке кәсіпкерлік кре­диті 23,1%-ға, 1,9 трлн теңгеге дейін өсті. Ірі биз­неске берілетін кредит бойынша 0,9%-ға шамалы төмендеу байқалады, бұл не­гізінен осы санаттағы банктердің бірі­нің ШОБ қарыздары санатына қайта жік­те­луіне байланысты», дейді Нұрлан Әбдірахманов.

Ай­туынша, кредит берудің өсуі бар­лық дерлік салада байқа­ла­ды. «Halyk Bank», «Центр кре­дитбанкі», «Forte», «Kaspi», «РБК» кор­поративтік кредит беру нары­ғын­да неғұрлым белсенді ойыншылар болып саналады. Олар порт­фель өсімінің және бизнеске жаңа кредиттің негізгі көлемін қам­тамасыз етті.

 

Негізгі үрдістер

Кредит беру нарығындағы не­гізгі оң үрдістер былай жіктеледі:

Бірінші. Бизнеске беріл­ген кредит бойынша мөлшерлеме­лер­дің біртіндеп төмендеуі бай­қалады, бұл ақша-кредит та­лаптарының жеңілдетілуіне байланысты. Өткен жылғы маусым айында бизнеске берілген кредит бойынша орташа алынған мөлшерлеме 19%-ды құраса, осы жылғы маусым айында ол 18,6% деңгейінде қалыптасты.

Екінші. Құнның төмендеуі аясында ірі бизнес тарапынан банктердің кредиттік ресурсына сұраныс өсімінің жеделдеуі байқалады. Нәтижесінде, 2024 жылғы бірінші жартыжылдықта ірі бизнеске жаңа қарыздар беру 2023 жылғы ұқсас кезеңмен са­лыстырғанда 21,7%-ға ұлғайды.

Үшінші. Бизнеске кредит беру мерзімі біртіндеп ұл­ғайып жатыр. Корпоративтік порт­фельдегі 1 жылдан 5 жылға дейін­гі мерзіммен бизнеске бе­ріл­ген қарыздар үлесі бір жыл ішінде 2023 жылғы 1 шілдедегі 34,6%-дан осы жылғы маусымның қо­рытындысы бойынша 36,3%-ға дейін ұлғайды.

Төртінші. Бизнестің кредиттік өтінімдерін қарау үдерістерін оңайлату, банктердің скорингтік модельдерін жетілдіру жөніндегі банктердің белсенді жұмысының нәтижесінде бизнеске кепілсіз кредит беру үлесінің өсуі бай­қалады. Олардың жаңа кредит беру­дегі деңгейі 2023 жылғы бірін­ші жартыжылдықтағы 15,8%-дан 2024 жылғы бірінші жар­ты­жылдықта 20,3%-ға дейін өсті.

Бесінші. Бизнес субъектілерін банктік кредит берумен қамтуды кеңейту үрдісі жалғасын тапты. Мәселен, 2024 жылдың 5 айында қарыз алушы ШОБ субъек­тілерінің саны 491 мыңға дейін, 7%-ға өсті. Жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің жалпы санындағы қарыз алушы – ШОБ субъектілерінің үлесі (2,0 млн бір­лік) 2023 жылғы 22,2%-дан ұл­ғайып, 24,3%-ды құрады.

Алтыншы. Бизнеске берілген кредит портфелінің сапасы жақ­сарды. 90 күннен астам төлем мерзімі кешіктірілген қарыз­дар үлесі маусым айының қоры­тындысы бойынша жыл ба­сындағы 2,3%-дан 2,2%-ға дейін төмендеді.

 

Реттеушілік шаралар игілігі

Агенттік Ұлттық банкпен және банктермен бірлесіп банк­терді корпоративтік кредит беруге белсенді қатысуға ынталандыру үшін реттеушілік шара­лардың жаңа кешенін әзірлеген. Реттеушілік шаралар шеңберінде ШОБ жобаларына кредит беру және синдикатталған кредит беру кезінде банктердің капиталына қысымды төмендету мақсатында қабылданған осындай қарыздар бойынша тәуекел-саралауды төмендету көзделген.

«2026 жылғы 1 қаңтарға дейін ШОБ субъектілерінің қарызы бойынша тәуекел-саралау коэф­фи­циенттері 75%-дан 50%-ға дейін, синдикатталған қарыз бо­йынша 100%-дан 50%-ға дейін тө­мендетілді. Бұл бизнеске кре­­дит беруге 127 млрд тең­геге дейін қосымша қаражат бө­луге мүмкіндік береді. Банк­тер қа­­лыптастыратын провизия­лар деңгейін төмендету үшін мәж­­бүрлеп қайта құрылым­дау өлшем­шарттарын қай­та қа­рау ар­қылы оларды есептеуге қойы­ла­тын талаптар жеңілдетілді. Енді мәжбүрлеп қайта құрылымдауға жеңілдікті кезеңді беру не ұзарту, кредит бойынша бір немесе бірнеше төлемді 60 күннен астам мерзімге кейінге қалдыру осы қайта құрылымдау нәтижесінде NPV-ның 10%-дан астам төмен­деуіне әкеп соқтыратын қарыздар жатады. Мұндай шара банк­терге клиенттердің кредитіне қатысты неғұрлым икемді болуға мүмкіндік береді және кредит берудің ұлғаюына ықпал етеді», деді Әбдірахманов.

Әкімшілік кедергілерді азай­ту және кредит беру туралы шешім қабылдаудың жедел­дігін қамтамасыз ету үшін қаржы­лық есептілік пен салық декларациясы арасындағы елеулі ал­шақтықтарды салыстыру және сипат­тау бойынша талап 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін кейінге қал­дырылды. Реттеуші кредиттік тәуекелді бағалау рәсімдеріне қойы­латын талаптарды, оның ішінде кепілді қабылдау және қарыз беру шеңберінде кепілге қарап тексеруді жүргізуге, тәуел­сіз бағалаушылар тарапынан кепілмен қамтамасыз ету құнын бағалаудың объективтілігін қам­тамасыз етуге қойылатын талаптарды жеңілдетті.

 

Мемлекет пен жеке сектор интеграциясы

Банктерді ұзақмерзімді қор­ландыруды кеңейту және биз­нестің инвестициялық жобаларына кредит беру мүмкіндіктерін кеңейту үшін агенттік Ұлттық банкпен бірлесіп нарықтық мөл­шерлемелер бойынша банк­тердің облигацияларына зей­нетақы активтерін инвести­циялау тетігін әзірледі. Осы мақ­­саттарға бағыттау жоспарланып отырған зейнетақы ак­тивтерінің жалпы көлемі 7 жылға дейінгі мерзімге шамамен 500 млрд теңгені құрайды. Берілген қаражат экономиканың басым салаларындағы бизнестің ин­вестициялық жобаларына кредит беруге бағытталуға тиіс.

2024 жылғы маусымда Мем­лекет басшысы синдикатталған кредит беру тетігін одан әрі дамыту үшін агенттік әзірлеген заң­намалық түзетулерге қол қойды.

Банктерде кредит беруді ма­құлдау рәсімдерін оңтайландыру және жеңілдету – жұмыстың маңызды бағыты. Кредит беруді цифрландыру шеңберінде банктерді «Smart Bridge» платформасы және электрондық Үкімет арнасы арқылы мемлекет­тік дерекқорлармен интеграциялау жалғасады. Қазір банктердің ақпараттық жүйесін заңды тұлғалар, жылжымайтын мүлік, салық деректері, лицензиялау, заңды тұлғалардың кірістері бо­йынша қолданыстағы және жаңа сервистермен ықпалдастыру іске асырылды.