Солтүстік Қазақстан облысында 75 мың оқушы білім алатын 458 мектеп бар. Соның ішінде биылғы оқу жылында 10879 оқушы әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардан шыққан. Былтыр олардың саны 9560 болған еді.
Биыл қоғам тарапынан қайырымдылық көмек күтетін әлеуметтік қорғалмаған және аз қамтылған отбасылардан шыққан мектеп жасындағы балалар саны былтырғыдан 1 300-ге артып отыр. Бұл туралы облыстық білім басқармасының басшысы Айнагүл Сұрағанова айтты.
Бұрын қоғам тарапынан материалдық көмек «Мектепке жол» атты акция арқылы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардың балаларына, мұндай көмек алмаса да жан басына шаққандағы табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балаларына, отбасыларда тұратын жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға берілетін. Ал биыл осы санаттарға төтенше жағдай салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балалар кірді. Көктемдегі тасқынның әлегімен көптеген отбасының балалары мектепке қажетті дүниелерінен айырылып қалды. Мемлекет тарапынан отбасына материалдық көмектер берілгенімен оқушылардың қажеттіліктері ескерілмеген еді. Енді сол олқылықты «Мектепке жол» акциясы арқылы өтеу қолға алынып отыр. Сондықтан биылғы қайырымдылық көмек алуға тиісті балалар саны былтырғыдан асып түсті. Акция 1 тамызда басталып, 30 тамызға дейін жалғасады. Былтыр көмек қоры 337,4 млн теңге болса, биыл көмек көлемін 472,2 млн теңгеге жеткізу жоспарланған. Акция ұраны «Жақсылық жасаңыз!» деп аталады.
«Мектепке жол» акциясы аясындағы көмектің негізгі бөлігі бюджет қаражаты есебінен (жалпыға бірдей білім беру қоры) және қайырымды азаматтардың демеушілік қаражаты есебінен көрсетіледі. Жалпыға бірдей білім беру қоры аясында білім алушылар мен тәрбиеленушілерге киім, аяқкиім, мектеп керек-жарағын сатып алу үшін ата-аналардың есепшотына ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен емес мөлшерде қаржылай және материалдық көмек көрсетіледі.
Былтыр акция аясында барлығы 15 236 оқушыға көмек көрсетілді. Көрсетілген көмектің жалпы сомасы 404,8 млн теңгені құрады, соның ішінде 5 676 оқушыға бюджеттен тыс қаражаттан 17,0 млн теңгеге көмек көрсетілсе, 9 560 бала бюджет қаражатынан 387,8 млн теңгеге көмек алды. Бұл қаражатқа мектеп, спорт формалары, аяқкиім және кеңсе тауарлары сатып алынды.
Қысқасы, осы акцияның арқасында 15 мыңнан астам оқушының әлеуметтік себептермен мектепке бармауына жол берілмейді. Облыс кәсіпкерлері арасында тұрақты демеушілік көмек көрсететін ақ жүректі азаматтар да бар. Білім басқармасының басшысы Айнагүл Сұрағанова осындай көмекті үнемі көрсететін «Мамбетов және К» серіктестігіне, «Петропавл арақ зауыты» АҚ, «АЗКО», «Буденное СК», «Раисовское» ЖШС, «Астық Привольный», «Западное СК», «ES Global agro», «Тахтаброд», «Адани Агро», «Достастық» серіктестіктерінің, «Эдил» компаниясы, «Азия-Тарангул» ЖШС, Визигина ЖК, «Хантемір-Агро», «Заградовское», «Прометей-Агро», «Бромот С.В.» ЖК және тағы басқа ұйым басшыларына алғыс айтатынын жеткізді. «Олардың көмектері – ел болашағына құйылған капитал. Еліміздің өркендеуі – оқушылардың ештеңеден тарықпай жақсы білім алуына тікелей байланысты. Сондықтан жанашыр азаматтарға айтар алғысымыз шексіз», деді А.Сұрағанова.
Әлеуметтік қолдауды қажет ететін оқушылардың ата-аналары тиісті құжаттарын мектепке өткізгеннен кейін жәрдемақы тағайындалады. Оның мөлшері 43 407 теңге. Бүгінгі таңда облыста осындай біржолғы жәрдемақы алуға үміткер 10 879 оқушы анықталып отыр. Олардың саны әлі өсері сөзсіз. Алайда жәрдемақы алған ата-аналар қаражатты алған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде білім беру ұйымына қаражаттың нысаналы пайдаланылуын құжаттармен растауы талап етіледі.
Солтүстік Қазақстан облысы