• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Шымкент 10 Тамыз, 2024

Жылыжай кешені бой көтереді

34 рет
көрсетілді

Республиканың үшінші мегаполисінде ауқымы үлкен жылыжай кешені бой көтереді. Осынау маңызды жоба Түркия инвесторларымен бірлесіп жүзеге асырылып отыр. Құрылыстың басталуына орай ұйымдастырылған салтанатты іс-шарада Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков пен «Alarko Holding» компаниясының президенті Йылдыз Умит Нури болашақ кешеннің іргетасына капсула салу рәсіміне қатысты.

Жылыжай мегаполис ірге­сіндегі «Бозарық» индус­триялық аймағында салынады. Ол қызанақ өсіретін Қазақстан былай тұрсын, Орталық Азиядағы ең ірі жылыжай кешендерінің бірі болмақ. Мамандардың айтуынша, жобаның инвестициялық құны – 650 млн доллар. Кешеннің жалпы ауданы – 650 гектар.

Шаһар басшысы өз сөзінде жобаны жүзеге асыру мегаполистің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ауыл шаруашылығының дамуына және бағаның тұрақталуына ықпал ететінін айтты. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Жолдауда айтып өткен инвестиция тарту, егін шаруашылығына су үнемдейтін озық технологияларды енгізу секілді тапсырмаларды орындауда бұл жобаның маңызы ерекше екеніне тоқталды.

«Ел айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы. Біздің стратегиялық мақсатымыз – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орта­лық­тың біріне айналу. Осы мақсатқа қол ­жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз болмайды. Алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізу міндеті тұр. Өнім өңдеуге ынталандыру үшін салық саясатын қайта қарау маңызды», деді мегаполис басшысы.

Жылыжай кешені жылына 155 мың тонна өнім өндіруге қауқарлы. Жоба­ның бірінші кезеңі пайдалануға беріл­геннен кейін 2 мыңға жуық жұмыс орны құрылып, толық іске қосылғанда 5 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылады. Өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдері негізінен шаһардың базарлары мен сауда нүктелеріне, содан соң еліміздің өзге аймақтарына жөнелтіліп, шетелге де экспортталады. Экономикалық даму­дың басты мақсаты халықтың әлеуметтік жағ­дайын жақсарту болса, бұл жоба сол мін­детті өз деңгейінде атқарып шығады деген сенім мол. Бұрын көп жағдайда қызанақ пен басқа да жылыжайда өсетін ауыл ша­руашылығы өнімдері сырттан келетін еді. Енді мегаполис осы жоба арқылы им­порт­таушы емес, экспорттаушы аймақ­қа айналуға ниетті. Жо­ғарыда айтып өткеніміздей, қаланың өзін ғана емес, тұтас республиканы бағасы арзан, эколо­гиялық таза, нағыз табиғи өнім­дермен қамтамасыз етеді деген үміт басым.

Инвесторлар құрылыс мерзімін қысқарту үшін Шымкентте жылыжай салуға арналған конструкцияларды шығаратын зауыт ашуды көздеп отыр. Сонымен қатар жоба аясында халықаралық стандартпен ауыл ша­руа­шылығы мамандарын даярлайтын мамандандырылған академия да есігін айқара ашады.

Шымкент қалалық ауыл шаруа­­шы­лығы және ветеринария басқарма­сы­­ның мәліметінше, бүгінде қала аумағын­да 19 өнеркәсіптік және 28 фермерлік ­жылыжай бар. Олардың жалпы аума­ғы 100 гектар аумақты құрайды. 2023 жы­лы өнімділікті арттыру мақсатында жы­лыжайларға мемлекет тарапынан көп­теген қолдау көрсетілді.

Сонымен қатар биыл егін шаруашы­лығы саласын мемлекеттік қолдауға жергілікті бюджеттен 143 млн теңге қаржы қаралған. Оның ішінде:

- минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялауға – 122 млн теңге;

- тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялауға – 20 млн теңге;

- пестицидтердің, биоагенттердiң (энтомофагтардың) құнын субсидия­лау­ға 600 мың теңге бөлінді.

Одан бөлек, былтырдан бастап жылыжайда өсірілетін көкөніс дақылдары­ның маусымаралық айналымы кезеңін­де электр энергиясы, көмір мен газ шы­ғындарының 20 пайызын субсидиялау қайта қолға алынды. Былайша айтқан­да, бір кездері төленіп келген гектарлы субсидиялау қаражаты диқандарға қайта­дан беріле бастады. Ауыл шаруашылы­ғы басқармасы мамандарының тарат­қан мәліметіне сүйенсек, өнеркә­сіп­тік жылыжайдың 1 гектарына 8 млн, фермерлік жылыжайдың 1 гектарына 4 млн теңге субсидия қаралған. Гектар­лы субсидия дегеніміз, міне, осы. Яғни ди­қан 1 гектар аумаққа жылыжай өнімін ексе, жоғарыда аталған көлемдегі қаражат­ты міндетті түрде субсидия есебінде ала­ды. Ол қаржы мемлекет есебінен диқан­ның жылыжайды жылытуға кеткен шығы­нын өтеу үшін төленеді.

Өнеркәсіптегі 8 млн мен фермерлік жылыжайға арналған 4 млн теңге субсидия – тұрақты баға. Егін салған диқанның әрбір гектарына қарай осы бағадағы субсидия беріліп отырады. Өткен жылы жылыжай шаруашылығымен айналысатын мегаполис фермерлеріне гектарлы субсидиялау қаражатын беру үшін қазынадан 768 млн теңгеге жуық қаржы қаралған. Жалпы, агроөнеркәсіп – дотациялы сала. Қай заманнан бері осылай келе жатыр. Тек біздің ел емес, дүниежүзінің бар­лық мемлекетінде ауыл шаруашылығы мемлекет қолдауымен өмір сүріп келеді. Өйткені бұл сала табиғат пен климатқа қатты тәуелді. Тәуекелі көп сала болғандықтан өнім де, табыс та құбылмалы болып тұрады.

Біздің елдің фермерлерге көрсетіп жатқан қолдауы жыл сайын жүйеле­ніп келеді. Былтыр ғана жылыжай шаруа­шылығы иелерінің қаншама жыл айтып келген өтініш-тілектері қанағаттандырылып, гектарлы субсидиялау төлемі қайтадан іске қосылды. Сарапшылар сөзінше, ендігі жерде мемлекет осыншама көмек көрсетіп жат­қан соң, шаруалар да соған қарсы қадам жасап, бағаны арзандатқаны дұрыс сияқты. Бұрын жылыжайда қызанақ, қияр өсіретін диқандар Өзбекстан, Түрік­менстаннан келетін өнімдер өте арзан, сондықтан баға жағынан бәсекелесе алмай жатырмыз дейтін. Енді фермерлер жеткілікті деңгейде көмек ала бас­тады. Субсидия арқылы шығындарын жапты. Соған орай шамалы бағаны түсіріп, көрші мемлекеттердің арзан өнімдеріне бәсекелестік туатын шығар деген үміт те жоқ емес. Ал арзан баға үшін болған бәсекелестік бәрінен бұрын қарапайым халықтың қалтасына тиімді. Үкіметтің жасап отырған экономикалық саясатының бір бағыты осы болса керек.

 

ШЫМКЕНТ