• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Байқау 13 Тамыз, 2024

Желден энергия өндіретін жоба

67 рет
көрсетілді

«Мұрагер» мамандандырылған мектеп-лицей интерна­тының оқушы­лары АҚШ-та өткен «Champions Award» роботтехника чемпионатында қола медальға қол жеткізді. Жерлес жас ғалымдарымыздың киіз үй іспетті генератор жобасы топ жарып шықты.

Талантты оқушылардың желді жан-жақтан ұстайтын генератор жобасы қолданысқа енсе, өндіріске әрі ауылдағы шаруашылыққа тиімді тұсы көп болмақ.

– Инновациялық генераторымыз қазақтың киіз үйі іспетті. Конус пішінінің арқасында желді жан-жақтан ұстайды. Ауылдық жерде, әсіресе ел­дің солтүстігінде қатты жел тұр­­са, ескі магистралдық же­лі­лер істен шығып қалады. Біз­­­дің жоба жеке сектор мен ауылдық елді мекендерде электр энергиясының үзілу мә­­­­се­­л­есін шешуге бағытталған. Сол табиғи құбылысты пайдалы механизмге бағыттауды көздедік. Жобаны бұрыннан бар көп жүзді ротордың негі­зінде жасадық. Бізде «жел диірменінің» бірнеше нұсқа­сы болды. Төртбұрыш, дөңге­лек тәріздес түрлерінің бар­лығын тәжі­рибеден өткіз­дік. Тиімділігін жел­дің жылдам­дығына байланысты қозға­лысына қарай есептедік, – дейді команданың білікті инженері Санжар Сәрсембаев.

Жас ғалымдар статисти­калық мәлі­мет­терге қол жеткі­зіп, тиімділігін де есептеп қойып­ты. Жалпы, еліміздегі жел­дің орташа жылдамдығы қа­лыпты жағдайда секундына 6 метрге дейін жетеді екен. Демек еліміздің жел-энерге­тикалық әлеуеті жылына 929 млрд КВт-ты құрайды дейді олар. Жас озаттар сол себепті биікте соғатын жел энергиясын пайдалану қажеттігін растап отыр.

Оған қажетті қондырғылар арқы­лы станса құрып, жел қуа­ты­нан өнді­рілетін электр энер­гия­сын шаруа­шы­лық­та, жы­­лыжай­да кәдеге жаратуға әбден болады. Осы­лай­ша, электр қуа­тының тапшы­лы­ғын азайта берсек дейді.

– Чемпионатқа әлемнің 20 елінен 700-ден астам оқушы қа­тысты. Жарты жылдан астам уа­қыт дайындалсақ та, үшкүндік жарыс біз үшін өте қызықты өтті. Алғашында қобалжыдық. Бірақ ішкі қорқынышты жеңіп, қабілетімізді көрсете алдық. Роботтар ойынында көшбасшылар қатары­нан кө­рін­дік, – дейді қатысу­шы­лар­дың бірі Акбар Ермеков.

Оқушылар жобаларын, ең алдымен, металлургия кәсіп­орнының инженерлеріне та­ныстырған. Инже­нерлер де, мемлекеттік университеттегі ғалымдар да оң баға беріпті.

Елімізден барған үздік оқу­шы­лар жарыс кезінде «MIT», «Boston University» және «Harvard» секілді беделді оқу орын­­дарының инженерлік фа­куль­теттеріне барып, профес­сор­лармен танысып шыққан.

Жоба жетекшілері жел мен күн, су энергиясы секіл­ді сарқылмайтын энергия көз­де­рін қолданысқа енгізуді әлі де маңызды деп айтып отыр. Әсіресе жел энергиясы та­биғат балансын сақтауда аса тиімді көрінеді. Енді озат оқу­шыларымыз жаңа жобаларын жеке кәсіпкерлердің назарына ұсынбақшы.

Мемлекет басшысының тапсырма­сымен әзірленген «Жасыл Қазақ­стан» ұлттық жобасы да осыны көз­дейді: ең алдымен экологияны жақ­сар­ту керек деген ұстанымға негіздел­ген. Ал «Жасыл» экономиканы дамы­тудағы басымдықтардың бірі – жаң­ғыр­малы энергия көздері. Жас ғалым­дарымыздың жобасы осыны мақсат етеді.

 

Қарағанды облысы