Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында жергілікті өзін-өзі басқару мәселелеріне, соның ішінде қоғамдық кеңестердің қызметін өзгертуге айрықша назар аудару қажеттігін атап айтқан болатын.
Бүгінде қоғамдық кеңестер жұмысы Мемлекет басшысы ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасымен үйлесім тауып, олар мемлекет пен қоғамды байланыстырушы көпірдің біріне айналып отыр. Мұны «Қазақстан Республикасындағы қоғамдық кеңестердің қызметі туралы Ұлттық баяндама – 2023» ресми құжатында келтірілген деректер айғақтайды. Мысалы, өткен жылы «Қазақстандық қоғамдық даму институты» коммерциялық емес акционерлік қоғамы жүргізген әлеуметтік сауалнамаға қарағанда, қоғамдық кеңестерге жүгінудің нәтижелілігі туралы сұраққа респонденттердің 87,8 пайызы оң жауап берген. Бұл елімізде қоғамдық кеңестер жобасын іске асыру тиімді екенін көрсетеді. Бұған қоса, қоғамдық кеңестер қызметін теріс бағалайтын азаматтар саны жылдан-жылға азайып келеді. 2022 жылы респонденттердің 43,8 пайызы қоғамдық кеңестер қызметі формалды сипатқа ие деп санаған болса, былтыр бұл көрсеткіш 21,7 пайызға дейін төмендеген. Дегенмен қоғамдық кеңестердің жұмысын бұқаралық ақпарат құралдарында жазып-көрсетіп, танымалдылығын арттыру ісі кемшін соғып тұрғаны анық. Себебі респонденттердің 49,9 пайызы ғана қоғамдық кеңестер қызметі туралы хабардар болып шықты. Халықтың 19,9 пайызы қоғамдық кеңестер қызметі туралы ештеңе білмейді. Сауалнамаға қатысқандардың 82,1 пайызы маңызды әлеуметтік мәселелерді талқылау үшін әртүрлі деңгейдегі қоғамдық кеңестерге жүгінбеген. Азаматтардың тек 15,8 пайызы ғана әлеуметтік маңызды мәселелерді шешу үшін өздері тұратын елді мекендердегі қоғамдық кеңестермен бірлесе жұмыс істеген.
Азаматтардың қоғамдық кеңестердің мүшелері туралы хабардарлығы да көңіл көншітпейді. «Еркіндік қанаты» қоғамдық қоры жүргізген әлеуметтік сауалнама нәтижесіне сүйенсек, барлық респонденттің 52 пайызы қоғамдық кеңестердің бірде-бір мүшесін атай алмаған. Соның ішінде Астана қаласы тұрғындарының 84 пайызы және Алматы қаласы тұрғындарының 69 пайызы қоғамдық кеңестер мүшелерінің ешқайсысын білмейді екен. Ал Ақтөбе облысында респонденттердің 36 пайызы жергілікті қоғамдық кеңестердің кем дегенде бір мүшесін танитынын мәлімдеген.
Әлеуметтік сауалнамаға қатысқан қоғамдық кеңес мүшелері халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарын қолдау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, елді мекендерді абаттандыру мәселелерін шешуде анағұрлым табысқа жеттік деген пікір білдірген. Сондай-ақ өндірісті дамыту, мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсарту, нашақорлық, маскүнемдік, қаңғыбастық сияқты теріс әлеуметтік құбылыстармен күрес, қала құрылысы, этносаралық және конфессияаралық келісімді сақтау, тұрғын үймен қамтамасыз ету, мәдениет және демалыс, шағын және орта бизнесті дамыту, құқықтық тәртіп пен қауіпсіздік, азық-түлік бағасын реттеу, адам құқын қорғау, қоршаған ортаны қорғау, жұмыспен қамту, денсаулық сақтау, жол салу және жөндеу, білім беру мәселелерін шешуге оң ықпалымыз тиді деп санайды.
Қоғамдық кеңестердің сыбайлас жемқорлықтың алдын алудағы рөлін күшейту мәселесі өзекті болып отыр. Қоғамдық кеңестер мүшелері өздерінің осы бағыттағы жұмысының тиімділігі төмен болуының мынадай себептерін көрсеткен: сатып алуды ұйымдастыру және өткізу үдерісіне араласуға немесе шешім қабылдауға заңды өкілеттіліктерінің болмауы, бюджетті жоспарлау кезінде нақты биліктерінің болмауы, сатып алуды және тапсырыстарды орындауды нақты бақылау мүмкіндігі берілмегені.
Осыған орай «Қоғамдық кеңестер туралы» заңға мемлекеттік органдар басшыларына ҚК ұсынымдарына уәжді жауап беру үшін жауапкершілік жүктеу, сыбайлас жемқорлық фактілерін және мүдделер қақтығысын болдырмау мақсатында қоғамдық кеңестер мүшелеріне сатып алу рәсіміне қатысуға байланысты құқық беру, жергілікті деңгейде құқық қорғау органдарының басшыларын тыңдауды ұйымдастыру және оның қорытындысы бойынша құқық бұзушылықтар мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске бағытталған шешімдер мен ұсынымдар қабылдау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органға нормативтік-құқықтық актілердің жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізу үдерісіне қоғамдық кеңестер мүшелерін қатыстыру мәселелері бойынша толықтырулар енгізу ұсынылып отыр. Қоғамдық кеңестер мүшелері заңнаманы жетілдіру қоғамдық кеңестер қызметін жетілдірудің ең басты шарты деп санайды.
Қоғамдық кеңестер сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды жандандыруға да ерекше назар аударып отыр. Мысалы, Өскемен қаласының қоғамдық кеңес отырысында қалалық әкімдіктің бөлімдерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қызмет мәселесі қызу талқыланған. Әсіресе тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің жұмысына шағым көп екеніне баса көңіл бөлініп, мердігер ұйымдардың атқарған жұмыстарының сапасына және кепілдік міндеттемелерінің сақталуына бақылауды күшейту жөнінде ұсыныстар берілген.
ҚҚДИ жүргізген әлеуметтік зерттеуге сәйкес «Қоғамдық кеңес мүшесі болғыңыз келе ме?» деген сауалға респонденттердің 61,2 пайызы оң жауап берген. Бұл – қоғамдық сана жаңғырып, азаматтық қоғамның белсенділігі артып келе жатқанының айғағы. Сонымен қатар «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі қоғамдық кеңестер мүшелері арасында жүргізген сауалнама қоғамдық кеңестер жұмысына бюджет қаржысы жеткілікті қарастырылмағандықтан, оны қажетті ресурстармен қамтамасыз ету қажеттілігі туындағанын көрсеткен. Респонденттердің көпшілігі қоғамдық кеңестер жұмысына кәсіби сарапшыларды тарту үшін бюджеттен қаражат бөлудің маңыздылығын атап өткен. Өйткені қазір қоғамдық кеңестер жұмысына сараптамалық білімі бар белсенді азаматтарды тарту қиынға соғып тұр. Бұл ретте сарапшылар мемлекеттік органдардың қолдауы арқылы қоғамдық кеңестер мен үкіметтік емес ұйымдардың ресурстары мен әлеуеттерін біріктіру маңызды деп есептейді.
Қоғамдық кеңестердің заңды мәртебесінің нақты айқындалмағаны да – өзекті мәселенің бірі. Бұл оның жеке мөрі мен электрондық цифрлық қолтаңбасының және өзіндік бюджетінің болуына кедергі келтіріп отыр. Осындай қиындықтарға қарамастан, өз жұмысын жолға қоя білген қоғамдық кеңестер бар. Мысалы, «Еркіндік қанаты» ҚҚ жүргізген сауалнама Ақтөбе облысының ҚК-сіне маңызы бар мәселелерді шешу үшін респонденттердің 22 пайызы жүгінгенін анықтаған. Бұл Алматы қаласымен салыстырғанда 7 есе және республика бойынша орташа көрсеткіштен 5,5 есе артық. Өткен жылдың бірінші жартысында Ақтөбе облысының қоғамдық кеңесі 64 отырыс өткізіп, онда мемлекеттік органдар мен ұйымдарға қатысты 90 ұсыныс шығарылған, 13 қорытынды ұсынысы бар 10 қоғамдық тыңдау, 50 қорытынды ұсынысы бар 55 қоғамдық мониторинг өткізілген, барлық деңгейдегі 96 әкімнің есебі тыңдалған, келіп түскен 12 өтініштің барлығы дербес, яғни мемлекеттік органдардың ұстанымын күтпей-ақ қаралған. Аталған қоғамдық кеңестер өз мүшелерін әлеуметтік желіде азаматтар сынға алған мәселелерді жедел шешуге белсенді түрде жұмылдыру, сондай-ақ мемлекеттік органдардан жауап алуда табандылық көрсету нәтижесінде жұртшылық арасында айтарлықтай беделге ие болған.
Түйіндей айтқанда, еліміздегі қоғамдық кеңестер қалыптасып, даму кезеңін бастан өткеріп жатыр. Олардың жұмысына қолбайлау болып отырған қаржыландыру, іс-сапарлар үшін ақы төлеу сияқты түйінді мәселелер шешімін тапса, қоғамдық кеңестердің ықпалы арта түсетіні сөзсіз.