• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Абай 13 Тамыз, 2024

Кітапханадағы хакім тойы

357 рет
көрсетілді

Осыдан төрт жыл бұрын Мемлекет басшысының ыждағатымен 10 тамыз «Абай күні» деп бекітіліп, мерекелер қатарына қосылды. Бұл күні еліміздің әр түкпірінде хакімнің мұрасы жан-жақты насихатталып, ән-жыры шырқалады. Мәселен, Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада «Адамзаттың Абайы» атты ауқымды іс-шара өтті.

Орайлы тұста ойға түсірейік. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ақынның 175 жылдық мерей­тойында сөйлеген сөзін­де Абайдың тұлғалық және қоғам­дық даму үдерісінің қозғаушы күші екенін жеткізген еді. «Абай – мемлекет ісінің мүдделесі, бірлігі жарасқан жұрт болу идея­сының жақтаушысы. Ол өз шы­ғармалары арқылы ел еңсесін тіктеуге зор үлес қосты. Ұлы ақын ұлтты ұйыстырып, әділетті қоғам құруға үндейді», деп ойшылдың асыл мұрасын ардақтау, оны сан қырынан дәріптеу – барша­мыз­дың міндетіміз екенін, оның әр сөзіне жете мән беріп, астарына үңіліп, парасат-пайымына бойлай білу қажеттігін айтқан болатын.

Соған орай Ұлттық акаде­мия­лық кітапхана да хакімнің болмысы мен шығармашылығына қатысты кешенді іс-шараларды жүзеге асырды. Соның бірі – «Абай – тұтас бір әлем» тақырыбындағы кітап көрмесі. Онда абайтану саласындағы үздік зерттеу жұмыстары мен ақын туралы жазылған көркем шығармалар ел назарына ұсы­нылды. Көрме Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Қалқатай Құмарбектің орын­дауын­дағы Абайдың әні «Сегіз аяқ­пен» басталып, белгілі өлкетанушы, қаламгер Қалибек Алтыбаевтың «Абай әлеміне саяхат» кітабының таныс­тырылымымен жалғасты. «Бұл – хакімнің жүрегіне терең бойлау үшін әр оқушы мен мұғалімнің қолында болуы тиіс кеңесші кітап. Сынып сағаттарын осы кітап сұрақтарымен түйіндеп, ойындық тәсіл арқылы қорытып отыру ақын ілімінің бала санасына сіңуіне оң ықпалын тигізеді», дейді жазушы Жанат Елшібек.

Сонымен қатар академик Шерубай Құрманбайұлының модераторлығымен ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Шәкір Ыбыраевтың «Абайтанудың заманауи дамуы жайында» тақырыбында дәрісі өтті.

Қазіргі таңда ақын шығар­ма­лары шет тілдеріне кешенді түрде тәржімаланып, әлемнің бе­делді кітапханаларына жібе­ріліп, ондағы елшіліктердің жанынан Абай орталықтары ашылып жатыр. Соған орай, кітапханада «Абай өлеңдері әлем тілдерінде» атты іс-шарасы болып өтті. Онда ақынның «Ғылым таппай мақтанба» өлеңі әлемнің тоғыз тілінде оқылды.

Ақынның шығармашылық әлеміндегі негізгі мақсұты – адам тәрбиесі. Осы тұрғыдан алғанда ұлт ұстазы ретінде Абайдың ағартушылық қызметін баса айтқан жөн. Ақын өзінің ғақ­лия­ларында білім-ғылым ісіне қадам басу үшін талап керегін, оның шарттары барын еске салады. Оқу-өнерге құштарлық арман-аңсармен шектелмейді. Оны танып-біліп, көңілге түйгеннің мәні айрықша. Әсіресе өмірлік ұстанымның қалыптасар тұсында жас баланың тәрбиесіне жіті көңіл бөлу керектігін айтады. Бұл тұрғыда Абайдың ересектерге ғана емес, жас ұрпаққа да түсінікті болуы маңызды. Осы мақсатта Назарбаев уни­вер­ситетінің профессоры Гүлтас Құрманбай кітапхананың кіш­кентай оқырмандарымен «Бала Абай» атты сторителлинг жанрында ашық сұхбат өткізді.