• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Сұхбат 14 Тамыз, 2024

Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ: Экономиканы әртараптандыруға басымдық береміз

574 рет
көрсетілді

Ұлытау облысының құрылғанына үш жылға аяқ басты. Өңірдегі экономикалық даму қандай деңгейде? Іркілістер мен ілкімді істер тура­лы аймақ басшысы не дейді? Осы орайда Ұлытау облысының әкімі Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫМЕН сұхбаттастық.

– 2022 жылы Ұлытау облысы құрылды. Аймақ халқы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімін шат­тана қарсы алды. Содан бері екі жыл кейін қалды. Шыны керек, көпшіліктің арасында қазіргі кезде екіұдай көңіл күй бар. Сондықтан Ұлытау облысы құрылған кездегі нақ­ты жағдай қандай еді? Сөзді осыдан бас­тасақ...

– 1997 жылы таратылған Жезқазған облысын қайта құру туралы қоғам өкілдері дүркін-дүркін мәселе көтеріп жүрді. 2022 жылы Наурыз мерекесі қарсаңындағы халыққа жариялаған Жолдауында еліміз­дің басшысы бұл түйінді тарқатты, «бұ­рынғы Жезқазған облысының территориясында Ұлытау облысын құру туралы» шешімін жариялады. Халық бұл жаңалықты зор қуанышпен қабылдады. Бұл түсінікті еді. Ширек ғасырдан аса тиісті қамқорлықтан қағажу қалған өңір халқына облыстың құрылуы керемет әсер сыйлады. Бірақ уақыт дамудың даңғыл жолы болмайтынын, кедергілер мен қиын­шы­лықтарды еңсеруге тура келетінін көр­сетті.

2022 жылы екі облыстың бюджетін бөлу кезінде Ұлытау облысының бюджеті небәрі 97,8 млрд теңгені құрады. Ал бұл сол кездегі 560 млрд теңге құрайтын Қарағанды облысы бюджетінің 18%-ы ғана болатын.

Сол жылы біздің өңірде Жезқазған қаласында жылу желілерін ауыстырудан басқа жоғарыдан қосымша қаражат сұрайтын бірде-бір жоба болған жоқ. Басқаша айтқанда, 2022 жылы өңірді дамытудың жобаларын түзумен өтті. Нәтижесінде, Ұлытау облысын дамытудың кешенді бағдарламасы жасалды, бағ­дар­лама ел Президентіне таныстырылды, қолдау тапты, Үкімет тарапынан бекі­тілді. Өткен жылдан бастап сол бағдарламаны іске асыра бастадық.

Сіздің «облыс туралы көпшіліктің көңілінде екіұдай көңіл күй бар» дегеніңізді жақсы түсініп отырмын. Кейбір кісілер облысты тек Жезқазған қаласына қарап бағалайтын тәрізді. Бұл дұрыс емес. Ал облыс орталығындағы нақты жағдай қандай? Мұнда негізгі үш өткір мәселе бар, бұл халыққа таза ауызсу беру, жылу мәселесін шешу және экология ахуалын дұрыстау деп санаймын.

Жезқазған қаласында 1995 жылдан бері ауыстырылмаған жылу құбырлары бар екен. Қазір қаланың 8 нүктесінде ескірген желілер ауыстырылып жатыр. Мұның өзі бір тоқтап, бір жүріп жатады. Неге? Өйткені материалдардың бағасы қымбаттап кетеді, кейде қажетті бөлшектер таптырмай қалады. Қосымша қаржы тарту, керекті құрал-жабдықтарды жеткізу кәдімгідей уақыт алады. Мұны екінің бірі біле бермейді.

Сіз білесіз бе, 2022 жылы салынып, пайдалануға берілуге дайын тұрған үйді тұрғындарға берген жоқпыз. Өйткені ол үйлерді жылу желісіне қосатын болсақ, сол аумақта орналасқан үйлер жеткілікті деңгейдегі жылусыз қалатын еді.

Биыл облыс орталығында 60-қа жуық көше жөндеуден өткізілді. Бұлардың бәрі дерлік – шағын әрі қаланың шеткері аймақтарында орналасқан көшелер. Басты көшелердегі жолдарды күрделі жөн­деуден өткізу үшін алдымен жылу, су, кәріз жүйелерін дұрыстап алмасақ болмайды. Қазір бұл мәселелер шешімін тауып жатыр.

Енді арада өткен екі жылдағы облыстың қаржылық қуаты туралы айтар болсам, биылғы бюджет 203,7 млрд теңгені құрады. Мұның ішінде 89 млрд теңге нысаналы трансфет десек, 114,7 млрд теңге немесе бюджеттің 56,3%-ы – меншікті кірістер. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда облыс бюджетінің 2 есеге өскенін көрсетеді.

– Осы ретте әлемге әйгілі алып «Қазақмыс» компаниясының, Жәйрем кен байыту комбинаттарының облыстың дамуына қосып жатқан үлестері туралы не айтасыз?

– Әрине, өндірістік компаниялардың облыс экономикасындағы орны айрықша. «Қазақмыс» Қазақстандағы ең ірі мыс өндіруші және әлемдегі жетекші 10 мыс өндірушінің бірі саналады. Пайдалы қазбаларды өндіруге және өңдеуге маманданған Жәйрем кен байыту комбинаты да – қорғасын-мырыш, темір-марганец кен орындарын біріктіретін еліміздегі полиметалл кендерінің ең ірі учаскелерінің бірі. Бұл компанияларда 40 мыңнан аса адам жұмыс істейді. Ұлытау облысы құрылғалы бері жалпы мемлекеттік бюджетке аталған компаниялардан 285 млрд теңгеден аса, соның ішінде 90 млрд теңгеден астамы Ұлытау облысының бюджетіне түсті. Нақтылап айтқанда, тек «Қазақмыстан» түсетін 48,7 млрд теңге салық облыс бюджетінің 42%-ын құрайды. Бір қарағанда дұп-дұрыс, тап-тамаша. Бұдан тыс аталған компаниялар әлеуметтік-мәдени бағыттағы нысандар салу, абаттандыру жұмыстарына да қаражат құйып жатыр. Бұған алғыстан басқа не айтасың?

Бірақ экономиканың бірді-екілі ком­панияларға тәуелді болуы дұрыс  емес. Неге? Өткенде «Қазақмыстың» бір цехы жөндеуге қойылып еді, облыс­тағы өнім өндіру көрсеткіші бірден төмендеп кетті. Бұған тіпті Үкімет тарапынан да алаңдаушылық білдірілді. Сондықтан облыс экономикасын әртараптандыру бағытын ұстанып отырмыз. «Қазақмыстың» өзіне де нақты өнім шығаратын жобалар жасау туралы талап қойыла бастады. Әртараптандыру бағытындағы талпыныстың нәтижесінде Жаңаарқа ауданының аумағында Ашықтас кен орнында алтын өндіру жолға қойылды. Болашақта шағын мұнай өңдеу зауытын салу да жоспарда бар. Алдағы уақытта мүмкіндігінше осындай өндіріс орындарын көбейте түсеміз.

– Өндіріс туралы түсінікті. Негізі Ұлытау аграрлық облыс болып саналмай ма? Сіздің бір жиында «Әлеуметтік азық-түліктің облыста 3 түрі ғана өнді­ріледі. Неге бұлай?» деген сөзіңіз есімде...

– Облыстағы өндірісті ғана емес, ауыл шаруашылығы саласын да әртараптандыру қажет. Бізде бұрын тек бидай егумен ғана айналысып келсе, енді дәнді дақылдардың түр-түрін көбейту керек. Ал бұл үшін суармалы шаруашылықты дамытпаса болмайды. Суды үнемді пайдалану – уақыт талабы. Демек тамшылатып суару технологиясын игере білуіміз жөн. Осы бағыттағы жұмыстар енді-енді қолға алына бастады. Өткен жылы облыстағы Шалғия, Монақа су қоймаларын ретке келтірдік. Сол арқылы «Мирас», «Исмайыл» шаруа қожалықтары жемшөп базасын жасау, картоп, сәбіз өсіруді, т.б. жұмыстарды қолға алды. Бұлар ауыл шаруашылығын әртараптандыру бағытындағы алғашқы қарлығаштар десек те болады. Мақсат – осындай шаруашылықтардың қатарын көбейту. Облыста ет, сүт комбинаттары жоқ. Мал басы баршылық. Ендеше, неге аталған комбинаттарды құрып тастамасқа? Не кедергі, қандай қолбайлау бар? Мысалы, ет комбинатын тұрақты түрде қамтамасыз етіп тұруға кепілдік беретін арнайы мал бордақылау алаңы болу керек. Ал мұндай алаң салу үшін оның тұрақты жемшөп базасының болуы талап етіледі. Демек бірімен-бірі байланысты шаруаларды реттеуіміз қажет. Сүт комбинатына да осыған ұқсас талаптар бар.

Облыс құрылған соң, сараптама жасап көргенде байқағаным, әлеуметтік азық-түліктен біздің өзімізде 1 сұрыпты бидай ұны, 1 сұрыпты нан және сиыр еті ғана өндіріледі екен, қалғанының бәрін басқа жақтардан әкеледі екенбіз. Соны айтқаным есіңізде қалған ғой. Бұл бағытта ізденістер бар, бірақ әлі нақты өзгеріс бола қойған жоқ. Президент ауылдың жағдайын, ауыл шаруашылығын дамыту туралы нақты тапсырмалар берді. Қазір бұл бағытта 2,5 пайыздық жеңілдетілген несиелер беріледі. Облыс құрылған соң, «ҚазАгро», «Даму», т.б. несиелік компаниялар осында келді. Демек шаруаларға несие алу, рәсімдеу жеңілдеді. Кәсіпкерлеріміз жеңілдікті несиелер алу арқылы әлгінде айтқан ет, сүт комбинаттарын құрудың алғышарттарын жасап жатыр. Қолға алынған нақты жобалар туралы айтар болсам, Жаңаарқа ауданында «Қайып» шаруа қожалығы құны 1,5 млрд теңге тұратын 5 мың басқа арналған бордақылау алаңын салып жатыр. Ұлытау ауданының аумағында «Исмайыл» шаруа қожалығы су үнемдегіш технологияны пайдалану арқылы 400 гектар жерде жемшөп дақылдарын, картоп пен көкөністерді өсіру жобасын бастады. Жобаның құны – 1,2 млрд теңге. Жезқазған қаласында бұрын өндірілген немесе сырттан әкелінген көкөніс сақтайтын қойма да болмаған ғой. Сондықтан қазір «Самади-2030» ЖШС сыйымдылығы 5 мың тонна болатын, құны 1,2 млрд теңгені құрайтын заманауи көкөніс сақтау қоймасын салып жатыр. «Ахтямов» жеке кәсіпорны тауық еті мен жұмыртқасын өндіруді ұлғайта түсті. Мұнда жылына 1 000 тонна құс еті өңделеді және жылына 20 млн дана жұмыртқа шығарылады. Сараптап көрсек, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 4,6 млрд теңгеге 558 өтінім келіп түскен болса, соның 3 млрд теңгеден асатын 423 өтінімі мақұлданған екен. Орташа несие беру сомасы – 7,8 млн теңге. Бұл облысымызда жеңілдетілген несие арқылы ауыл шаруашылығын қаржыландырудың бірқалыпты жүргізіліп жатқанын айғақтайды. Ұлытау облысында дәстүрлі мал шаруашылығы кеңінен дамығандықтан, несиелендірудің 90%-ы мал шаруашылығына бағытталғаны да түсінікті. Осы екі жылдың ішінде шаруаларымыз 1 200 сиыр, 3 900 жылқы, 900 қой сатып алыпты.

Жоғарыда аталған жобаларды іске асыру есебінен картоп пен көкөніс, құс еті және жұмыртқа бойынша облыстың өзін-өзі қамтамасыз етуі 30%-ға ұлғаяды.

– Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту экономиканың қозғаушы күші ретінде бағаланады. Бұл бағыттағы жұмыстардың реті қалай?

– Нарықтық экономикаға қалай жол ашылды, міне, содан бері мемлекет тарапынан шағын және орта бизнесті дамытуға барынша қамқорлық жасалып келеді. Облыстың жұмысқа қабілетті тұрғындарының әрбір бесіншісі, яғни 155 мың адам кәсіпкерлік саласында еңбек етеді. Жыл санап кәсіпкерлік қанатын жайып келеді. Бұған былтыр ғана осы бағытта облыс бойынша жаңадан 69 нысан ашылғаны дәлел. Нақтылап айтқанда, Жезқазғанда – 32 , Сәтбаев қаласында – 19, Қаражалда – 4, Жаңаарқа ауданында – 11, Ұлытау ауданында 3 нысан ашылған. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 26 пайызға артық. Кәсіпкерліктің облыстағы даму деңгейін бөлшек тауар айналымының көлемі 2024 жылдың қаңтар – мамыр айлары бойынша 39,3 млрд теңгені құрап, 4,3 пайызға өскеніне қарап та бағамдауға болады. Сондай-ақ өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда өндірілген өнім көлемі 232 млрд теңгені құрады, яғни 32 пайызға өсті.

«Даму» қоры шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту мақ­сатында «2021–2025 жылдарға арнал­ған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде 2023 жылы жалпы сомасы 19,3 млрд теңгеге 378 жоба қаржыландырды. Сонымен қатар жоғарыдағы көрсетілген бағдарлама аясында 2024 жылы мамыр айындағы көрсеткіш жалпы сомасы 6,6 млрд теңгеге жетіп, 233 жобаны құрады. Бұдан бөлек, 2023–2024 жылдарға кәсіпкерлерге 550 млн теңге грант түрінде қолдау көрсетілді, «Жастарға арналған шағын несие» бағдарламасы аясында 545 млн теңге толығымен игерілді.

Мұны айтып отырғаным, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға көрсетіліп жатқан қамқорлық одан әрі жалғасын табады. Демек облыс экономикасындағы шағын және орта бизнестің деңгейі арта түседі. Бұл да – сайып келгенде, экономиканы әртараптандыруды жүзеге асыру жолдарының бірі.

– Өңірге инвестиция, әсіресе шетел инвестициясын тарту жағы қалай жүріп жатыр? Ұлытауға шетелдіктер инвестиция салуға соншалықты мүдделі емес екен деген де сөз бар. Бұл қаншалықты рас?

– Облыс экономикасына инвестицияларды тарту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Биылғы алғашқы жартыжылда 77,4 млрд теңге көлемінде инвестиция салынды, мұның 90%-ы – жеке сектордың үлесі, өсім 17%-ды құрады. Дегенмен жауапты сұрақтың кейінгі бөлігінен бастайын. Қазір облыста шетелдік инвесторлардың қатысуымен, жалпы құны 560 млрд теңгені құрайтын 3 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Бұл қандай жобалар?

Біріншісі – осы жылдың қарашасында іске қосылатын, құны 35 млрд теңге болатын Жезқазған және Сәтбаев қалаларын қамтитын жел электр стансасы. Станса пайдалануға берілгенде 50 тұрақты жұмыс орны ашылады. Қалған екі жобаны тағы да қытайлық әріптестерімен бірге «Техногруппсервис» компаниясы жүргізіп жатыр. Мұның бірі Жаңаарқа ауданында қуаты 3,4 млрд киловатт/сағат құрайтын жел энергетикалық стансасының құрылысы болса, екіншісі – жел энергетикалық стансалары мұнараларының металл кон­струк­ция­ларын өндіретін Жезқазған қала­сын­да­ғы салынып жатқан зауыт. Осы жобаларды іске асырғаннан кейін 300-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылады. Бұл облыс экономикасын әртараптандыруға және облыста ғана емес, жалпы ел бойынша «жасыл» экономиканы дамытуға үлкен серпін береді.

Облыс экономикасына шетел инвестициясын тартуға біздегі логистиканың сын көтермейтін жай-күйі кері әсер ететінін ашық айтуға тиіспіз. Тасымал шығындары өте қымбатқа түсіп кетеді. Жолдардың жағдайы нашар. Бұдан өзге де факторлар бар. Мысалы, Қытай кәсіпкерлері газ пайдалану арқылы жұмыс істейтін Жезқазған, Сәтбаев қалаларына ортақ Жылу-электр орталығын салуға қызығушылық танытты. Бірақ біздегі газ тапшылығы бұған мүмкіндік бермеді. Басқаша айтқанда, шетелдік компаниялар тарапынан қызы­ғу­шылық жоқ емес, баршылық. Бірақ жеме-жемге келгенде, есеп-қисап жаса­ғанда салған инвестицияның ақтал­май­тынын байқайды да, кері қайтуға мәжбүр болады. Бізге логистиканы барынша жылдамдатып жақсы жолға қоймасақ, болмайды.

Ал жергілікті инвестиция тарту арқылы бірнеше жоба іске қосылып, енді бірі кезегін күтіп тұр. Биылдың өзінде жалпы құны 27 млрд теңгені құрайтын 15 жоба іске қосылады. Соның нәтижесінде 900-дан аса жаңа жұмыс орны ашылады.

– Логистика туралы айтып қалдыңыз. Осы тақырыпты тереңдете түссек. Жезқазған – Қызылорда, Жезқазған – Қарағанды, Жезқазған – Арқалық бағытындағы автожолдарды қазіргі заманғы талаптарға сай етіп күрделі жөндеуден өткізу экономикалық тұрғыдан қандай табыс әкелуі мүмкін?

– Ұлытау – еліміздің 6 облысымен шекаралас жатқан облыс. Осының өзі бізге көп мүмкіндік береді. Бірақ, өкінішке қарай, облыс орталығы Жезқазған күні кешеге шейін «тұйықтағы қала» деп сипатталып келді. Жезқазған – Бейнеу теміржолы іске қосылған соң ғана бұл «атаудан» сәл-пәл арылғандай болдық, бірақ толық емес. Біздегі автокөлік жолдары қай бағытты алсақ та сын көтермейді. Бір қуаныштысы, облыстың құрылуы қаншама жылдар бойы жолға қатысты сіресіп жатқан сеңді қозғады. Елдің аузынан түспейтін Жезқазған – Қызылорда бағытындағы жолды күрделі жөндеуден өткізудің тендері өткізілді, мердігерлер нақтыланды. Құны 145 млрд теңге тұратын жобаны жүзеге асыру қыркүйек айынан басталады. Жезқазған – Арқалық бағытындағы жолда да жөндеу жұмыстары бірқалыпты жүріп жатыр. Қарағанды бағытындағы жол алдағы уақытта төртжолақты жолға айналады.

Жолдар жөнделген соң, жүк тасымалы сынды қарым-қатынас артады. Тіпті жөндеу жұмыстарының басталуы да облысымыздың экономикалық дамуына өзінің зор әсерін тигізеді. Қалайша? Мысалы, Жезқазған – Қызылорда жолының құрылысына қатысатын мердігерлер қазір Ұлытау облысына келіп тіркеліп жатыр. Демек облыс бюджетіне қосымша қаражат түседі. Сондай-ақ құрылыс жұмысына жергілікті мамандар, қарапайым жұ­мыс­кер­лер тартылады. Жолға қажетті материалдар да өзімізден табылып жатыр. Әртүрлі қызмет көрсету компаниялары да құрылады. Бірі жанар-жағармаймен қамтамасыз етсе, енді бірі ас-суын ұсынады дегендей.

Ал кеңірек айтатын болсақ, аталған жол-логистикалық жобалар облыс орталығын басқа облыстармен байланыстырып қана қоймай, солтүстік пен шығыстан «Транскаспий» халықаралық көлік бағытына жүк тасымалын тартуға көмектеседі, туризм бағытындағы биз­несті дамытуға үлкен мүмкіндік бере­ді, жаңа инвестицияларды тартуға жол ашады. Бұл өз кезегінде Ұлытау облы­сының демографиялық ахуалы жақсаруына, жаңа жұмыс орындарының қалыптасуына зор септігін тигізетіні анық. Еліміздің шығысы мен батысын, оңтүстігі мен солтүстігін жалғап жатқан бұл жобалардың тиімділігі көзге ұрып-ақ тұр, тек соған тезірек қол жеткізу керек.

– Ұлытаудың алты облыспен шектесіп жатқанын айттыңыз. Сол көршілес облыстармен байланыс жағы қалай? Бірімізден біріміздің үйренетініміз жоқ емес шығар...

– Әлбетте, өте дұрыс мәселе көтеріп отырсыз. Президент ауыл шаруашылығын дамытуда Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесінен үйренуді тапсырды. Сәтін салса, жақын арада облыстың бір топ кәсіпкерін сол жаққа апарамын. Барсын, көрсін, үйренсін. Мұнда, әсіресе, сүт фермалары жақсы жұмыс істеп тұр. Ал біздің дүкендерімізде шетелдерден келген сүт сатылып жатқаны белгілі. Жағдайды түзетуге мүмкіндік бар, ендеше, неге соны іске қоспасқа?

Сол сияқты көршілес Қостанай облысында, соның ішінде Арқалық қаласында ет комбинаты жақсы жұмыс істейді. Мал шаруашылығы өнімдерін игеруде бұл жақта да жақсы істер жеткілікті. Үй құрылысы комбинатының жұмысынан да алатын үлгі баршылық.

Осылайша, іргелес облыстармен байланысты нығайтамыз. Мысалы, облысымыз оңтүстіктен солтүстікке көшіру бағдарламасына енді, соның нәтижесінде 2023 жылы оңтүстік өңірлерден облысқа 13 отбасы қоныс аударды. Биыл да бұл бағдарлама жалғасын табады.

Сонымен қатар өңірдің туристік әлеуетін арттыру мақсатында басқа облыстармен, ірі қалалармен байланыс артып келеді. Өткен жылы Шымкент қаласы ардагерлер кеңесінің ұйытқы болуымен өңірімізге аталған қала ардагерлеріне туристік саяхат ұйымдастырылды. Биыл да бұл үрдіс жалғасып, жуырда ғана Қызылорда облысының 55 ардагері өңірімізге туристік саяхатпен келіп кетті. Бұл қарым-қатынастар одан әрі тұрақты әріптестікке ұласып, дәстүрге айналады деп сенеміз. Басқа облыстармен байланыс орнату, әріптестікті нығайту бойынша қадамдар бірнеше сала бойынша жүргізіле береді.

– Сөз соңында жаңа облыстың алдында тұрған басты жоспарлары туралы бөлісе кетсеңіз.

– Ең басты мақсат – әбден тозығы жеткен инфрақұрылымды жолға қою, дамыту. Бұл дегеніміз – сөз басында айтып өткенімдей, ауызсу, жылу, экология мәселесін шешу. Қазіргі кездегі барлық күш-жігер, қаржылық қуат осы мәселелердің түйінін тарқатуға бағытталған.

Өңір тұрғындарын ауызсумен қам­тамасыз ету үшін Үйтас-Айдос, Қожамсейіт сутартқыштары қайта жаңар­тылады, Жаңаарқа және Ұлытау ауда­нының 12 ауылдық елді мекенінде су құбыры желілері салынады.

Жалпы сомасы 264 млрд теңге құрайтын 227 шақырым облыстық және 118 шақырым қалаішілік және кентішілік жолдар қайта жөнделіп, жаңғыртылады. Тіпті кейбір жерлерде жаңадан салынуы да мүмкін. Инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру есебінен жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы об­лыс­­тық және аудандық маңызы бар автожолдардың үлесі 98%-ға дейін, ал қалаішілік және кентішілік жолдардың үлесі 90%-ға дейін жетеді.

Өндіріс пен ауыл шаруашылығына қоса облысымыз – туристік әлеуетке де бай өлке. Сондықтан 2026 жылға дейін туризм саласын дамытуға 1,5 млрд теңге бағыттаймыз. Жезқазған қаласы мен Жаңаарқа ауданында қонақүй кешендері, Ұлытау ауданында туристік орталық, «Ұлытау» санаторий үлгісіндегі 100 адамға арналған демалыс үйі салынады.

Халықтың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында 2026 жылға қарай қоршаған ортаға ластаушы заттарды 31 мың тоннаға дейін төмендету, гидрологиялық режімді жақсарту, т.б. шаралар атқаруымыз керек. Әрбір сала бойынша даму жоспары бар. Мұның бәрі «Ұлытау облысының кешенді даму бағдарламасында» нақты көрініс тапқан. Бағдарламадағы жобалар кезең-кезеңімен атқарылады. Бұған нық сенім бар. Өйткені облыстың әлеуеті зор, мүмкіндігі мол.

– Әңгімеңізге рахмет! Ойдағының орайы оңынан келе берсін!

 

Әңгімелескен –

Абдолла ДАСТАН,

«Egemen Qazaqstan»