• RUB:
    5.39
  • USD:
    479.83
  • EUR:
    528.82
Басты сайтқа өту
Спорт Кеше

«Классиктер» бәсекесі

119 рет
көрсетілді

Париж Олимпиадасындағы грек-рим күресі шеберлерінің айқасын тамашалай отырып небір керемет көріністердің куәсі болдық. Осы жарыста бірқатар сенсациялық нәтиже тіркелді. Чемпиондар тұғырдан тайып, олардың орнын басқа балуандар басты. Кейбір салмақтағы сақа спортшылар өзінің мықтылығын кезекті рет мойындатты. Кейбір көкжалдар сүреңсіз өнер көрсетіп, қалың топтың арасында қалып қойды.

Жадыраев қана жарады

Ғаламдық додада Қазақ­стан­ның төрт балуаны бақ сына­ды. Сол «классиктер» арасынан ­Де­меу Жадыраевтың ғана жолы болды. 77 кг салмақта сынға ­тү­с­­кен саңлақтың жүріп өткен жолы жайында бұған дейін де біз сан мәрте әңгімелегенбіз. Сол себепті оған қайта оралып жатудың қажеті жоқ деп ойлай­мыз. Ең бастысы, жасы 35-ке тая­ған жампоз өзінің өжеттігі мен табандылығы арқылы осындай дәрежеге жетті. Жалпы, Париж Демеу үшін құтты мекен болды. Олай деуге негізі, Жадыраев өзінің спорттық мансабындағы ең қомақты табыстарына дәл осы шаһарда қол жеткізді. 2017 жылы ол Сена өзенінің жағалауында әлем чемпионатының күміс меда­лін мойнында жарқыратса, арада жеті жыл өткеннен соң сол көрсеткішін Олимпия ойындарында қайталады.

Тәуелсіз Қазақстанның грек-рим шеберлері арасынан Демеу Жадыраевтың есімі Олимпиадада жеңіс тұғырына көтерілген алтыншы балуан ретінде тарихта қалды. Боранбек Қоңыратовтың шәкіртіне дейін аталған бәсекеде Юрий Мельниченко (1996 жылы) – алтын, Георгий Цурцумия (2004) мен Нұрбақыт Теңізбаев (2008) – күміс және Мхитар Ма­нукян (2004) мен Даниял Гад­жиев (2012) қола медальді мойнында жарқыратты. Кейінгі екі жарыстан отандастарымыз ол­жасыз оралғанымен, өзге мемле­кеттердің туы астында өнер көр­сет­кен қандастарымыз жақсы нә­тиже көрсетті. Атап айтсақ, ең жеңіл салмақта сайысқа түскен Өзбекстанның қазағы Елмұрат Тасмұратов Рио-де-Жанейрода және Қытайдың қазағы Уәлихан Серікұлы Токиода үздік үштікті түйіндеді.

Өкінішке қарай, өзге «клас­сиктеріміз» ел сенімін ақтамады. Айдос Сұлтанғали (60 кг) алғаш­қы айналымнан аса алмады. Тұсау­кесер кездесулерін жеңіспен аяқ­таған Нұрсұлтан Тұрсынов (87 кг) пен Әлімхан Сыздықов (130 кг) екінші кезеңде сүрінді. Сөйтіп, Демеу Жадыраевтың жалғыз жүл­десі көңілге демеу болды.

 

Аңыз адам бозкілеммен қош айтысты

Париждегі ойындардан кейін бірнеше спортшы үлкен спортпен қош айтысатынын жария етті. Солардың арасынан аты аңызға айналған екі балуанға ерекше на­зар аудара кетсек, еш айыбы жоқ. Алғашқысы – Михайн Лопес. Кубаның қабыланы адам нан­ғысыз көрсеткішке қол жет­кізді. Алғаш рет ол 2004 жылы Афины Олимпиадасына қатысып, ширек финалда ресейлік Хасан Ба­роев­қа жол берді. Ол кезде болашақ жұлдыз 22 жаста еді. Есесіне «Эль Террибль» (Қорқыныш­ты) атанған тау тұлға 2008 жылы Бейжіңде, 2012 жылы Лон­дон­да, 2016 жылы Рио-де-Жаней­рода, 2021 жылы Токиода қарсылас­ шақ келтірмеді. Міне, енді Парижде барлық қар­сыласынан басым түсіп, бес дүркін Олимпиада чемпионы атанды. Лопеске дейін бірде-бір балуан осындай дәрежеге жеткен емес.

Тарихтың сарғайған беттерін парақтасақ, 2004-2016 жылдар аралығында әйелдер күресінің қас шебері, жапониялық Каори Итё төртжылдықтың басты додасында төрт мәрте дараланды. Грек-рим күресінен Карл Вестергрен (Швеция, 1920, 1924, 1932 жылдары) мен Александр Карелин (КСРО, ТМД, Ресей, 1988, 1992, 1996), еркін күрестен Александр Медведь (1964, 1968, 1972) пен Бувайсар Сайтиев (1996, 2004, 2008), осы күрес түрлерінің екеуін де жетік меңгерген Ивар Юханссон (Швеция, 1932 жылы – екі рет, 1936 жылы), дзюдошы Тадахиро Номура (Жапония, 1996, 2000, 2004) мен Тедди Ринер (2012, 2016, 2024) бұл белесті үш реттен бағындырды.

Балуандардан бөлек, ондай бақ боксшылар мен ауыр атлеттерге де бұйырмады. Былғары қолғап шеберлері арасынан мажарстандық Ласло Папп (1948, 1952, 1956) және Кубаның қос қабыланы – Теофило Стивенсон (1972, 1976, 1980) мен Феликс Савон (1992, 1996, 2000), зілтеміршілер сайысында түркиялық Наим Сулейманоглу (1988, 1992, 1996) мен Халил Мутлу (1996, 2000, 2004), грекиялық Пиррос Димас (1992, 1996, 2000) пен Акакиос Какиашвилис (1992, 1996, 2000) және қытайлық Люй Сяоцзюньнің де (2012, 2016, 2020) Олимпиаданың үш дүркін чемпионы деген атақтары бар. Бірақ Бостандық аралы батырының орасан зор табысының қасында бұның барлығы да қазіргі кезде қарапайым көрсеткіш секілді көрініп қалды.

Әлемдік спорт тарихында өз орнын ойып тұрып алған Михайн Лопес финалдық сайыстан ке­йін аяқкиімін шешіп, бозкілем­де қалдырып кетті. Бұл рәсім балуандар арасында «үлкен спорт­пен қоштастым» дегенді білдіре­ді. Сол сәтте тау тұлғаның өзі ғана емес, «Гран-Пале-Эфемерге» жиналған сан мың жанкү­йер мен көгілдір экранға көз тік­кен миллиондаған көрермен көзіне жас алды. Тіптен, егіліп жылағандарды да көзіміз көрді. Сөйтіп, аңыз адам баршамызға «Қош!» деді.

 

Беленюк кетті, Алексанян қалды

Олимпия ойындарында то­лық медальдар жиынтығын ен­шілеген 33 жастағы Жан Бе­ленюк те дәл солай істеді. Оның әкесі Венсан – руандалық, анасы Людмила – украиналық. Олар кеңес одағы дәуірінде студент кезінде танысқан. Көңілі жа­расқан жастар көп ұзамай, отбасын құрды. 1991 жылы Киев­тегі перзентханалардың бірін­де Жан дүниеге келді. 1994 жылы Руандада азаматтық соғыс­тың оты өршіді. Әкесі сол жаққа аттанып, мерт болды. Жан аталған мемлекеттің астанасында анасы мен әжесінің қолына тәрбиеленді.

Уақыт оза Беленюк Украи­наның мақтанышына айналды. Олимпиадада – үш (1+1+1), әлем чемпионатында – бес (2+1+2), Еуропа біріншілігінде – алты (3+0+3), Еуропа ойындарында – екі (1+1+0) және Дүниежүзілік универсиадада (0+0+1) бір жүл­де алды. 2019 жылы әйгілі ба­луан Жоғарғы раданың депутаты болып сайланды. Жан Беле­нюк Парламентте Жастар және спорт комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметін ат­қарады. Бұл азамат та қола медальді қанағат тұтқаннан ке­йін аяқкиімін кілемде қалдырып, біраз жанкүйерді жылатты. Беленюк бойындағы бар күш-жігері мен қажыр-қайратын енді Украина халқының әл-ауқатын арттыру үшін жұмсауға бекінді.

Ал Жан Беленюкпен түйдей құрдас Артур Алексанянның әлі де күреспен қош айтысқысы жоқ. ХХІ ғасырдағы Арменияның ең атақты спортшысы деп танылған грек-рим күресі шеберінде Олимпиаданың (1+2+1) – төрт, әлем чемпионатының – жеті (4+3+0), құрлықтық доданың 10 (7+2+1) және Еуропа ойындары (1+0+0) мен Дүниежүзілік универсиаданың (0+1+0) бір жүлдесі бар. Өзінің әкесі, атақты бапкер Геворг Алексанянның қоластында жаттығатын ол БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында «Мен жеңіске тойған жоқпын. Әлі де алысып-жұлысып, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілгім келеді. Күнде сол оймен оянамын және сол оймен ұйқы құшағына кетемін. Ең бастысы, мақсат бар. Соған жету үшін алдағы жылдары да айқасуға дайынмын. Ал егер мотивациямнан айырылсам, сол күні-ақ бозкілемнен кетемін», деп мәлімдеді.

 

Лопестен басқалары тұғырдан тайды

Осыдан үш жыл бұрын Токио Олимпиадасында бас жүлдені олжалаған балуандар арасында тек Михайн Лопес (130 кг) ғана өз биігінде қала алды. Қалғаны төмендеді. Осыдан үш жыл бұрын алдына жан салмаған оның отандасы Луис Ортис (60 кг) Парижде 67 кг салмақта сынға түсіп, қола медальді қанағат тұтты. Жан Беленюк те (87 кг) үшінші орыннан аса алмады. Токиода дара шыққан үш дарабоз Францияда көрермендер назарынан тыс қалды. Тарқатып айтсақ, иран­дық Мохаммед Реза Гераидің (67 кг) орнына Саид Эсмаили күресті. Парсы елінің жас жолбарысы сенімді толығымен ақ­та­ды. Жасындай жарқылдаған Эсмаили бас жүлдені олжала­ды. Мажарстандық Томаш Леринц­ті (87 кг) алмастырған әлем чем­пионы Томаш Лошонци бұл бәсекеде үздіктер қатарына қо­сы­ла алмады. Ал саяси жағ­дай­ға байланысты Ресей ба­луан­дарының Олимпиадаға қа­тыс­пағаны белгілі. 2021 жылы Күншығыс елінде 97 кг салмақта Мұса Евлоевтың топ жарғаны есімізде.

Жапонияның жұлдызы Кене­широ Фумита (60 кг) осыдан үш жыл бұрын алауы тұтанған Олимпия ойындарындағы күмі­сін Парижде алтынға алмас­тырды. Күншығыс елінде қолаға қол созған Иранның пехле­ва­ны Мохаммадхади Сарави (97 кг) ­бұл жолы бас жүлдені қанжыға­­сы­на байлады. Ал Парвиз Насибов ­(67 кг) пен Артур Алексанян ­(97 кг) өз орнын сақтап қалды.

Париж Олимпиадасында жеңіс тұғырына көтерілген балуандар арасындағы ең ересегі Михайн Лопес екенін айта кетуге тиіспіз. Олимпиаданың бес дүркін чемпионы 20 тамызда 42 жасқа толады. Финалда Лопеске есе жіберген чилилік Ясмани Окоста – 36 жаста. Ардагерлер қатарында Демеу Жадыраев та бар. Олимпиаданың күміс жүлдегері атанған жерлесіміз­дің жасы 35-ке таяды. Ал ең жас чемпион – 21 жастағы Саид Эсмаили. Онымен түйдей құр­дас әзербайжандық Хасрат Жафа­ров 67 кг салмақта үздік үштікті түйіндеді.

Сонымен, Францияның бас шаһарында өткен жарыста Иран мен Жапония құрамалары керемет нәтиже көрсетті. Пар­сы елі пехлевандары 2 алтын, 1 күміс және 1 қоланы олжалады. Күншығыс елінің өрендері бас жүлденің екеуін өз қоржынына салды. Үшінші орында – Куба. Бостандық елінің балуандары 1 алтын мен 2 қоланы еншіледі. Сондай-ақ бұл жарыста Болгария (1+0+0), Қытай (0+1+2), Армения (0+1+1), Украина (0+1+1), Қазақстан мен Чили (0+1+0), Қырғызстан (0+0+3), Солтүстік Корея, Әзербайжан және Данияның (0+0+1) грек-рим күресі шеберлері жеңіс тұғырына көтерілді.