• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Құрылыс 15 Тамыз, 2024

Құрылысты цифрландырудың игілігі

159 рет
көрсетілді

Бүгінде үлестік құрылыстағы мәселені шешу және проблемалық нысан тәуекелін азайту мақсатында құрылыс салушы мен сатып алушы арасында шарт жасасу үдерісін цифрландыру жұмысы мәресіне жақындады.

Қазір құрылысты сапалы жоспарлау мен басқару мақсатында аумақтардың инфрақұрылымдық қамтамасыз етілуі­нің деректері және қала құрылысы рег­ламенттерін шоғырландыратын мем­­ле­кеттік қала құрылысы кадас­трын дамы­ту жүріп жатыр. Қала құры­лы­сы кадас­трының ақпараттық жүйесі цифр­лық бас жоспарды, егжей-тегжей жоспарлау жобасын (ЕТЖЖ), ғима­рат пен құрылыстың орналасуы, инже­нерлік инфрақұрылым, көше-жол желісі, сондай-ақ абаттандыру туралы де­рек­терді жинауды, оны өңдеуді және сақтауды қамтамасыз етеді.

Жүйе ірі елді мекеннің құрылыс са­лын­ған аумағының инженерлік же­лі­сі цифр­лық дерегінің 86%-ын қамтиды. Жыл соңына дейін инфрақұрылым­дық деректерді 100% цифрландыруды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Жер­гі­лікті атқарушы органдар берген бас жоспардың және егжей-тегжей жос­пар­лау жобасының (қалалар бойынша) 90%-дан астамы цифрландырылды және нормативтік құрылымға келтірілді.

Бүгінде Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі ел азаматтарына көрсетілетін мемлекеттік қызметті цифрландыру мәселесіне айрықша назар аударып келеді. Өткен мамыр айында «Қазреестр» жүйесінде электрондық цифрлық қолтаңбаны немесе «eGov Mobile» қосымшасында QR кодты пайдаланып, электрондық үлестік қатысу шартын жасауға арналған жаңа функция қол­данысқа енгізілді. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Жаннат Дүбирова мәлімдеді.

Оның айтуынша, енді үлестік қатысу шарты жасалғаннан кейін тек онлайн форматта ғана емес, әзірлеушіде акционерлердің ақшасын тартуға рұқсаты бар-жоғын біліп отыруына да мүмкіндік бар. Бұл болашақта нысан құрылысы жалғаспай қалу қаупін азайтады. Сондай-ақ «Қазреестр» жүйесі бүкіл ел бойынша үлестік қатысу келісімінің орталықтандырылған есебін жүргізуге және үлескердің қауіпсіздігіне оң әсер ететін үлестік нысан құрылысының барысына мониторингті шоғырландыруға жағдай жасайды.

Бұл жүйе «Бәйтерек» холдингінің ен­ші­лес ұйымы «Қазақстан тұрғын үй ком­паниясы» базасында әзірленіп жатыр. «Қазреестрде» 800-ден астам үлестік құ­ры­лыс нысаны туралы ақпарат бар. Оған қоса, 100-ден астам құрылыс ұйымы тіркелген. Әзірге құрылыс саласындағы цифрландыру жұмыстары мемлекет есебінен салынып жатқан нысандарды ғана қамтып отыр.

Ал қала құрылысы қызметінің ашық­­тығын қамтамасыз ету үшін қала құ­рылысы кадастрының жүйесі арқылы бастапқы рұқсат беру құжаттарын беруді және эскиздік жобаларды келісуді ұсыну іске асады. Бұл құжаттың бекітілген бас жоспарға және егжей-тегжей жос­парлау жобасына сәйкестігін тексеруге мүмкіндік тудырады. Бүгінде биз­нес-үдерістер мен функцияларды авто­маттандыруға арналған жүйе плат­фор­масы енгізу сатысында тұр. Ол қыз­метті іске қосу осы жылдың III тоқса­нына жоспарланған.

Вице-министрдің ойынша, қала құ­рылысы регламенті мен инфрақұры­лы­мы­ның есепке алу жүйесі ретінде мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі (МҚК ААЖ) жоспарлау сәтінен бас­тап пайдалануға беруге дейінгі құры­лыс нысандарының өмірлік циклінің мониторингін жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ көрсетілетін қыз­мет­тер­дің ашықтығын, шынайы және өзекті деректерді қалыптастыруды қамтамасыз етеді.

Бүгінде құрылыс жобаларын жобалау және сараптау үшін бірыңғай портал әзірленіп жатыр. Порталдың жобалық атауы – ақпараттық модельдердің мемле­кеттік банкі. Жүйенің негізгі мақ­са­ты – құрылыстың барлық қатысушысының бірлескен жұмысын бірыңғай деректер орталығында ұйымдастырып, басқа сала­лық жүйелермен интеграциялау арқылы құрылыс нысанының цифрлық тіршілік циклін қамтамасыз ету.

Вице-министр мемлекеттік қызметтер мен деректерді цифрландыруға ерекше көңіл бөлініп жатқанын айтты. Құрылыс саласында 22 мемлекеттік қызмет бар, оның 20-сы электрондық форматта көрсетіледі.

«Биыл біз тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы әртүрлі көз­ден алынған деректерді біріктіруге мүмкіндік беретін Бірыңғай тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылық платфор­масын құру бойынша жұмысты баста­дық. Бұл деректерге коммуналдық тө­лем­­дер үшін Бірыңғай төлем құ­жаты­ның түбіртектері, e-ПИК/МИБ және «iKOMEK109» кіреді. Сондай-ақ плат­форма тұрғын үй инспекциясының ин­же­­нерлік желілері мен жұмыс үдерісін орталықтандырылған цифрландыруға мүмкіндік жасайды», деді Ж.Дүбирова.

Платформа жақсы және теңдестірілген тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саясатын қалыптастыру үшін онлайн форматта деректерді жинау үшін құрылып жатыр. Ведомствоның цифрландыру тобы тиімділік пен ыңғайлылықты арттыру үшін мемлекеттік қызмет көрсету үдерісін жетілдіру бойынша тұрақты жұмысты жалғастыра береді.