• RUB:
    5.39
  • USD:
    479.83
  • EUR:
    528.82
Басты сайтқа өту
Руханият Бүгін, 09:00

«Ақ бантик» әңгімесі

40 рет
көрсетілді

Төлеби ауданындағы «Біркөлік» шипажайының табиғаты қандай тамаша, айнала ән салып тұрғандай. Таңғы ауаны құмарлана жұта бергің келеді. Келген күні үлгере алмасам да, ертесіне ертемен саумал ішуге келдім. Бірінші болып келдім бе десем, менен бұрын жетіп, кезек алғандар бар екен.

Кезекте тұрған маған жас шамасы сексенді алқымдап қалған апаның сөзі ұнады. Д.Қонаев туралы жақсы айтып жатты. Сол жерде танысып-білістік. Кешкі тамақтан соң әңгіме-дүкен кезінде Ажар апай өзінің Шымкент қаласындағы Шәмші Қалдаяқовтың бұрынғы үйінде тұрып жатқандығы туралы айтты. «Біз бұрынғы Ильич, қазіргі Ш.Қалдаяқов көшесіндегі 1-үйде әлі осы күнге дейін тұрып келеміз», деп сөз бастаған апа әңгімесін одан әрі жалғастыра түсіп. «Ол кезде облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып Қалаубек Тұрсынқұлов деген кісі істейтін. Өте іскер, өз жұмысын жақсы білетін, жастарға жаны жақын қызметкер болатын. Кейін жақсы жазушы болып кетті. Шәмшінің композиторлық өнерін жоғары бағалағандықтан әрі жерлесіміз деп ерекше жақын тұтқан да болар, оған Шымкенттен үш бөлмелі үй алып беруге көмектеседі. Бұл 1961 жылы болатын.

Шәмші өзінің «Арыс жағасында», «Ақ бантик» және «Ана туралы жыр» сияқты тағы да басқа әндерін осы үйде тұрған кезінде жазғанын біз жақсы білеміз».

Осы тұста мен «Ақ бантик» әнінің шығу тарихын жақсы білемін», деп едім, апай маған: «Онда сен Қаражанды да білетін болдың ғой?» деп таңырқай бір қарап алды. Мына қызықты қараңыз, 1969 жылы Қазақстанның бірінші басшысы Д.Қонаев Үндістанға барған арнайы сапарында оны дүйім жұрт Ш.Қалдаяқовтың «Ана туралы жыр» әнімен қарсы алады. Димаш аға осы сапардан елге орала салысымен, Шәмшіні шақыртып алып, әңгімелесіп, жағдайын сұрайды. Сөйтеді де, «Шәмші, саған не керек, неге мұқтажсың?» деген кезде ол үндемей отырып қалады да, қасында отырған жолдастары «композитордың отбасына үй керек» дейді. Шәмшінің жағдайынан толық хабардар Димекең сол кезде «Қазақстан» деген атпен салынып жатқан үлкен үйден төрт бөлмелі пәтер бергізеді де, Шәкең сол үйге көшетін болды.

«Ол кезде пәтер сатылмайтын. Біздің жаңадан отау құрған кезіміз. Күйеуім Нәби Елікбаев технологиялық институтта комсомол комитетінің хатшысы болып, ал М.Шаханов газетте істейтін. Шәмші ағаның Раушан деген қарындасының маған жеңге болып келетін жағдайы бар еді. Осы жағы және күйеуіммен арадағы достық жағдайын ойласа керек, Шәкең Алматыға көшетін кезде: «Бұл үйді жаңадан тұрмыс құрған Ажар қарындасыма беремін», деп бізге тастап кетті. Міне, сол уақыттан бері мен осы үйдің түтінін түтетіп келемін. Бұл үйге Шәкеңді жақсы танып-білетін және ол кісімен кезінде тығыз араласатын кісілер жиі-жиі келіп, Құран оқытып кетіп тұрады», деді.

Ажар апай әңгімесін осылай аяқтады. Сөзіне қарағанда бұл үйді мұражайға айналдырмақ та болған екен, бірақ тиісті органдар үшінші қабаттан болмайды деп рұқсат бермеген көрінеді.

Мен Шәмші ағаны сонау Кентау қаласында оқып жүрген 1962 жылдан бері жақсы танитынымды айтып, ал 9-сыныпта сол ән-ағаны лекторийде (ол кезде клуб пен мәдениет сарайын осылай атайтын) өзінің «Ана туралы жыр» әнімен, одан кейін бірнеше жыл өткен соң, яғни 1988 жылы аудандық партия комитетінде «Өз ағам» деп қалай қарсы алғанымды айтқанымда, Ажар апай ерекше әсерленіп кетті. Сонымен бірге Шәкеңнің сол жолы менің үйімде аптаға жуық қона жатып іссапарда болғанын есіткен апайым орнынан тұрып, менің қолымды қыса ұстаған күйі құшақтап: «Шәмші ағаның Оразбек Бодықовтан кейінгі жақыны сен болып шықтың ғой!», деп мейірлене үн қатты.

Бір күні кешкі тамақтан соң қасымыздағы бос орынға келіп жайғасқан әлгі апайым: «Сәке, енді сен бұдан былай мені «апай» демей, «жеңге» деп атайтын бол. Дұрысы осы. Саған жеңге болатын себебім, менің күйеуім – Шәмші мен Мұхтардың досы, Бәйдібек ауданының Майбұлақ деген аулынан, сондықтан сен маған қайын боласың. Осымен бұл сөз тәмам. Енді маған өткенде өзің басын айтып қалған Қаражан Әбіләзімов пен Шәмшінің «Ақ бантик» деген әні туралы айтып берші?» деп еді. Мен жиналған жұртқа Қаражанның сол кезде обкомсомолда бірінші хатшы болып істегендігі, оның жасы үлкендеу болса да, Түркістан қаласындағы 19-мектепті бітірген Фатима деген жас қызға үйленгені туралы өз білетінімді айтып бердім.

Фатиманы мектепте оқып жүрген кезімізден танитынмын. Мен Кентаудағы Ы.Алтынсарин мектебінде, ал Фатима болса Түркістанның теміржол бойындағы мектепте оқыды. Бір-бірімізді 8-сыныптан бастап біле бастадық. Аталған екі мектеп оқушылары бір-бірімізге қонаққа келіп, өткізілетін түрлі пән байқауларына қатысып, бақ сынасатынбыз. Міне, осындай кездері ғой түркістандық Фатимамен етене танысып жүргенім. Фатима өте жан-жақты, білгір, талапты, сонымен бірге өнерге де ерекше құштар болатын. Әсіресе әдебиет пәнінен алдына жан салмайтын. Әдемі ән айтып, би билейтін. Өнерімен қаланың атын шығарып, облыстық, республикалық өнер сайыстарына да қатысып, бірінші орындардан көрініп жүретін. Осындай кездерінде ғой Фатиманың Қаражанның көзіне түсіп жүргені. Тек көзге түсіп емес, кейіннен екеуі үйленіп, шаңырақ көтерді.

Фатима Шәмшінің әндерін нақышына келтіре орындайтын. Композитордың әрбір әнін тебірене орындаған кезде тыңдаушылар қауымы өздерінің қалай тербеліп кеткенін де білмей қалатын. Фатима көрермендердің құрметіне осылай бөленді. Содан кейін ғой, Қаражанмен өзара сыйластығы мол Шәмші Фатимаға арнап «Ақ бантик» әнін шығарып жүргені. «Біркөлік» шипажайында Ажар Әбенова жеңешеммен арадағы композитор туралы әңгіме үзілген жоқ және менің де ол кісіден естіген әңгімелерім аз емес. Өнерге деген сүйіспеншілік пен шығармашылық  өнегесі – еліміздің мақтанышы.

 

Серікбай ТҰРЖАН,

Қазақстанның құрметті журналисі

 

Түркістан облысы