Кей-кейде мұң қамаған жүректі сергітер жақсы ән жаныңды бесіктей тербетіп, ғажап сезімге бөлейді. Әсіресе сазы мен сөзі үйлесіп, көңілдің нәзік пернесін тап басатын халық әндерін тыңдағанда сондай күй кешесің. Халық әндерінің де кезінде авторлары болды. Бірақ уақыт өте келе оның аты ұмытылып, кейінгі ұрпаққа қалған мұрасы ел игілігіне айналды. Сондай төрт аяғын тең басқан тамаша туындылар көп. Бәрін бірауыз сөзбен «халық музыкасы» деп айтып жүрміз.
Сондай керемет туындының бірі – «Айқаракөз». Бұл әнді кез келген әнші нақышына келтіріп, бүгін жаттап, ертең сахнада орындай алмайды. Болмысы күрделі, иірімі терең туынды. Ол үшін дауыстың даладай кеңдігі, тазалығы, бастысы, халқымыздың ән айту шеберлігіне тән ерекшелігі болуы керек. Бір деммен құйылып түскен сөзі қандай! Шекер балдай.
«Айналайын, қарағым-оу, қара қасың
Қос иықта бұралған қолаң шашың
Айқаракөз, жүрмісің сау-саламат
Қызыл гүлім-ай?
Жөнің бөлек, Айқаракөз, жүрмісің
Сау-саламат, қызыл гүлім-ай?» –
деген алғашқы екі шумақ тұнып тұрған сурет дерсің. Көз алдыңызға қасы-көзі қиылып, қолаң шашы қос иығынан төгілген қазақ аруының бейнесі дөңгеленіп келе қалады. Одан кейінгі қайырмасының өзі керемет, тыңдарманды бірден тартып әкетеді. Бұл ән – жас жігіттің жүрегін асаудай тулатқан ғашығына арнап, сағынып, арман-аңсары үзіліп отырған да шығарған туындысы деп түсінеміз.
Осы ғажайып ән халқымызға өмірден ерте өткен, дауысы сыңғырлаған бұлақтай таза, әуезді, белгілі әнші Мәдина Ералиева арқылы танылды. Әрине, оған дейін де орындаған әншілер болды. Бірақ дарынды әншінің дауысының ерекшелігі ме, әлде ән шырқау мәнерінің өзгешелігі ме, тыңдарманға бірден жетті. Ал Мәдина апамыз бұл әнді қайдан алды? Оның тарихы бар.
Бұл әннің алғашқы орындаушыларының бірі – былтыр өмірден өткен талантты әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғазиза Жұмекенова. Торғай елінің «Ерке құсы» атанған әнші облыстық «Шертер» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің құрамында өнер көрсетіп, ғажайып әуезді дауысымен есімі елге танылды. Біздің бала күнімізде ауылға «Шертер» ансамблі жиі келіп, концерт қоятын. Сонда Ғазиза апамыз, әсіресе халық әндерін домбырамен немесе ансамбль оркестрінің сүйемелдеуімен орындағанда ата-әжелеріміз кірпік қақпай тыңдап, тамсанып отыратын. Оның шырқауында «Айқаракөз» мүлде өзгеше естіледі. Әннің әсері жан-дүниеңізге шым-шымдап бойлап, бөлек күйге енесің. Ал осы тамаша әнді Мәдина Ералиева Торғайға гастрольдік сапармен келгенде одан аттай қалап сұрап алғанын марқұм Ғазиза Жұмекенова өз естелігінде айтыпты.
«Айқаракөз» әнін алғашқылардың бірі болып мен орындадым. Торғай облысы кезінде «Шертер» ансамбліне Алматыдан бір топ жас әншілер келді. Солардың арасында Мейрамгүл есімді жас әнші бір концертте «Айқаракөз» әнін шырқады. Келесі тағы бір сондай кеште Ғалымжан Құрмановпен жетіген аспабына қосылып орындады. Жақсы ән екенін бірден аңғардым. Маған керемет ұнағаны соншалық, көкейімнен әннің әуені кетпей тұрып алды. Енді оны домбырамен орындай бастадым. Тыңдармандарға да ұнады. Сол жылы Ақмола облысының Ерейментау ауданында Қанжығалы қарт Бөгенбай батырдың 300 жылдығы атап өтілді. Сол ұлан-асыр тойдың сахнасында «Айқаракөзді» орындадым. Халық өте жылы қабылдады. Тіпті қайта-қайта сұрау салып, бірнеше рет орындатқызды. Бірде Мәдина Ералиева бұрынғы Торғай облысына гастрольдік сапармен келді. Сонда менің осы әнімді тыңдап, ұнатып, магнитофон таспасына жазып алды. Оны Алматыға барғаннан кейін «Адырна» ансамблінің сүйемелдеуімен орындады. Керемет шықты. Бірақ әннің сөзіне өзгеріс енгізгенін маған айтты. Бір жылдары «Қазақстан» ұлттық арнасында «Телқоңыр» деген хабар болып, соған осы әннің тарихын айтып беруге мені шақырды. Соған Қазығұрт өңірінің ән-күйін жинап жүрген бір ағамыз қатысып, осыны орындаған Мейрамгүлді жақсы білетінін сөз етіп, әнді Мәдинаға нотасымен бергенін айтты. Ағамыздың қолындағы әннің мәтіні тура мен орындаған сөздер екен. Сонда аманатқа қиянат жасамағаныма қуандым», депті Ғазиза апамыз.
Қазір арамызда «Айқаракөзді» нақышына келтіріп шырқаған Ғазиза Жұмекенова мен Мәдина Ералиева жоқ. Бірақ олардың қайталанбас дауыстары ел жүрегінде мәңгі қалды. Ал «Айқаракөз» ғасырдан-ғасырға халық әні болып, айтыла береді.