Сарыарқа ауданы ПБ қызметкерлері ұрлық жасады деген күдікпен 25 және 26 жастағы екі ер адамды анықтады, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Анықталғандай, тергеу барысында екі ер адам Соқпақбаев көшесінен өтіп бара жатып, жолдың бойында жүксалғышы ашық тұрған Mazda автокөлігін байқаған. Көліктің жүксалғышынан құны 210 мың теңге тұратын жүк көлігінің дөңгелегін ұрлап кеткен.
«Ұрланған затты сатып жіберген. Қаскүнемдердің әрекеті бейнекамераға түсіп қалған. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Олардың қала аумағында жасалған басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріледі», делінген хабарламада.
Қалалық полиция департаменті жүргізушілерге өз көліктерін ашық қалдырмау керектігін, сондай-ақ автокөлікті дабылдық жүйемен және бейнебақылау камералары орнатылған тұраққа қою керек екенін еске салды.