• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Шаруашылық 17 Тамыз, 2024

Балық өсірудің бабын тапқан

135 рет
көрсетілді

Алматы облысында акваөсіру өндірісін осы жылы 6 мың тоннаға, ал 2030 жылға қарай 20 мың тон­наға жеткізу жоспарланып отыр. Бүгін­де облыс көлемінде 30-дан астам балық өсіру шаруа­шылығы тұрақты түрде жұмыс істеп келеді. Кейінгі уақытта олардың қатары жаңа балық шаруа­шы­лық­тарымен толығып жатыр.

Облыс балық шаруа­шы­лығын республикалық дең­гейде дамыту бойынша көш­басшылар санатында. Мем­лекет тарапынан да ба­лық шаруашылығының дамуына субсидия ретінде қолдау көрсетіледі. Нәтижесінде, азыққа, шабақ­қа, дәрі-дәр­мекке және ин­вес­­тиция­лық салымдар үшін суб­си­диялауға жыл сайын қыруар қаражат бөлінеді.

«Мысалы, былтыр балық ша­руа­­шылығын субсидиялауға 150 млн теңге бөлінді. Бұл қара­жат то­лығымен игеріліп, биылға ар­нал­ған акваөсіру өнімінің өнім­ділігі мен сапасын арттыруда, сондай-ақ асыл тұқымды балық өсіруді да­мытуға субсидиялау көлемі 300 млн теңге болып бекітілді. Қазіргі уа­қытта «Kezekte» ақпараттық жүйе­лер платформасындағы «Balyqsy» сер­висі арқылы түскен 46 өті­нім бо­йынша 116,4 млн теңге тө­ленді. Биыл балық шаруа­шылығына инвестициялық салым­дарды суб­сидиялауға жергі­лік­ті бюджеттен 500 млн теңге бө­лі­ніп, қазір өтінімдер қабылдау жұ­мыс­та­ры жүргізіліп жатыр», дейді Алма­ты облыстық табиғи ресурс­тар және табиғатты пайдалануды рет­теу басқармасының басшысы Қанат Нү­сіпбаев.

Сонымен қатар «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл тұрғындары өз бизнесін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала алатыны, сондай-ақ техниканы лизингке ресімдеуге болатыны айтылды.

Өңірде балық шаруашылығын да­­мытуға сүбелі үлес қосып жүр­ген кәсіпкер Марлен Тұрсынәлі жуырда Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Есік өзенінің бойынан екінші ша­руашылығын ашып, суы тұнық бас­сейнге алғашқы ша­бақтарды жі­берді. Шамамен 1 млн доллар кө­лемінде инвестиция салынған жо­ба­ның жыл­дық қуаттылығы 500 тонна бол­­мақ. Осылайша, кәсіп иесі тау қой­­науын­дағы бассейнде форель тұ­қымын өсіруге бел байлап отыр. «Aller Aqua Polska» компаниясымен ті­ке­лей байланыс жасап, ­жеті ба­лық­ шаруашылығын ашқан «TMT Group» ЖШС басшысы Марлен Тұр­сынәлі балықта береке барын айтады.

«Ағынды судың арнасында өсетін балықтың дәмді болатынын тұтынушылар біледі. Балықтың адам организміне пайдасы өте зор. Балық тағамдарының құрамы микроэлементтер мен дәруменге бай әрі берекелі болады. Сондықтан балық пен теңіз өнімдеріне сұраныс артпаса, кеміген емес», дейді ісін ілгерілетіп отырған кәсіпкер.

Есік өзенінің бойынан ашыл­ған балық шаруашылығына жіберілген үш айлық шабақтар алты айдан соң салмағы 300-400 гр балық болып, байлық көзіне ай­налмақ.

 

Алматы облысы