• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Айбын 17 Тамыз, 2024

Болашақ сарбаздарға арналған қалашық

145 рет
көрсетілді

Елордалық жасөспірімдер Шекара қалашығында жауынгерлік шеберліктерін шыңдап, әскери өмірдің қыр-сырына қанық болуына мүмкіндік алып отыр. 18 тамыз – Шекарашылар күні қарсаңында Астанадағы Мичурино тұрғын үй алабында орналасқан «Batyrlar» әскери-патриоттық орталығында Шекара қалашығы ашылды. Елорда іргесіндегі бұл орталықтың жұмыс істеп тұрғанына бір жыл ғана уақыт болған. Соған қарамастан орталыққа келетін тәрбиеленушілердің саны артып келеді.

«Batyrlar» – Әскери пат­риот­тық және іздестіру қоз­ға­лысы республикалық қауым­дастығының жанынан был­тыр ашылған орталық. Мұн­дағы сабақтарға негізінен аз қамтылған және толық емес отбасылардан шыққан, бола­шақ­та Қарулы Күштердің, құ­қық­тық тәртіп және қауіп­сіздік органдарының офицері болғысы келетін жоғары сынып оқушылары мен колледж студенттері қатысады. Бұл орайда «Арыстан» арнайы мақсаттағы қызметі мен ҰҚК Шекара қызметі бірінші болып өздерінің кадрлық резервін құруға қызығушылық танытып, орталықтың жұмысына белсене араласып отыр.

Әскери патриоттық және іздестіру қозғалысы респуб­ли­ка­лық қауымдастығының төрағасы Аманжол Оразбаев­тың айтуын­ша, былтыр қаңтар айында бір­неше запастағы офицер бірігіп республикалық әскери патриоттық және іздестіру қауымдастығын құр­ған. Ал әкімшілік қоғам­дас­тықтың бастамасын құп алып, бұрынғы мектептің бос тұрған ғимаратын он жылға беріпті. «Запастағы офицерлер ұйымдаса келіп, еліміздегі Қарулы Күштер мен күштік құрылымдардың барлығына хат жазып, өз қалашықтарын ашуға ұсыныс хат жібердік. Өйткені әрбір құрылымның өз қалашығы болғаны болашақта білікті кадрларды іріктеп алуға мүмкіндік береді. Мәселен, орталыққа келетін балалар қазір­ден бастап болашағын әскери қызметпен байланыстырып отыр. Ал олар өздері арман еткен саласының қыр-сырымен ертерек танысып, теориялық және тактикалық дайындықты ерте бас­таса, өз ісін шын сүйетін отан­шыл офицерлерді тәрбиелеуге жол ашады», дейді қауымдастық басшысы.

Орталықтың ұсынысын алғаш болып құп алған ҰҚК Шекара қызметі кәсіби мере­ке­ле­рі қар­саңында оқулық орнына ар­налған қалашықты ашты. Бұл жерде болашақ шекарашылар жау шебіне тосқауыл болу­дың әдіс-тәсілдерін мең­геруге мүмкіндік алады. Ең бастысы, Астананың маңайынан шықпай-ақ шекара шебіндегі қызметпен тәжірибе жүзінде таныса алады.

«Алдағы уақытта еліміздегі басқа күштік құрылымдар да шекарашылардың дәстүрін үлгі етеріне сенім мол. Олардың да қалашық ашуы үшін жер беруге дайынбыз. Болашақ жауынгерлер әскери қызметті тек теориялық тұрғыдан емес, тәжірибе жүзінде көруге тиіс. Қазірдің өзінде орталыққа Астананың әр жерінен жүзге жуық бала келіп жүр», дейді А.Оразбаев.

Қауымдастық басшысы қазір бала­лардың орталыққа қаты­науын жеңілдететін мектеп автобу­сы ауадай қажет екенін жеткізді. Қысы ұзақ болатындықтан балаларды қалаға дейін жеткізу, олардың аман-есен үйіне оралғаны уайымға айналатын кездері көп болады. Себебі орталыққа келетін балалардың арасында Қосшыда тұратындары да бар.

«Олар аптасына кемінде үш рет – сағат үштен кешкі жетіге дейін жаттығудан өтеді. Біздің нұсқаушылар – күш­тік құрылымдарда қыз­мет ететін әскери адамдар. Мысалы, «Арыстан» арнайы қызметімен мемо­рандумға отырдық. Қазір ай сайын арнаулы қызметтің жігіттері балалармен жаттығу өткізеді. Ату, тактикалық, саптық дайындық және көлік жүргізу сабақтары ата-бабаларымыздың қаһар­мандық тарихын зерттеумен, сондай-ақ қоян-қолтық, такти­калық медицина және жауын­герлік дрондарды қол­дану секілді әскери өмір­ге қажет күнделікті сабақ­тар­ды өткізеді. Эли­талық ар­найы жасақтың тәжіри­белі жауынгерлері тәрбие­ле­ну­шілерімен қуана айналысып, жасөспірімдер алдын­да үлкен қызығушылық та­ны­­­тып келеді», дейді ол. Айт­­пақшы, биыл қаладағы қоғамдық көліктердің бірінде жолау­шы­лардың біріне орта­лықтың тәр­биеленушілері алғашқы меди­циналық көмек көрсетіп, ажалдан аман алып қал­ғанын да айта кеткен жөн. Адам өміріне араша болған жасөспірімдер сол кезде орталықта үйренген так­­тикалық медицинаның қажет­­ке жарағанын жеткізді. Солардың бірі – Айдина Нұрғали.

Оның айтуынша, орталық туралы ол достарынан естіп-білген. Отбасында өмірін әскери қызметпен байланыстырған ешкім жоқ. Алайда қазірдің өзін­де таудай талабы бар Айдина болашақ мамандығын таңдап та қойған. «Ел тыныштығы жолында қыз­мет ету – арманым. Сол үшін осы орталыққа келіп жүрмін. Бұл жерде жүріп әс­кери саптық жүруді үй­рен­дім. Полигондарға шы­ғып жүрміз. Мысалы, 7 рет полигонға шық­тық. «Айбын-2024» әскери жарысына қатысып келдім. Көлік жүргізудің теориялық білімдерін меңгеріп жатырмын. Осындай теориялық және тәжірибелік даярлықтардан өту оқу бітір­ген соң әскери ака­демияға түскенде көп көмегін тигізеді деп сенемін», дейді А.Нұрғали.

Жалпы, әскери-патриоттық орталығының есігі кез келген балаға айқара ашық әрі беретін тәлім-тәрбиесі үшін ақы сұрамайды. Ең бастысы, сарбаз болып сапқа тұрғысы келетін жасөспірімдердің жауынгер болуға деген ықыласы ғана қажет. Ал орталық олар­дың әскери өмірге деген құл­шынысын арттырып, дұрыс таңдау жасауына ерте бастан көмектеседі екен. Кез келген мемлекет шекарадан басталады. Олай болса оқу қала­шығы өскелең ұрпақтың бойында бірінші кезекте еліміз үшін мақтаныш сезімін, азаматтығы мен патриотизмін, жо­ғары жауап­кер­шілігін да­мы­туға жұмыс істе­ріне сенім мол.

Қалашықтың ашылуына орай ұйым­дастырылған іс-ша­рада орталықтың тәрбие­ле­ну­ші­лері тактикалық дайын­дығы мен жауынгерлік дағды­ларын көрсетті. Сондай-ақ ұйым­­дас­ты­рушылар келушілерге ел шека­раларының қауіпсіздігін қам­тамасыз ету үшін пайдаланылатын ҰҚК Шекара қызметінің заманауи қару-жарақтары мен әскери техникасының көрмесін ұсынды. Бұдан кейін Шекара қызметі ансамблі солистері әннен шашу шашып, келушілер әскерилердің асханасында қонақ болып, сарбаз ботқасының дәмін татты.