• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 16 Тамыз, 2024

Қазақша сөйлеген тағы бір туынды

210 рет
көрсетілді

Қоғамда саяқ өмір сүретін, «ерекше» топтың қатарында саналатын ерекше армандары бар жандар ғажайыпқа көбірек сенеді. Алайда ақ пен қарасы қатар өрілген өмірде ғажайып көп болмаса да, көркем шығармаларда кездесіп жатады. Мәселен, Дэниел Киздің «Алжернонға арналған гүл» (Flowers for Algernon) шығармасындағы Чарли де бір ғажайыпқа сенді, арманына қол созды. Өмірі күрт өзгеріп, «ерекшелігінен» айығатын сол бір сәтті аңсады. Қарапайым адамдардың қатарына асықты. Жуырда «Мазмұндама» баспасынан осы ерекше жанның тағдыры суреттелген кітап қазақ тілінде жарық көрді.

«Алжернонға арналған гүл» – әлемге ақыл-есі кем жігіттің кө­зімен қарап, оның жан сара­йына үңілтетін тебіреніске толы шығарма. Роман күнделік түрінде жазылған. Шығармадағы бас­ты кейіпкерлердің прототипі автор­дың өмірінен алынған. Чар­ли Гордон деген 32 жастағы жігіт ақылды болуды армандай­ды. Жанына жалау болар дос іздеп, жақсылықтан үміт үзбей­ді. Күн­дердің күні адамның ақыл-ойын операцияның көмегімен дамытуды көздеген білікті дәрігер-ға­лымдарға тап болып, өзіне тәжі­рибе жасауына көнеді. Бастапқыда орфографиялық, пунктуациялық қатеден аяқ алып жүре алмайтын оның жазбалары бірте-бірте са­уатты болып, мазмұны да тереңдей түседі. Әйтсе де «ақылды болсам, досым да көп болады, өмірім гүлденеді» деп күткен Чарлиде бәрі керісінше болады... Бір деммен оқылатын шығарма жанарыңа мөлдір моншақтар тізіп, жаныңды мұңға бөлейді.

Иә, бұл кітаптың қазақшаға аударылып шығуы да оңайға соқ­паған. Басты кейіпкері Чарли­дің тағдыры секілді бұл шығар­маның да жолы ауыр болыпты. Баспа өкілдері үш жыл дегенде автор құқығын әрең алған. Аударма жұмыстары да біраз уақытты алыпты. Сонымен атал­ған баспаның бес жыл бойғы еңбе­гінің арқасында Дэниел Киздің «Алжернонға арналған гүлі» қазақ оқырмандарына жол тартып отыр. Аударған – ақын Дәурен Берікқажыұлы. «Бұл аударма басқа аударма кітаптарына қарағанда тым ауыр болды. Өйткені кітап ақыл-есі кем баланың күнделік іспетті баяндамасы арқылы берілген. Орфография, пунктуация заң­ды­лықтарын білмейтін бала сөз­ді қалай естісе, солай жазуға дағдыланғандықтан, алғашқы тарауларды оқу оқырмандарға ­қиын соғатыны белгілі. Шығар­ма ақыл-есі кем балалардың мех­натты тағдырына қоғамның назарын аудару мақсатында жазыл­ған. Америкада бұдан 50-60 жыл бұрын жарық көрген кітаптың әлі күнге дейін өзектілігі артпаса, кемімегендігі көп жайттан хабар берсе керек», дейді аудармашы.

Айта кетейік, кітап Allur авто­көлік компаниясының қаржы­лан­дыруымен қазақ тіліне аудары­лып, басылып отыр. Аталған ком­пания 1 000 дана кітапқа 5,5 млн теңге бөлген. Енді жаңа шығар­ма Алматы облысының мектеп кітапханаларына таратылады.