• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Денсаулық 19 Тамыз, 2024

Дұрыс тамақтану – денсаулық кепілі

140 рет
көрсетілді

Күн өткен сайын дұрыс тамақтану адамзат алдында тұрған ең өзекті мәселенің біріне айналып келеді. Дүкен сөрелерінен табиғи азық-түлік өнімдерін табу қиын. Яғни тамақ өнімі нарығындағы ахуалды қалыпты қадағалау күрделі болып отыр. Елі­мізге сырттан әкелінген технологиялары белгісіз, соның ішін­де халықтың денсаулығы үшін қауіпті сапасыз тамақ өнім­деріне тосқауыл қоймай, бұл мәселені жолға қоя алмасымыз анық.

Деннің саулығы ең алдымен дұрыс тамақтанудан басталатынын білсек те, күнделікті өмірде бұл мәселеге аса мән бермейміз. Дүниежүзілік Денсаулық сақ­тау ұйымының сараптауын­ша, әлемдегі мерзімсіз өлім жағ­дай­ларының 80 пайызы төрт негіз­гі қауіптен тұрады. Оның ішін­де физикалық белсенділіктің төмен­деуі мен дұрыс тамақтанбау көш басында тұр. Ғалам дабыл қағып отырған бұл проблема бізді де айналып өтпейді.

Денсаулыққа ең пайдалысы – өмірлік қуат көзін табиғаттың өзінен алу. Уақыт ағымына сай бұл дәстүр келмеске кетті демесек те, жұрттың бәрінде бірдей табиғи тамақтарды ғана тұтыну мүмкіндігі жоқ. Бүгінгі дамыған технологиялар заманында адамзаттың өмір сүру салты мүлде басқа арнаға бұрылды. Әлемдік зерттеу бо­йынша 65 жасқа дейін өлім құш­қан­дардың 12 пайызы – қатаң диета, шамадан тыс тамақтану, зиянды тағам­дарды жиі тұтынудан туын­даған аурулардың салдарынан көз жұмғандар. Қимыл-қозғалыс күрт азайып, артық колория, ағзаға дұрыс сіңбеген тамақ семіз­дікке шалдыққандардың санын арт­тырған. Ғалымдар артық сал­мақ­тың 98 пайызы тамақтан, тек екі пайызы ғана эндокринология мен жүйке жүйесіне байланысты екенін, адам бойындағы 4 кг артық салмақ өмір сүру мерзімін бір жылға қысқартатынын дәлелдеп отыр.

Өкініштісі сол – семіздікке ұшы­рағандардың басым бөлігі кәмелет жасына толмаған жет­кін­­шек­тер. Ресми мәлімет бо­йынша, әлемде 175 миллион бала­ның салмағы 100 килодан ар­тық. Мамандар бұл кесел адам ағза­сына зиянды қанық­қан май қыш­­қылдарының, әртүрлі дәм­деуіштер мен транс­май­­лар­дың ошағы саналатын фастфуд өнімдерін, түрлі газды сусындарды шамадан тыс тұты­ну­дың салдары екенін айтады. Бүгінде атынан адам жаңы­ла­тын түрлі фастфудтар, шетелдің жылдам даярланатын тағамдары мен жартылай фабрикат өнімдер қоғамдық сипат алып, өмірімізге дендеп еніп кетті. Оның бір ғана дәлелі, кейінгі жылдары еліміз­дегі фастфуд тағамдарын сату көлемі 50 пайызға, фастфуд мей­рам­ханалары 48 пайызға, ал онда жұмыс істейтіндердің саны 29 пайызға өскен. Бұл дегеніңіз – ел тұрғындары тек фастфуд тағам­да­рына жылына қыруар қаржы жұмсайды деген сөз.

«Фастфудтың атасы саналатын түрлі бургерлердің құрамындағы ароматизатор, бояғыштар, антиоксидант пен консерванттар, дәм­деуіштер бір дәмін татқан жанды бас тарта алмайтын жағ­дайға жеткізеді. Ағзамызға аса қуат бермесе де, бауыр мен жүрекке, қантамырларына май боп жиналады. Тез тойдырады әрі жеп отырған адамның көңіл күйін жақсартады. Дәрігерлер мен мамандар қанша жерден дабыл қақса да, тілге жұмсақ болған­мен ажалға айдайтын ауру­лар­дың апанына баланатын бұл тағамдардан тыйылатын түріміз жоқ. Мұндай өнімдерді үздіксіз тұтыну, семіздік, атеросклероз, гипертония, гастрит, холесцистит, инфаркт сияқты ауру­лармен қатар қатерлі ісіктерді де дамытатын күшке ие», дейді дәрігер Маржан Болатқызы.

Маман айтып өткендей, аптап ыстықта шөлімізді басатын неше түрлі құты-қалбырлардағы қызылды-жасылды сусындардың ағзамызға тигізер алапат зиянын мың сан рет естісек те, оны ойлап бас қатыра бермейміз.

«Кез келген газдалған сусын­ның құрамында көмір­қыш­қыл газы кездеседі. Ол сусынның ұзақ сақталуына ықпал етеді. Мұндай сусындар асқазан секрециясының қабынуына, ішек ауруларының өршуіне әкеледі. Қант немесе жеңіл сіңетін көмірсулар адам ағзасына түскеннен кейін тез ыдырап, артық салмақтың жиналуына, әрі қарай семіздікке және қандағы қант мөлшерінің көбеюіне байланысты қант диабетіне апарып соқтыруы ғажап емес», дейді дәрігер.

Ғаламтор бетіндегі зерттеу-тәжірибесіне үңілсек, тәтті газ­дал­ған сусын ішкеннен кейін ағза­­мызда мынадай үдерістер белең алады.

«Он минут ішінде бірнеше қасық қант бірден ағзамызға түседі. Көп көлемде қабылданған қант құрамындағы фосфор қыш­қылының әсерінен жүрек айнымайды. 20 минуттан кейін қан құрамында инсулин мөл­ше­рі күрт шарықтап, бауыр дене­дегі артық қантты майға айнал­дырады. 40 минуттан соң денемізді кофеин дендейді. Көз қарашығы үлкейіп, қан қысымы жоғарылайды. Өйткені бауыр қанға үлкен көлемде қант жібереді. Ағзадағы рецепторларды тоқтатады. Адам ұйқысырай бастайды. 45 минуттан кейін адам денесі дофомин гормонын нормадан көп өндіреді. Ол мидың жұмысын бәсеңдетеді», дейді маман.

Диетологтер тамақтанудың ең дұрыс тәртібі ретінде күніне төрт мезгіл тамақтануды мо­йындап отыр. Таңғы, түскі, түс ауа және кешкі ас ішудің арасындағы ұзақтық төрт-бес сағатты құрауға тиіс. Әсіресе кешкі асымызды ұйқыға жатардан кемі 2-3 сағат бұрын ішуді қатаң қағидаға айналдыру керектігін алға тартады. Тіпті дұрыс тамақтануды арықтау үшін пайдаланғанның өзінде, тұтынатын калория мөлшері жұмсалатын энергияны өтеуге тиіс. Ол нақты адамның жынысына, жасына, жеке физиологиялық ерекшеліктеріне, өмір сүру салтына, жұмыс істеу сипатына байланысты.

Сайып келгенде, әр адамның денсаулығы – өз қолында. Ақ­па­рат­тың кең заманында әрбір азамат пайдалы ас пен зиянды тағамдардың аражігін ажырата білгені абзал.

 

АЛМАТЫ