• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Ұлттық спорт 19 Тамыз, 2024

Көп үміт көкпаршыларда

60 рет
көрсетілді

Қыркүйектің 8-13 күндері аралығында Астанада V Дүниежүзілік көшпелілер ойындары өтеді. Байрақты бәсекеде 21 спорт түрінен жарыс өтетін болса, соның ішінде ұлттық құрамамыз көкпар, теңге ілу, жамбы ату, аударыспақ, тоғызқұмалақ, құсбегілік пен бәйге сынды ұлттық ойын­дардан бақ сынамақ. Дүбірлі додада ел намысын қорғайтын көкпардан ұлттық құраманың мүшелері осы күні Жаңашар аулындағы олимпиадалық оқу-жаттығу алаңында дайындық шараларын күшейтіп жатыр.

Таң бозарғаннан атқа қонған көкпар­шылар ұзындығы – 220, ені 70 метрлік аумақта жаттығуларын бастап кеткен. Ат спортына биыл алғаш рет арнайы жасақталып, құм төселген алаңның шаңын шығарған көкпаршылардың таң­ғы жаттығулары қызған. Сай­дың тасындай іріктелген тақы­мы мықты, білекті де жүректі жі­гіттердің жігерлі ойында­ры, тартысқа толы қимыл-қозғалыс­тары қызықтырып қана қомай, делебе қоздырады. Көк «серкені» тақымдаған көк­пар­шылардың додалы жарыс­та топ жарып, үздік шығуына көк­­пардан ұлттық құраманың бас бапкері Ақылбай Манкеев, тәжіри­белі жаттықтырушылар Еркебай Омарбек пен Нұрдәулет Момынов бірлесе шыңдап, ширатып жатыр. Сөйтіп, елорда төрінде өтетін тартысты бәсекеде еліміздің абыройын асқақтатып, ұлттық спорттың ұпайын толықтыруды діттеген сайыпқыран спортшылардың жаттығу жұмыстарына жан-тәнімен кіріскені байқалады.

«Бұл – біздің бесінші жаттығуымыз. Екі айдан бері белсенді дайындалып жатырмыз. Спортшыларымыз таңғы сағат 6-дан спортзалда жаттығуларын бастайды. Одан кейін аттарын баптайды, тарайды, денесін қыздырып, жүргізеді. Түстен кейін тағы да 2 сағаттық жаттығуларын жасап, физикалық тұрғыда шынығады. Бүгін көкпарға дайындықты таңғы 5-тен бастадық, себебі күн қызып кетсе, аттарға қиын болады», деді көкпардан Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Нұрдәулет Момынов.

Алаңда ұлттық құраманың 24 мүшесі жаттығып жүр. Олардың 12-сі көкпарға, яғни шеңберге шапса, екінші жартысы – қазандыққа салым салатын көкбөріден сынға түсетіндер. Ат жалында ойнайтын спортшылар ұлттық ойынның осы 2 түрі бойынша алма-кезек шеберліктерін шыңдап, жаттығады. Десе де ойынға қатысатын ат пен адамды баптап жүрген бапкерлердің көңілін алаңдататын мәселе жоқ емес.

«Шеңберге шабатын құрамда ең мықты спортшыларымыз бар. Көкпардың бұл түрі бізге ыңғайлы, 10 жылдан бері ойыншыларымыз соған төселді. Ал қырғыз бауырлардың көк­бөрісіне «осалдық танытып аламыз ба?» деген ой қылаң бермей қал­майды. Себебі 2016 жылы соңғы рет көкбөріге қатыстық, содан бері бұл ойыннан қол үзіп қалдық. Оған қоса аттарымыз да қазандыққа барыңқырамайды, бейімделмеген. Соған барынша әрекет етіп, аттарды үйретіп жатырмыз. Біздің құрама ең бірінші қазандық ойыны басталған кезде қырғыз ағайындардан 3 жыл жеңілгенбіз. Өйткені атымыз дайын болмады, ат үйрету қиынға соқты. Содан соң ғана жеңіске жеткен едік. Қазандыққа ат келтіру өте маңызды. Осы себепті көкбөріге қатысатын ойыншылар құрамы Ұлан Байтөреев, Асқар Оңғарбаев, Бекболат Шекербеков сынды ардагер-шабандоздармен толығып, қарсыластарға есе жібермеуге күш салады», деді Н.Момынов.

Ел намысын қорғайтын ұлттық құрама­дағы спортшылардың ең үлкені 45-те болса, кішісі Ернат Мәлімбай – 23 жаста. Бүгінде есімі елге танылған, ұлттық құраманың мақтанышына айналған көкпардан Азия чемпионы шабуылшы Құрманбек Тұрған­бек, көкпардан Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Абылайхан Нышанбек, сондай-ақ Арман Жамалбеков, Мейрамбек Әбду, Есжан Құрманбай, Дәулет Айтан бастаған қорғаныстағы, жартылай қорға­ныстағы, жекпе-жектегі шашасына шаң жұқтырмас шабандоздардың қай-қайсы­сы да осал емесін, рухтанғанда кентавр кей­піне енетін қайсарлығын тілге тиек еткен жаттықтырушы Н.Момынов жеңіске жету үшін, ең алдымен, ауызбірлік, өз-өзіне сенімділік, табандылық пен өр мінез керегін ашып айтты.

Жылқы жануары өте сезімтал екені бесенеден белгілі. Олардың көңіл күйі мен қас-қабағына, жай-күйіне қарап, бабын келтіретін Мұрат Жапанов бастаған 5 сейіс қарамағындағы аттарды жарысқа жаратып жүр. Күнделікті жем-шөбін беріп, уақтылы суару, денесін тарап, аяғын жуу сынды шаруаларын шашау шығармай атқарып келеді.

«Шабыс аттарына айрықша күтім керек. Көкпар кезінде ұрылып-соғылғаннан көп жарақат алады. Сіңірі созылып, аяқтары кесілетін кездері болады. Уақтылы көмек көрсетіліп, ем-дом жасалады. Әзірге ондай проблема жоқ. Аттардың жаттығуға шығуы мен одан соңғы тынығуының да өзіндік ережесі бар. Оны шабандоздар жақсы меңгерген, мысалы, шабыстан соң аттың жүрек соғысы бір қалыпқа келгенше жүрісін тоқтатуға болмайды. Жарысқа шығар алдында мөлшермен азықтан­дыру қажеттігін қаперде ұстай­мыз. Жарыстан соң аттардың азы­ғына табиғи қо­ректік дә­ру­­­мендер қо­­­сып, күш-қуа­тының қал­пы­на келуі­не кө­мекте­се­міз», дейді 5 жыл­­дан бері қыз­мет етіп келе жат­қан ветеринар Ерболат Айдаралы.

Бабындағы ат бақ жандырары сөзсіз. Жарауы келіскен жүйріктер мен тізгін ұстаған қайсар шабандоздарымыз V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында көк туымызды көкте желбіретеріне сеніміміз зор.

 

Алматы облысы