• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сұхбат 21 Тамыз, 2024

«Креативті индустрияның мүмкіндігі зор»

119 рет
көрсетілді

Қазір азаматтардың шығармашылық әлеуетіне, зияткерлік капиталына басымдық беретін кезең. Өйткені бұл – креативті индустрияның қайнар көзі. Елімізде аталған сала қарқын алып, аяғын алшаң басты деу қиын. Бірақ дарынымен дүниежүзін мойындатқан отандасымыз жетерлік. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда шығар­машыл азаматтардың басын біріктіретін орталық құру маңыз­ды деген еді. Осы орайда елордада ашылған «ÓzgeEpic» креатив хабының директоры Тоғжан ҚҰРМАНЖАНҚЫЗЫМЕН әңгімелесіп, бұл бағыттың нарықтағы қазіргі ахуалын бағамдаған едік.

– Әуелі, шығармашылық орталық туралы кеңінен айтып берсеңіз. Идея қалай пайда болды, қалай жүзеге асты, кімдер үлес қосты?

– Сәт сайын өзгерген әлемде ескірмей, керісінше жаңашыл сипатқа ие болып, жаңа мүмкін­діктер беріп отырған құндылы­ғымыз – мәдениет. Адамның шығармашылық және зияткерлік әлеуетіне негізделген бұл құнды­лық дамудың жаңа сатысына шықты. Бүгінде мәдениет уақытпен бірге түрленіп, креатив және мәдени индустрия деген атпен жаңа сипатқа ие болды.

Жаңа индустрия өз әлеуетін толық дәлелдеп, әлемдік эконо­миканың ең жылдам дамып келе жатқан секторларының біріне айналды. Бұл саланың капитализациясы 2,3 триллион долларды құрайды. Креатив индустрия әлемдік ішкі жалпы өнімі­нің 3 пайызын иеленсе, бұл көрсеткіш 10 пайызға жететін елдер де пайда болды. Мәселен, 2013 жылы «шығармашылық эконо­мика» ұғымын айналымға енгізіп, осы бағытта мемлекет­тік бағдарламаларды қолға алған Оңтүстік Корея әлем алдында бұл индустрияның мүмкіндіктері шексіз екенін көрсетті. Бүгінде тек «BTS» тобы ел экономикасына жылына 4 миллиард долларға жуық табыс әкелетін жағдайға жетті.

Еліміздің де бұл бағытта дамуға зор мүмкіндігі бар: халқы­мыздың зияткерлік әлеуеті ұтымды стратегия құра білген жағдайда, ел экономикасының негізгі драй­веріне айналады. Ендігі ретте дәл осы зияткерлік құндылық – Әді­летті Қазақстанның басты сипаты болуға тиіс.

Әлемдік индустриядағы дамытудағы креатив хабтардың рөлін зерделей отырып, 2019 жылы елімізде алғашқы рет «ÓzgeEpic» кеңістігі құрылды. Мәдени индустрия ұғымы әлі де кең таралмаған тұста медиа және арт менеджер Мақпал Жұмабай екеуміз бастамашы болып ашқан «ÓzgeEpic» креатив хабы қазіргі күні Алматы қаласымен қатар, мәдени астанамыз – Түркістан және Астана қаласында жұмысын жүргізіп жатыр. Атап өту керек, қазіргі таңда «ÓzgeEpic» қазақ­тілді креаторларға қызмет ететін әрі толықтай қазақ тілінде контент өндіретін жалғыз хаб болып отыр.

Орталық халықаралық дең­гейде зама­науи бәсекеге қабі­летті отан­дық өнерді дамыту мен қоғамның мәде­ни санасын арттыруды, оған қоса дарынды, зияткер жас­тар­ға қолдау әрі тәлімгерлік көр­сетуді мақсат етеді. Хаб музыка, әдебиет, кино, анимация, креа­тивті білім, театр, медиа, көрме, көркемөнер, фото өнері, ғылым саласында өнімді қызмет етіп, контент өндірумен, креатор мамандар даярлаумен айналысады. Сонымен қатар «ÓzgeEpic creative hub»-ы осы күнге дейін 1000-нан аса маманға менторлық жасап, ондаған жобаның акселлерациясын сәтті жүзеге асырды.

– Елордадағы креатив хаб тұжырымдамасының өзіндік ерекшеліктері бар ма?

– Иә, креатив кеңістіктерді құруда жергілікті тұрғындардың менталитетінен бастап, әлеуметтік мінез-құлқына дейін сараптау қажет. Жергілікті халықтың руха­ни-мәдени қажеттіліктері мен креаторлардың кәсіби әлеуеті де ескерілуге тиіс. Біз елордада осы талаптарға сәйкес әзірге өнердің 20 жанры бойынша қызмет атқарамыз. Кеңістігімізде осы салалар бойынша 6 алаң жұмыс істейді. Олар – мәдени іс-шаралар, кездесулер, концерттер, би батл­дары өте­тін трансформер алаң, отандық баспа­лардың өнімдерін ұсынатын кітап дүкен-кафесі, этномұражай мен қолөнер шеберханалары, заманауи өнер галереясы, театр сахнасы және smart nomad games алаңы.

Астана қаласында тұрақты 25 резидент (ұйым) жұмыс істейді деп жоспарланған. Одан бөлек, жекелеген өнер тұлғаларымен, мәдениет мекемелерімен, басқа да ұжымдармен байланыс орнап, шарттар жасалған. Қазіргі кезде осы күнге дейін жүйелі түрде ұйым­дастырылған 50 тұрақты жо­ба жалғасып келеді. Мәселен, бір ғана шеберханада 14 қолөнер түрінен шеберлік сыныбы ұйымдастырылады. Атап айтқанда, кілем тоқу, алаша тоқу технологиялары, жүннен баскиім, қуыршақ, бөбектерге аяқкиім жасау, былғарыдан белдік, тиын қап және кілт қап жасау технологиялары т.б. үйретіледі. Креатив кеңістігіміздің 2 театры өз жұмысын бастады. Қазақстан­ның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Иманбаеваның «А.И театры» басқаруымызға өтті. Тамыздың 23-інен бастап, театрда «Момындардың зынданы» қойылымы сахналана бастайды. Осы кезде заманауи галерея­мызда Суретшілер одағының мүшесі, «Түстердің маэстросы» деп танылған Бақытнұр Бүрдесбеков­тің «Тыныс» атты көрмесі өтіп жатыр. Одан бөлек, трансформер залымызда «Бір толқында» халықаралық заманауи би чемпионаты ұйымдасты­рыл­ды. Күз айларында кеңістігіміз­дің құрамында жаңа мұражай бой көтермекші. Бұған қоса қала тұрғындары мен қонақтары, шетелдік туристерге, әртүрлі жас санатына арналған экскурсиялар өткізу жоспарланып отыр. Аз ғана мерзімде тұрақты жұмыс режімін қалпына келтірдік.

– Шығармашыл жастардың басым бөлігі мегаполистерде шоғырланған. Осындай хабтарды аймақтардағы қалалармен бірге аудандарда да ашу жос­парда бар ма? 

– Біздің кеңістіктеріміз ұжымның табандылығы мен кәсіби әлеуетінің арқасында өз күшімен ашылып, алтыншы жыл нарық жағдайында жұмыс істеп келеді. Елімізде креатив хабтарды бәсекелестік ортада алғашқы болып ашқанымызды мақтан етеміз. Мемлекетіміздің креатив индустрияны дамыту бағытындағы бастамаларын қолдап, сарапшылық танытамыз. Биыл мемлекеттік органдармен серіктестікте жұмыс істей бастадық. Мәселен, Мәдениет және ақпарат министрлігі және Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің бас­тамасымен Орал қаласында креатив хаб құруға ұсыныс түсті. Бұл ірі мәдени іс-шара Президенттің аймақтарда креатив хабтар құру тапсырмасының негізінде жүзеге асырылып жатқаны бізге сенім берді.

Қазіргі күні бұл бастама «Samruk Kazyna Trust» қоры мен «Қара­шығанақ Петролеум Оперейтинг» компанияларының демеушілігімен жүзеге аса бастады. Орал қаласындағы Жастар мәдениет сарайында орналасатын хабымызға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл сала мамандары мен тиісті мекемелер бірлестікте жүзеге асырып жатқан ерекше жоба болады.

– Ұлттық болмысты сақ­тау­дағы креативті индустрия жобалары­ның маңызына тоқталсаңыз.

– Әлемдік, халықаралық тәжірибе көрсеткендей, креатив индустрия тұтас мемлекеттердің болмысын айқындайтын, ұштай­­тын бірегей салаға айналып келе­ді. Бүгінде барлық ел креатив салаларды даму страте­гия­сы­ның маңызды бөлігі ретінде бекі­тіп, экономикалық табыс көзі ретінде дамытып жатыр. Сондық­тан да ұлттық болмысты сақтау­дағы бұл индустрияның орны айқын. Мемлекеттер креатив индуст­ри­яның басым бағыттарын түзу арқылы өз болмыстарын ай­қындауда. Меніңше, креатив индуст­рия­ның ұлттық болмысқа деген ықпалы осы.

«ÓzgeEpic» хабының мақсаты – бәсекеге қабілетті заманауи қазақ өнерін дамыту және қоғам­ның мәдени санасын арттыру, сонымен қатар дарынды, зияткер жастарға қолдау әрі тәлімгерлік көрсету. Креатив хаб осыған дейін 15 мыңнан аса жастың қатысуымен 1500-ден астам мәдени іс-шара жүзеге асырды. Өнердің түрлі саласы бойынша жүздеген маманның креатив нарыққа қосылуына ықпал етті. Атап айтсақ, креатив хаб 30-дан астам заманауи орындаушы­ның шығармашылығын көпшілік­ке ұсынды, резидент ретінде кеңістікке әр кезде шоғырланған театрлар саны 10-нан асып, хабтың өз 2 театры құрылды. «ÓzgeEpic» бүгінде 50-ден аса тұрақты жобаны жүзеге асырып жатыр.

– Шығармашылық арқылы мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруде «ÓzgeEpic» өнер кеңістігінің үлесі қандай?

– Жалпы, арт кеңістігіміз қазақ тіліндегі заманауи өнерді дамыту алаңы ретінде құры­лып, өз мақсатын барынша орындап келеді. Барлық жобамыз қазақ тілінде жасалады және қазақ тілінің әлеуетін арттыруды көздейді. 

Осы күнге дейінгі әр жобамыз қазақ тілін жүйелі түрде дамытуға қызмет етті. Креатив хаб командасы балалар мен жастарға отандық және шетелдік бейне контентті қазақ тілінде қолжетімді ету мақ­сатында алғашқы отандық стириминг сервисі «Özinşe» платформасын жасап шығарды. Қазіргі уақытта платформа «Android» және «IOS» жүйелерінде қол­жетімді. Онлайн кинотеатр бүгінде корея­лық аниме компания­ларымен, TIJI, Nickeledeon телеарналарымен серіктестік орнатып келеді. Соны­мен қатар платформа жасөспі­рімдерге арналған өз ситкомдарын түсіруді қолға алды. Бұл ба­ғыттағы бастама да қоғам тара­пы­нан оң бағасын алады деп сенеміз.

Сонымен қатар «ÓzgeEpic» ұжымы 2019 жылдан бастап «Jangyryq» жобасын іске асыра отырып, елімізде алғашқы болып заманауи қазақ музыкасының жаңа толқынын қалыптастыруға ықпал етті. Музыкалық жоба аясында 50-ден астам жаңашыл музыкант нарыққа қосылды. Бұл жоба интернет кеңістіктегі, шығармашылық алаңдардағы қазақ музыкасының көлемін едәуір арттырды.

Дәстүрлі ән өнерін насихаттау және цифрлау мақсатында «Jauhar» жобасы жүзеге асырылып, Маңғыстау жыр мектебінің он үздік өкілі таспаланды. Қазақ жырларын сапалы аудионұсқада тыңдап, бейнесін тамашалауға мүмкіндік беретін бұл жоба бар аймақты қамтиды деп көздеп отырмыз.

– Креативті индустрия – адами капиталдың сапасын көрсе­тетін негізгі фактордың бірі. Қазіргі таңда осы сектордың ел экономикасындағы үлесін арттыру үшін тағы не істеу қажет? Қазіргі деңгейіміз қай шамада?

– Креатив индустрияны дамытушы тетік – білікті, халықаралық деңгейде сарапшылық әлеуеті бар мамандар. Бұл ретте жоғары акаде­миялық білімнің, сонымен қатар арнайы білім бағдарламаларының орнын атап өтуіміз керек. Елімізде жоғары білім жүйесінен тыс, қысқа мерзім ішінде сала мамандарын жүйелі түрде даярлайтын, сонымен қатар креатив сала менеджерлері мен кураторларын даярлайтын бағдарламалар жоқ. Бүгінде креатив мамандықтар­ға мақсатты түрде бейімделген кешенді оқыту жобасын жүзеге асыратын кез келді деп санаймыз. Осы ретте «ÓzgeEpic» хабы бастамашы ретінде оқу платформасын, оқу модулін құру, ұйымдастыру, сертификаттарды халықара­лық стандарттарға бейімдеу жұмы­сын өз мойнына алуға, жобаға ірі халықаралық мамандар мен компанияларды тартуға дайын. Креатив сала мамандарын даярлауда еліміздің нарығын ғана емес, Орталық Азия, жалпы Азия экономикасын, әлемдік сұранысты нысанаға алу керек деп санаймыз.

Қазіргі кезде «ÓzgeEpic Oral» креатив кеңістігінің базасында 2025 жылы 200 креатив маман даяр­лауды көздеп отырмыз. Бұл креатив білім беру жобасы әлеуеті­міз бен кешенді жұмысымыздың нәти­жесін көрсетеріне үміттіміз. Ұлттық құндылықтарымызды өз елімізде ғана емес, алыс-жақын шетелдер­де насихаттасақ деген жүйелі жоспары­мыз да бар. Осы күнге дейін бірнеше халықара­лық жобаны жүзеге асырдық. Біз әлемдік өре сайысында қазақ халқы­ның да зияткерлік әлеуеті танылуы үшін еңбек етеміз.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Зейін ЕРҒАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»