Ономастика – барлық жалқы есімнің тілдік және танымдық сипатын анықтап, тарихын түгендеп, болашағын болжайтын сала. Президент Ұлттық құрылтайда бұл саланың мемлекеттік деңгейдегі маңыздылығын атап өтіп, жер-су атауларын ұлттық биіктен зерттеу керектігін ескерткен болатын. Қазір бұл ғылым елімізде қарқынды дамып келеді. Түйткілді түйіндер мен маңызды мәселелер қазақ ономастикасында жетерлік. Филология ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Бекжан ӘБДУӘЛИҰЛЫ уақыт талабына сай туындап отырған ономастиканың үш бөліміне тиісті назар аударылмай отырғанын айтады. Олар: қалаішілік атаулар, далалық аймақтардағы географиялық нысандардың атаулары, шекара сыртындағы қазақ жер-су атауларының мәселесі.
– Бекжан Әбдуәлиұлы, әуелі тіл біліміндегі жер-су атауларын зерттейтін топонимиканың ұғымдық сипатына тоқталсаңыз.
– Жер-су атаулары десек, сырттай қарағанда оның аясына елді мекендер мен аймақтардағы географиялық нысандар ғана қамтылатын сияқты көрінеді. Ал топонимиканың зерттеу нысанының аясына осыған қоса елдімекенішілік атаулар да кіреді. Сондықтан «жер-су атаулары» деген сөз бен «топонимия» термині ұғымдарының арасында аздаған ерекшеліктер бар. Топонимияның аясына кіретін атаулар қорын жинақтап жүйелеудің өзі ұшан-теңіз жұмыс. Қазақ топонимикасының мамандары бір ғасырға жуық уақыт осы мәселемен айналысып келеді. Өйткені топонимия уақытпен бірге үнемі дамып жетіліп отырады. Бір жағынан жаңа заман сұранысына сай жаңғырып жатса, екінші жағынан көнеріп, қолданыстан түсіп қалатындары да көп. Мысалы, тәуелсіздік алған жылдар ішіндегі топонимиялық өзгерістерді алсақ та көп жайтты аңғарамыз. Бұл әсіресе елдімекенішілік атаулардың қазіргі заманға сай дамуынан ерекше көрініс берді.
– Бүгінгі күні топонимистер қандай мақсатта жұмыс атқарып жатыр?
– Жер-су атаулары өткен тарихымыз, қазіргі әлеуметтік-қоғамдық жағдайымыз туралы көп ақпарат бере алады. Қазақ топонимиясы мен топонимикасы бізге дейін де болған, болашақта да бола береді. Бірақ болашағы оның біз өмір сүріп отырған уақыт өткелінен қалай өтетіндігіне, яғни бізге байланысты. Ономастика бүгінде өз дамуының жаңа бір кезеңін басынан кешіріп жатыр. Қызметі мен мазмұнында қазіргі кезде мәдени, саяси, әкімшілік басқару, халықаралық қатынастар, экономика секілді бағыттардағы өзінің ерекше маңызды рөлі ескеріліп, ресми басқаруға алынған. Республикалық ономастика комиссиясының жұмысы топонимдердің бүгінін айқындап, болашақ даму бағыттарына болжам жасап отырады. Осы жұмыстардың дұрыс бағыт алып, әрі заман талаптарына сәйкесіп отыруы үшін көп болып атсалысуымыз керек.
– Осы тұсты тарқатып түсіндіріңізші?
– Ең әуелі қала ішіндегі нысандар атауын бір жүйеге келтіруіміз керек. Қазір олар екіжақты жүзеге асырылады. Мемлекеттік нысандарды атау ресми жолмен, талдаулар мен құптаулардың түрлі сатыларынан өтіп барып беріледі. Жергілікті тұрғындардың ұсынысынан бастап, республикалық ономастикалық комиссияның қарауына дейінгі аралықта жан-жақты қаралады. Бұл бағыттағы жұмыстар қазір жолға қойылған.
Бірақ жекеменшік нысандарға келген кезде мәселе күрделенеді. Оған бізде ресми бақылау жоқ, сондықтан қалаішілік нысандарға атау берудің бақылауға бағынатын да, бағынбайтын да тұстары бар. Біз осыған Еуразия ұлттық университетінің студенттерімен жылда оқу тәжірибесінде талдау жасап отырамыз. Мысалы, 2024 жылғы оқу тәжірибесінің кезінде Астана қаласының ономастикалық келбетін айқындау мақсатында біраз жұмыс атқардық. Атап айтқанда, Астана қаласындағы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер аясына топтасқан кәсіпорындардың тілдік ерекшеліктеріне талдау жасадық. Қала бойынша маусым айына дейін тіркелген 8531 нысан бар екен, солардың атауларына қарай лингвостатистикалық келбеті мынандай болып шықты. Тілдік құрамы бойынша алғанда қазақшасы – 1 389, орысша – 3 966, ағылшыншасы 1 876 екенін анықтадық. Талдаулар барысында бұдан өзге араб, парсы, т.б. тілдерде 402 атау қойылғаны белгілі болды. Сол секілді ағылшынша-қазақша, орысша-қазақша, ағылшынша-орысша аралас 898 атау кездесті.
Сараптау барысында қазіргі Астана ЖШС иелерінің латын әліпбиімен жазуға деген қызығушылығына да назар аударылды. Олардың ішінде латын әліпбиімен қазақша жазылған атаулардың саны – 132 екен. «Тіл туралы» заңға сәйкес екі тілде жазылған немесе қазақша нұсқасы бар атаулардың саны – 1 037. Осылайша, мемлекеттік тілдегі атаулардан гөрі орыс, ағылшын тілдерінің үлес салмағы 82 пайызға басым екені анықталды. Енді ойланайықшы. Қаланың тілдік келбетіне ұлттық сипат берудің аса қажеттілігін көбіміз білеміз, қолдаймыз. Алайда қоғамдық сана өзгерістері мен нарық талаптарының көрсеткіштері жоғарыда айтқандай, қуантарлық жағдайда емес.
Бұл – тек Астана қаласы бойынша алынған дерек. Бірдей мемлекеттік саясат, нарықтық экономикалық шарттармен өмір сүріп жатқандықтан, басқа аймақтардағы жағдай бұдан жақсы деп айта алмаймын. Бұған арнайы бақылау болуы керек.
– Бұл түйткілді шешудің тетіктері қандай?
– Министрліктер, әкімдіктер жанындағы ішкі саясат, мәдениет, тіл мамандарымен, өндірісте жүрген еңбек адамдарымен ақылдаса отырып, бұл бағыттағы өзге де көптеген сұрақтың оңтайлы шешімін ұсынуға тиіс. Бұған сонымен қатар филологтер, соның ішінде ономаст мамандар, орайын тауып нақты қажетті жеріне пайдаланса, ЖОО филология факультеттерінің студенттері де ұшан-теңіз көмек көрсете алады.
– Байырғы жер-су аттары нені білдіретін еді?
– Қазақ халқының ұлы даланы игеру әдісі бөлек қой. Көшпелілік дәстүрі малдың өрісі жетер аумақтағы әрбір нысанды белгі ретінде пайдалануға міндеттейді. Сондықтан кеңістікті игерудің бір жолы – жер-суға атау берудің қажеттілігі туындады. Осы қажеттіліктің негізінде халқымыздың танымында уақыт пен кеңістікті игеру мүмкіндігі қалыптасты. Жер-су атаулары – адресат, халқымыз барар жеріне осы атаулар арқылы бағыт түзеді, әр нүктені адаспай тапты. Алаңдататыны, біздің заманымызда осы атауларды жоғалтып алу қаупі тұр. Отызыншы жылдардағы ұжымдастыру, жаппай отырықшылыққа көшу кезінде үлкен аймақтардың әр түкпіріндегі атаулар ешкім аяқ баспаған соң ұмытылып қалды. Тәуелсіздік алған жылдар ішінде де жаппай қалаға көшу барысында көптеген ауыл жабылды, тозды, мал шаруашылығы құлдырады. Ауылдың айналасында сақталған көптеген атау тағы да жат бола бастады.
– Енді не істеуіміз керек?
– Ономаст мамандар арасында көптен бері айтылып келе жатқан даладағы атауларды картаға түсіру және сол арқылы оларды сақтап қалу туралы пікір қолдау тауып, биыл Архив құжаттама және кітап ісі комитеті арнайы жоба жариялады. Жоба тәжірибелік әрі теориялық мәселелерді қатар қамтыды. Жобаны жүзеге асырып жатқан мекеме – «Ономастар одағы» қоғамдық бірлестігі. «Тарихи-диахрондық әдісті қолдану арқылы ономастикалық атауларды жүйелендіру қызметі» жобасы аясында осы мәселенің шешімін тауып, біраз жұмыс қолға алынып жатыр. Мақсаты – көне атауларды жаңғырту, архив материалдары мен халық аузында сақталған атауларды түрлі сала мамандарымен, соның ішінде картограф, мобилографтармен бірлесе отырып қайта тірілту. Биыл Алматы, Жетісу, Абай, Шығыс Қазақстан, Павлодар өңірлерін аралап, біршама жоспар орындалды. Көпшілігіміздің көзімізге түсе бермейтін топографиялық карталардан алынып, дайындалған мемлекеттік каталогтегі жер-су атауларына зерттеулер жүргізілді. Шамамен 50-жылдардан бастап арнайы қолға алынған картаға түсіру жұмыстарының нәтижесі қайта қарағанда көрініп жатыр. Мысалы, жотаның атымен тауды атау, ешкімнен сұрамай қалаған атауын қоя салу, орыс тілінен калька аудару, орыс тілінің заңдарына бейімдей жазу арқылы ұлттық сипатын өзгерткен көп кемшілік анықталды.
Айталық, Абай облысындағы бір ғана жағдай – Барков Ключ (Бүкіртас), Вшивка (Шилісай), Голопузовка (Қарағансай), Ельцы (Бесқарағай) секілді География және су қауіпсіздігі институты мемлекеттік картотекада сақталған атауларды жергілікті тұрғынның барлығы бірдей біле бермейді. Осы аймақтың көнекөз ақсақалдарымен сөйлескенімізде, олар біршамасының қазақша нұсқаларын еске түсірді. Бұл – осы өңірдегі өзен, төбешік, сай, т.б. географиялық нысандардың атаулары.
Қала, ауыл, көше және тағы да басқа нысандардың атауын түгендеу қазіргі кезде өз жүйесін тауып, жолға қойылды. Ендігі мәселе – даладағы атауларды ретке келтіру, карта беттерінде ұлы кеңістіктің тілін қалыптастыру. Қазақ әрбір географиялық нысанға атау берген, сондықтан ұлы даланы танудың әдістемесі осы жерден басталуы керек.
– Бұл атауларды жинап, картаға түсіріп қоюмен іс біте ме?
– Картаға да күнде қарап отырмаймыз. Сондықтан осы бағыттағы жұмыс аясын кеңейтіп, әрі қарай жалғасын табуға тиіс. Болашағы бар деп анықталған ауылдар мен аудандардың айналасындағы атаулар жинақталып, ұмытылғандарын географиялық нысанның сипатына қарай қайта жаңғыртуымыз керек. Осы жаңғыртылған атаулар оқу бағдарламасына енгізіліп, мектеп оқушыларының география, дүниетану (өлкетану) сабақтарының кем дегенде екі сағаты бөлінсе дейміз. Сабақ кезінде оқушылар сыртқа шығып, ауылының айналасындағы атаулармен, оның шығу уәждері, этимологиясымен танысады. Кейін есейіп, ауылынан, тіпті елден алыс кетіп жатса, оны осы елмен, жермен байланыстыратын туған жердің аты бар тасы мен топырағы болады. Оқушының бала жасынан тек ауылының емес, айналасының атаулары да санасына сіңіп, өмір бойына сақталады.
– Қазақ халқы бұрын мекендеген аймақтардағы жер-су атауларын жаңаша зерттеу мәселесін көтеріп жүр екенсіз.
– Иә, шекаралық аймақтардағы, яғни Қазақстан шекараларының сыртында да дәстүрлі үлгідегі қазақ атаулары көп кездеседі. Бұл өз кезегінде топонимдерді ареалдық әдіс бойынша зерттеу қажеттілігін тудыратыны белгілі. Қазақ тарихы түрлі фактіні негізге алуға мүдделі, солардың қатарында жер-су атаулары да тұрады. Халықтың басынан кешірген тарихы мен мекендеген аймақтарында сақталған жер-су атаулары түрлі дерек береді.
Көшпелі қазақ халқы мекендеген аймақтар қазіргі ресми бекітілген мемлекеттік шекараның ауқымынан әлдеқайда кең. Жүрген жерінің барлығында әр нысанға атау беріп, кеңістікті меңгерген, осылайша мыңдаған топонимді дүниеге келтірген. Мұрасының қомақты бір бөлігі шекаралық аймақтарда жатыр, соның ішінде сызықтың арғы бетінде қалғаны да аз емес. Ол атаулардың болашақта сақталу-сақталмауы белгісіз. Себебі олардың көпшілігі қазір ресми қолданыста жоқ, тек ел аузында айтылады. Сондықтан арғы замандағы түркі, бергі уақытта орныққан қазақ тіліндегі атаулар да тарихымыздың ажырамас бөлігі ретінде қаралуға тиіс. Шекара сызығының сыртында қалған ол атауларды тарихи құжат ретінде тіркеп, болашаққа аманаттау – қазақ топонимикасының алдында тұрған бір міндет.
– Ал бұл міндет қалай жүзеге асырылады?
– Жер-су атауларының таралу аймақтарын анықтау жалғыз лингвистер мен тарихшылардың қолынан келмейді. Бұл іске географтар, соның ішінде картограф мамандардың да үлкен көмегі керек. Трансшекаралық аймақтардағы географиялық жағдайлар, нысандардың түрлері, табиғи нысандардың ерекшеліктері және олардың атауларының шығу уәждерін анықтау кешенді ізденістерді қажет етеді. Осы мәселелердің негізінде біз «трансшекаралық топонимия» терминін ұсындық. Ол ілгерідегідей кешенді мәселелерді күн тәртібіне қою және оның шешімдерін іздеу барысында туған болатын. Бастысы, ұғым дүниеге келді. Біраз зерттеу жүргізіліп, алғышарты жасалды, енді ол тіл, тарих, география ғылымдарының тоғысында кешенді зерттеулерге айналуға тиіс.
Қазақ ономастикасы – елдігіміздің айғағы. Оның ауқымы еліміздің ресми шекарасымен айқындалмайды. Қарап отырсақ, оның таралу аймағы өте үлкен кеңістікті құрайды. Сонымен қатар жоғарыда айтқан мәселелер де оңтайлы шешімдерді күтеді. Ол теориялық, қолданбалық және тәжірибелік мәселелерді қамтиды. Сондықтан бұл тек осы сала ғалымдарының емес, барша білім, ғылым, билік жүйесінің мамандарына да қатысты.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Абзал МАҚАШ,
«Egemen Qazaqstan»