Жаңақала ауданы – Батыс Қазақстан облысындағы ең малды, бақуатты өңірдің бірі. Маусымдағы соңғы санақта мұнда 82 700 ірі қара, 132 842 қой-ешкі, 34 400 жылқы, 632 түйе тіркелген.
«2024 жылдың алғашқы алты айында біздің ауданда жалпы құны 4 034,8 млн теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді» дейді аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев. Оның әңгімесінен Жаңақала ауданында мемлекеттік бағдарламалар арқылы 2024 жылы іске асып жатқан жобалар және алдағы жоспарлар туралы толығырақ мәлімет білдік. Күні бүгін ауданда 518 шаруа қожалығы, 42 ЖШС бар екен. Ал ресми тіркелген 15 ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің 8-і нақты жұмыс істеп тұр.
«Ауданда 93 шаруа қожалығы асыл тұқымды мал өсірумен айналысады. Оның ішінде 86 қожалық – ірі қара, 15 қожалық – қой, 5 қожалық жылқы өсіреді. Қазір біздегі асыл тұқымды сиыр малының үлесі – 24,5% (20 265 бас), қой – 12,5% (16 635 бас), ал жылқы 4,2% (1 438 бас) болды», дейді Алпамыс Жаңабайұлы.
Өңірдегі осындай оң өзгеріс төрт түліктің бабын тапқан шаруалардың тынымсыз еңбегі десек, мемлекеттің де ауылға арналған жәрдемі аз емес. 2024 жылдың 6 айында ғана осы Жаңақала ауданындағы шаруа қожалықтарына 511,3 млн теңге субсидия төленген. Соның ішінде мал шаруашылығы саласында төленген субсидия көлемі 454,3 млн теңге болыпты. Ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу бойынша 57,0 млн теңге субсидия берілген. Аудан басшысы биылғы 6 айда ауданда 22 трактор, 31 ауыл шаруашылығы техникасы жаңадан сатып алынғанын айтады. Бұған қоса «КазАгроҚаржы» АҚ желісімен 140,4 млн теңге жеңілдетілген несие берілген.
Ауыл шаруашылығы саласында тартылған инвестиция көлемі 6 ай ішінде 267,4 млн теңгеге жеткен.
Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдауға арналған «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2023 жылы Жаңақала ауданында шаруалардан 87 өтінім түскен екен. Соның ішінде 46 жоба мақұлданып, 290,8 млн теңге қаражат аударылып, жүзеге асыпты. Бұл бағдарлама биыл да жалғасын тапты. 2024 жылы «Ақжайық» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі АҚ басқармасына жаңақалалықтардан 39 жоба түсті. Бұл жобалардың жалпы құны 320,7 млн теңге еді. Соның ішінде 7 жоба – сүтті сиыр әкелу, 4 жоба – ірі қара бордақылау, 10 жоба – қой-ешкі алу, 3 жоба құс өсіру болыпты. Одан бөлек, егіншілік, көлік жуу бекеті, мал сою цехы, өңдеу кәсіпорындары секілді аралас жобалар да бар. Қазір аталған 39 жобаның 30-ы қанағаттандырылған.
«Сонымен қатар 3 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне 70,5 млн теңге мөлшерінде несие беру жөніндегі жобаларымызды «Aqjaiyq» АШӨК АҚ басқармасы талқылап жатыр. Екі жоба қазірдің өзінде қанағатандырылды», дейді аудан әкімі.
Мемлекет басшысы Жолдауында отандық кәсіпкерлікті қолдау және бәсекелестікті дамыту бойынша атқарушы органдардың алдына бірқатар нақты міндет қойған еді. 2025 жылға қарай ішкі жалпы өнімдегі шағын және орта кәсіпкерлік үлесін 35%-ға дейін ұлғайту тапсырылған. Осы бағытта мемлекет қабылдаған шешімдерге сәйкес шағын және орта бизнес тұрақты дамып келеді. Дәл қазір Жаңақала ауданында 1 736 шағын және орта кәсіпкерлік нысаны жұмысын жүргізіп тұр. Бұл салада 2 166 адам еңбек етіп, нәпақасын айырып жүр.
«Биыл кәсіпкерлік саласында 390 млн теңгеге 8 жоба жүзеге асты. Оның ішінде 2 азық-түлік дүкені, 2 супермаркет, 1 минимаркет, 1 дәмхана, 1 автокешен және 1 техникалық қызмет көрсету стансасы пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін барлығы 430,0 млн теңгеге 10 инвестициялық жобаны жүзеге асырамыз деп жоспарлап отырмыз», дейді Алпамыс Көшкінбаев.
«Биыл ауданда тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды тұрғын үймен қамту үшін «Самұрық-Қазына» арқылы 50 үйге – 774,8 млн теңге, БҚО құрылыс басқармасы арқылы 5 үйге 89,1 млн теңге қаржы бөлінді. Бұған қосымша биыл 12 үйге бюджеттік өтінім жолдадық», дейді А.Көшкінбаев.
Батыс Қазақстан облысы