ҚР Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли Талғардағы Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша қандай сараптамалар жүргізіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Осы іске байланысты біз істің мән-жайын аша алмаймыз, себебі бұл Ішкі істер министрлігінің құзыретіне жатады. Сот-медициналық сараптамаға келсек, бес түрлі сараптама тағайындалды: сот-медициналық сараптама, өрттің себептерін анықтау сараптамасы, фототехникалық сараптама, молекулярлық-генетикалық сараптама және биологиялық сараптама», деді Талғат Уәли.
Сондай-ақ ол сараптама үшін қандай да бір қару-жарақтың тәркіленгенін жариялауға құқығы жоқ екенін атап өтті.
«Осы сараптамалардың үшеуі аяқталып, құқық қорғау органдарына берілді, қалғаны әлі зерттеу сатысында. Толық ақпаратты тек Ішкі істер министрлігінен алуға болады», деді Әділет министрлігінің ресми өкілі.
Естеріңізге сала кетейік, 4 қазанға қараған түні Талғарда жастар арасында төбелес шығып, 16 жастағы Шерзат Болат қайтыс болды. Полиция адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Бұл істі Ішкі істер министрі Ержан Сәденов өз бақылауына алды.
Сондай-ақ 12 қазанда Азат ауылында Шерзат Болаттың отбасына тиесілі үй өртенді. Полицейлер мүлікті қасақана жою дерегі бойынша іс қозғап, оқиғаның себептерін анықтап жатыр.