• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Мәдениет 23 Тамыз, 2024

Қазақстанның Тәжікстандағы мәдениет күндері аяқталды

91 рет
көрсетілді

Душанбе қаласында еліміздің Тәжік­стан Республикасындағы мәдениет күндері аяқталды. Мә­де­ниет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен үш күнге со­зыл­ған еларалық жиында бірқатар ауқымды іс-шара өткізілді.

Атап айтсақ, 20 тамызда Душанбе қаласының «Ватан» кинотеатрында қазақ кино күндерінің ашылуы режиссер Р.Әбдірашевтың қазақ хандарының ерлігі мен елдігін баяндайтын «Алмас қылыш» тарихи туындысымен бастау алды.

Ал келесі күні Т.Собиров атын­дағы кинотеатр сахнасында Р.Сү­лейменовтің кеңес кезіндегі сындарлы саясат пен аумалы-төкпелі 1992 жылғы оқиғаны суреттейтін «Набат операциясы» ұсынылды. Сондай-ақ 70-80 жылдар­дағы халықтың сүйікті вокалдық-аспаптық ан­самбльдердің бірі туралы сыр шертетін А.Сахаманның «Дос-Мұқасан» фильмі де көрсетілді.

Айта кетейік, мәдениет күндерінің аясында Тәжікстан астанасының қақ ортасында, Фир­дауси саябағында Абайдың бюсті ашылды. Қазақ ойшылының мүсіні – екі елдің тамыры терең тарихи-мәдени байланысының нышаны екені сөзсіз.

Қазақстанның Тәжікстандағы мәдениет күндері «Кохи Борбад» мемлекеттік кешені сах­насында өткен қазақ-тәжік өнер­паздарының гала-концертімен қорытындыланды. Бұл кеште Халық әртістері Айгүл Үлкенбаева, Димаш Құдайберген, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мәдина Сәдуақасова, халықаралық кон­курстардың лауреаттары Парвиз Назаров, Темірлан Бейсембай, Назым Сағынтай және «Астана Балет» театры мен «Hassak» тобы өнер көрсетті. Халық әндері мен күйлері, Абайдың шығармалары орындалды. Тәжікстанның өнер жұлдыздары да ұлттық мәдениетін көрсетіп, халық шығармаларын нақышына келтіре шырқады. Екі елдің күйшілері домбыра мен дутарда күй-тартыс жасап, көрерменнің рухын бір көтеріп тастады.

Мерекелік кеш «Астана сазы» қазақ мемлекеттік фольклорлық ан­самблінің сүйемелдеуімен өтті. Бұдан бөлек, «Кохи Борбад» фойе­сінде Қазақстан Республика­сын­ың Ұлттық музейінің қорынан «Қазақ халқының қолданбалы-сән­дік өнері» атты көрме ұсынылды. Көр­­менің негізін XVIII-XX ғасыр­лар­­дағы қолданбалы өнердің біре­гей зат­тары құрайды. Онда киіз бұ­йым­­дар, зергерлік бұйымдар мен атәб­зел­дері, музыкалық аспаптар қойылған.

Арғы-бергі тарихымен тамырла­сатын көршілес елдердің мәдени-ру­хани жақындығы әрқашан жаңғыра беретіні анық. Қос елдің іргесін, әдебиеті мен мә­де­ниетін, тілі мен ділін, ұлттық өнерін жалғар мығым рухани байланыстар алдағы уақытта да жандана бермек.