• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Экономика 23 Тамыз, 2024

Мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі саралануға тиіс

113 рет
көрсетілді

Экономикамыздағы қордаланған мәселелер бәрімізге таныс. Басты себеп – шикізатқа тәуелділік. Еңбек өнімділігі төмен, инновация жеткіліксіз. Мемлекеттік бағдарламалар ішкі жалпы өнімге (ІЖӨ), экономиканың дамуына мультипликативті деңгейде әсер ете алмады. Бұл сегментте ақ пен қараның арасындағы миллион түрлі түс бар екенін мойындамайтын KPI жүйесі қалыптасқанын, бұл мәселе бұған дейінгі жоспар-жобалардағы басты қателік екенін сарапшылар күні бүгінге дейін айтады. Бюджетке түсетін қаржы бизнес­тен салық түрінде жиналып, сосын дәл осы бизнесті қолдап, ынталандыратын мемлекеттік бағдарламаларға жұмсалады екен. Бір сөзбен айтқанда, тұйық шеңбер.

Экономикалық сарапшы Тоғжан Қожалының айтуынша, мемлекеттік бағдарламаларды іске асырудың тиім­ділігін бағалау әдістері шығынның арнасын пайдаға бағыттау мүмкіндігін тежеп келді. Бағдарламаны басқару­дың мұндай тәсілі мемлекеттік орган­дарды тендерлік машинаға айнал­дырып, шығынға талдау жасау мүм­кіндігін шектеп тастады. Ал Страте­гиялық жос­парлау және реформа­лар агенттігі бағдарламада айтыл­ған міндеттерді айналып өтуді әбден меңгерген аймақтық әкімдерге, солардың жұмысын бақылап отырған Үкіметтің экономикалық блогіне мінез көрсете алмай, мемлекеттің стратегиялық маңызы бар құжаттарын тұйық шеңберге қамап қойды. Бас­қаша айтқанда, мемлекеттік бағдар­ламалардың нұсқасын дайындаған жұмыс тобы оның нәтижесіне баға беретін сырт пікірдің есігін жауып тас­тап, өзін-өзі бағалауға, қажет бол­са келесі бағдарлама арқылы дамы­туға мүмкіндік беріп қойған. Соның нәтижесінде 2005-2018 жылдар арасында елде 4 трлн теңгенің 961 жобасы іске қосылып, 90,6 мың тұрақты жұмыс орны ашылыпты.

«Тамыз  айының басында Үкімет басшысы Олжас Бектенов облыс әкім­дерінің қызметін бағалау жүйе­сі ескіргенін, енді ол басқа өлшем­мен бағаланатынын айтты. Олар­дың жұмысы өздерінің жауап­кершілігіндегі аймақтарда жұмыс­сыздық мәселесінің қалай шешілгені, ұлттық жобалардың экономикаға әсері деңгейімен бағалануға тиіс. Сол кезде ғана ұлттық жобалар ішкі на­рықтың күре тамырына қан жүгір­теді. Үкімет бұл реттегі ұстаны­мын ашып айту керек. Батыс елдерінде мұндай жо­ба­лардың экономикаға әсері триллиондармен бағаланады. Ресейде аяқталған мемлекеттік бағдарламалардың пайдасы, зияны, кемшілігі туралы деректердің басы ашық. Біз күні бүгінге дейін қолданыста болған бағдарламалардың ІЖӨ-ге қалай әсер еткенін, ішкі нарыққа қанша қаржы құйғанын білмейміз. Олардың кейбірінің шартты мерзімі аяқталмай жатып, екінші бағдарламаға ауысып кеткен кездері де болды», дейді сарапшы.

Үкімет 2022 жылдың күзінен бас­тап 10 ұлттық жобаны іске асыруға кірісті. Жоғары аудиторлық палата 9 ұлттық жобаның 7-еуінің тиімділігі төмен екенін мәлімдеді. Сарапшының айтуынша, күні бү­гінге дейінгі кемшіліктердің бәрін мемлекеттік бағдарламалардың немесе ұлттық жобалардың көптігімен байланыстыруға болмайды. Дамыған елдердің біразы елдің 5-10 жылдағы даму бағытын түрлі деңгейдегі бағдар­лама, түрлі жоба арқылы реттеп отырады. Біз ұлттық жобаларды жо­ғары аудиторлық палатаның сүзгі­сінен өткізіп алу арқылы бұл бағытты нарық заңымен жүйелегендей болдық.

Қаржыгер-сарапшы Бейсенбек Зиябековтің айтуынша, ұлттық жобаларды жоғары есеп палатасының сүзгісінен өткерумен шектеліп қалуға болмайды. Экономикаға дем бе­руге, дамытуға бағытталған бағ­дар­ламаларды қабылдаған кезде оның нарықпен интеграциялану мүмкін­дігіне назар аударылады.

«Біздің бағдарламаларымыз, жо­­­­баларымыз сауатты дегенді жиі ес­ти­мін. Бірақ оны жүзеге асыруға кел­генде бір кедергілердің қолдан ұйымдастырылатыны мемлекеттік дең­гейде мойындалып жүр. Мемле­кет басшысы кезінде «Реформа мони­торингі орталығын» құру, соңында ауқымды аудит жүргізу керегін айтты. Егер елдегі реформалар мен бағдарламаларға мониторинг жасайтын орталық ашылып, ол орталық Мемлекет басшысына ғана жауап беретіндей мәртебеге ие болса, біраз нәрсе өзгерер еді. Экономикалық-әлеуметтік бағдарламалардың орын­­да­луын бақылап отыратын Респуб­ликалық бюджеттің атқары­луын бақы­лау жөніндегі есеп комитеті министрліктерді тікелей сынамайды, бұдан кейін мәселе жабулы күйінде қалады», дейді Б. Зиябеков.

Сарапшы Жарас Ахметовтің ай­туынша, алдағы бесжылдықтарда мем­лекеттік бағдарламалардан бас тар­ту қиын. Бюджет бағдарламалық қағи­дат бойынша құрылған. Біз сияқты әлеуметтік қағидаттарға ба­сым­дық бере­тін елде кез келген сала мемлекеттің қолдауынсыз алға жылжи алмайды.

«Мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі туралы есептер қолжетімді болса, елдің дамуына оң ықпал етеді. Бірақ мемлекеттің араласуын қа­жетсініп тұратын салаларды нақ­ты­лап алуымыз керек. Біздегі бағдар­ламалардың басым көпшілігі әлеуметтік салаға, ауыл­ды дамытуға бағытталған. Бірақ осы салалардың экономикаға әсері әлі мардымсыз. Ауыл шаруашылығы, ауыл бизнесінің ІЖӨ құрылымындағы үлесі айтарлықтай өскен жоқ. Басқа салаларға жасанды қолдау көрсету нарық конъюнктурасын бұрмалап, тұрақты экономикалық дамуды тежейді», дейді сарапшы.

Оның сөзінше, кез келген ел мемлекеттік деңгейде қабылданған бағдарлама арқылы ішкі нарықты қолдауға басымдық береді. ДСҰ заңы бұл көзқарасты құп көрмесе де жан-жағымыздың бәрі ішкі нарықты сыртқы факторлардан қорғаудың сан түрлі тәсілін ойлап тапқан. Бізде қазір ДСҰ ғана емес, ЕАЭО -ға мүше елдердің импортынан нарықты қорғау тәсілін әрбір Ұлттық жобаға жекелеген баптар ретінде сынамалап-заңдастырып жіберетін кез келді.

«Бұл мәселе сан рет айтылса да, Үкімет ескеретін емес. Себебі тендерде бағы жанған кейбір компаниялар елде баламасы болса да, импорт тауарларды ала салғанды жөн көреді. Бұл көзқарас мемлекеттің импортты алмастыруға бағытталған ұлттық жобаларын көзін бақырайтып тұрып мансұқтау деп қабылданады. Қазір отандық тауарлардың экспортқа және ішкі нарыққа арналған бірнеше каталогі бар. Қаржы министрлігі дайындаған «Электрондық өнім каталогі» тендер жеңімпаздары үшін бас құжат болуы керек. Апта басында Премьер-ми­нистр импортты алмастыру, оның ішінде офтейк келісімшарттар арқы­лы жұмысты жандандыру қажет­тігін атап өтті. Индустрия министр­лігі­не ірі мердігерлердің отандық ши­кізат пен материалдарды пайдала­ну жөніндегі міндеттемелерін бақы­лаудың тиімді тетігін әзірлеуді тап­сыр­ды. Халықаралық тәжірибеде ішкі на­­рық, отандық өнімдер осы офтейк ке­­лісімдер арқылы қорғалады. Мұн­­дай шарттар ұлттық жобаның әрбір ба­бында көрініс тапқанда ғана олар ІЖӨ-ге, экономикалық дамуға муль­типликативті деңгейде әсер етеді», деп сөзін аяқтады Ж. Ахметов.

 

АЛМАТЫ