• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Медицина 23 Тамыз, 2024

Бес адамға өмір сыйлаған донор

81 рет
көрсетілді

Донор тапшылығы – әлемдегі өзекті мәселенің бірі. Жыл са­йын кезегін күтіп, донор жетіс­пеушілігінен қайтыс болатын нау­қастардың да қатары артпаса, кеміген емес. Көз алдында кел­местің кемесі таяп келе жатқа­нын жүрегімен сезінген сырқаттың ажалына араша түсуде донордың маңызы зор. Ал ғайыптың күшімен трансплантация жасалып, ағзасы ауысқан жандардың қалай кенен шаттыққа бөленетінін дәрігерлер қауымы түсінеді.

Ресми дерек бойынша елімізде донорды күткендер тізі­мінде 3 242 науқас тұр. Олар­­дың 116-сы бала. Кезектегі жандар­дың ішін­де бүй­рекке зәрулік өте жоғары – ­2 958 адам бар. «Транспланттауды және жо­ғары технологиялық медициналық қыз­мет­ті үйлестіру» орталығының дәйе­гін­ше, жыл сайын елімізде 300-ге тарта нау­қас донор кезегін сарыла күтіп, орган тап­шы­лығынан көз жұмады екен.

Қамкөңіл жандарды шыңыраудан алып шығар жол біреу ғана – донорлық трансплантация. Мәйіттік донорды іске асыруды қоғам жаппай қабылдағанда тізімдегілердің көпшілігі жарық дүниеге қайта келгендей күй кешері сөзсіз. Бір ғана мысал, жуырда Көкшетау қаласын­дағы облыстық ауруханада 44 жас­тағы тұрғын қайтыс болып, туыстарының келісімімен оның ағза мүшелері бес бірдей адамға донорлыққа жарады. Бір емес, бес адамға қайта өмір сыйлаған мәйіттік донордың жүрегі, екі бүйрегі, өкпесі және бауыры қамкөңіл жандардың көңілін жадыратты. Марқұмның туыстары келісім беріп, «University Medical Center» клиникаларында, яғни Ұлттық ғылыми кар­дио­хирургиялық орталығында 43 жастағы пациенттің жүрегі алмастырылды. Бұған дейін науқастың жүрегіне қан айналымын механикалық демеу құрылғысы (LVAD) жалғанып, аппаратқа тәуелді болып келген. Екінші науқасқа мәйіттік донордың өкпесі трансплантталды. Ал ана мен бала орталығында 15 жастағы жасөспірім қыз балаға донордың бір бүйрегі берілсе, Ұлттық онкологиялық орталықта тағы бір науқасқа екінші бүйрегі алмастырылды. Бауыр да осы орталықта ем алып жатқан науқасқа берілді.

Марқұмның органдары осылайша бес адамға өмір сый­лады. Ағза мүшелерін трансплантация жа­сау аса күрделі опе­рация санатына жа­тады. Отандық білік­ті мамандар сын сағаты соққанда асқан шебер­лікпен күрде­лі отаның жауапкер­шілігін арқалай білді.

Ұлттық онкологиялық орталықта бүй­регіне трансплантация жасалған науқас қайта туғандай күй кешкенін жет­кізді. Астана қаласының 42 жастағы тұрғыны бірнеше жылдан бері бүйрек зәрулігімен кезекте тұрған.

Операцияны Ұлттық ғылыми онко­логиялық орталығы Трансплантация сек­торының жетекшісі Мэлс Асықбаев жа­саған. Білікті маман елімізде донор тап­­шылығының салдарынан тізімдегі нау­­қастардың денсаулығы күн озған сайын­ әлсірей беретінін, тіпті қайтыс болып жат­қанын атап өтті.

«Республикалық трансплантация үйлес­тіру орталығынан түскен мәлімет­тен мәйіттік донордың органдарын алуға туыстарының рұқсат бергенін білдік. Дереу Ақмола облыстық ауруханасына Ұлт­тық ғылыми кардиохирургиялық орталық­тың мамандарымен бірге аттандық. Басын­дағы тамырдың жарылуынан бас ми өлімі тіркелген марқұмның органдарын ал­дық. Біз мультиорганды Көкшетаудан Астана қаласына жеткізгенге дейін екінші бри­гада арнайы бағдарламаның көмегімен қай пациентке трансплантация жасалаты­нын анықтап, науқасты операцияға бейімдеді. Яғни күту парағының тізіміндегі пациент­тер­дің арасынан әлеуетті реципиентті бағ­дар­лама өзі таңдайды. Бағдарлама сәй­кестік бойынша мәйіттік донор мен ке­зек­те тұрған науқастың өзара сәйкестігін ­өзі нақтылайды», дейді білікті маман.

Таңдау түскен науқас бұл кезде үйінде болған. Ақжолтай жаңалықты айтып, Ұлттық ғылыми онкологиялық орталыққа жеткізіпті.

«Операция 3 сағат ішінде сәтті жасалып, 12 жылдан бері диализге арқа сүйеп келе жатқан науқасқа жаңа өмір сыйладық десек те болады. Бүгінде пациенттің жағдайы жақсарып келеді, трансплантация жасалған бүйрегі де өзінің қызметін тұрақты атқарып тұр», деген М.Асықбаев бүйрек донорын күтушілердің де қатары қалың екенін айтты.

Мәйіттік донордың бір бүйрегі 42 жас­­тағы елорда тұрғыны Роза Әзмағам­бе­то­ва­ға трансплантталды.

«Алғашында пиелонефрит деген диаг­ноз таңылды. Уақыт озған сайын сырқатым да күшейіп, 11 жылдан бері диализге байланып қалдым. Мен бұлай екінші рет өмірге келгендей күй кешемін деп ойлаған жоқпын. Себебі трансплантация кезегінде тұрдым, бірақ донордың тапшылығынан үмітім үзілгендей еді. Ойда-жоқта түнгі мезгілде Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтан қоңырау шалып, донор табыл­ғанын, операция жасайтынын айтып шақыртты. Толық тексеруден өткізіп, отаны көтере алатынымды ескерткен­де ерекше қуандым. Қазір денсаулы­ғым біртіндеп қалпына келе жатыр. Бұрын еркін жүріп-тұрудың өзі мұң еді, диализбен жүрудің машақатын айтып жеткізе алмаймын. Енді, міне, мейірімді жандардың қайырымы, дәрігерлер­дің біліктілігі арқылы бұл сырқаттан да құтылдым», дейді астаналық Роза.

Елордадағы Ұлттық ғылыми онколо­гиялық орталықтың өзге де трансплант орталықтардан артықшылығы, мұнда қан тобы сәйкес келмейтін аса күрделі және жоғары сенсибилизациялы трансплантация жүзеге асырылады. Әлемде өте сирек жасалатын мұндай трансплантацияны еліміздің білікті дәрігерлері де игеріп отыр.

Көбінесе бас ми өлімі тіркеліп, қайтыс болған мар­құм мәйіттік донорға жарай­ды. Бірақ туыс­тары мәйіттің органын алу­ға, яғни пышаққа түсіруге үзілді-кесілді қар­сылық танытып, келісім бермей­ді. Транс­плантолог М.Асықбаев жыл са­йын донорды күтумен қаншама науқас көз жұма­тынын өкінішпен жеткізді. Мәйіт­тік трансплантацияға оң көзқа­ра­с қалыптасқанда ғана бұл тығырықтан шығу­дың оңтайлы тәсілі табылатынын айтты.

Мамандар халық арасында мәйіт­тік донорға рұқсат берсе, қайтыс болған­дардың мүрдесін жаппай сояды екен деген түсінік қалыптасқанына қын­жылады. Қоғамға түсіндіру жұмысын жүр­гізу қажеттігі туындап отыр. Мәйіттік донор дегенде негізінен бас ми өлімі тіркелген марқұмның ғана органдары трансплантацияға жарайтынын жалпақ жұрт түсінсе дейді мамандар.