«Көмір бар жерде өмір бар» дегендей, тіршілікті қамтамасыз етуде маңызы зор шикізатты жеті қат жер астынан қопарып алып шығып, ел игілігіне ұсынатын шахтерлердің еңбегі орасан. Осы салада табан ақы, маңдай терімен нәпақасын тауып жүрген еңбекторы азаматтарға тамыздың соңғы жексенбісі – Шахтер күнінде ерекше құрмет көрсетіледі.
Бұрыннан халықтың ықылас-пейіліне бөленіп келген мамандар мемлекет назарынан тыс қалған емес. Атаулы күн қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көмір өнеркәсібі саласында еңбек етіп жүрген бір топ шахтерді мемлекеттік наградамен марапаттап, сала мамандарының көңілін тағы бір серпілтіп тастады.
«Шахтерлердің қауырт, қиын жұмысын шахтаға түсіп, жұмыс барысын өзі барып бақыламаған адам түсінбейді», дейді сала ардагерлері. Жер астында тыныс тарылып, қала берді қатпар-қатпар тау секілді тастар төбеңнен төніп тұрғанда жұмыс істеу былай тұрсын, жай төңіректі барлаудың өзі оңай соқпаса керек. Шахтерлердің әлеуметтік мәселесіне қатысты түйткілдерді қоғам белсенділері, депутаттар осыған дейін талай мәрте қозғап, сала мамандарына айрықша көңіл бөлуге шақырды. Қазір қолға алынып, іске аса бастаған игіліктер сол құрмет, қолдаудың басы болғай дейміз.
Қоғамда еңбек адамының әлеуметтік мәртебесіне, хал-ахуалына қажетінше көңіл бөлінсе, онда өндіріске амалдың жоқтығынан емес, армандап баратындар көбейер еді. Жастар еңбекке ерте бастан қызығып, еңбек адамы болуға талпынса, одан қоғам, мемлекет еш зиян шекпейді. Сондықтан еңбек адамының абырой-беделін көтеретін, әлеуметтік жағдайын тіктейтін бастамалар, бағдарламалар қажет-ақ. Мысалы, былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек құқығына, талаптарына, қауіпсіздігіне қатысты бірнеше мәселеге тоқталып, Үкіметке зиянды еңбек жағдайында ұзақ жұмыс істеген мамандарды әлеуметтік қолдау шараларына тарту туралы тапсырма жүктеген еді. Көп ұзамай-ақ Үкімет зиянды еңбек жағдайында ұзақ уақыт жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қолдау тетіктерін әзірлеп, нақтылады. Салада жылдар бойы табан аудармай еңбек еткен жұмысшылар зейнет жасына дейін әлеуметтік төлем алатынын білдік. Мұндай төлемдер зиянды еңбек жағдайында жұмыс істеп жүрген 55 жасқа толған азаматтарға ұсынылған. Әлеуметтік төлем жайында бірер күн бұрын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов баспасөз мәслихатында айтып берген еді.
– Жұмысшылардың құқығын қорғау біз үшін әркез өзекті мәселелердің қатарында тұрады. Кейінгі жылдары бұл бағытта бірқатар заңнамалық өзгеріс енгізіліп, тиісті шаралар іске асты. Соның бірі – еңбек жағдайында зиянды жұмыстармен айналысатын адамдарға төленетін арнайы әлеуметтік төлем. Арнайы төлемді тағайындау үшін жұмысшының 55 жасқа толуы және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында кемінде 7 жыл кәсіптік зейнетақы жарналарының болуы міндетті шарт саналады. Бүгінде зиянды еңбек жағдайында ұзақ уақыт жұмыс істеген 9 145 азаматқа 1,7 млрд теңге сомасында арнайы әлеуметтік төлем тағайындалды, – дейді А.Сарбасов.
Бұл – әрине, биыл жыл басынан тағайындалған әлеуметтік төлемдердің есебі. Яғни осы жылдың соңына дейін және келер жылдары мұндай төлем алатын жұмысшылардың саны еселеп көбеюі мүмкін деген сөз. Президент тапсырмасымен іске асып отырған бастамаға төлем 4 көзден қаралапты. Бұл төлемдер республикалық бюджеттен, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан, жұмыс берушіден және өмірді сақтандыру компаниясынан түсіп отырады. Статистикаға үңілсек, арнайы төлем тағайындауға өтініш білдіргендердің көбі Қарағанды облысында тіркеліпті. Онда 1 696 адам төлем алуға ниеттенген. Сол секілді Қостанай (1 180 адам), Шығыс Қазақстан (1 132 адам), Павлодар (1 015 адам), Ақтөбе (599 адам), Ақмола (566 адам), Абай облыстары (505 адам) да өтініш көп түскен өңірлердің қатарында.
Тақырып төңірегінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбекті қорғау басқармасының басшысы Шалқар Оразбековпен байланысқа шығып, пікір сұраған едік.
– Жыл сайын елде күнкөріс деңгейі өзгеріп отырады ғой. Соған сәйкес әлеуметтік төлемнің сомасы да өзгереді. Ал жалпы төлемді есептеу тәртібі сол күйінде қалады, төрт көзден қаражат тартылғанын білесіздер. Жұмысшылардың өзге саланың мамандарынан ертерек зейнетке шығу тәжірибесі бізде ғана емес, Испания, Грекия, Хорватия, тағысын-тағы елдерде бар. Біздегі төлемнің де артықшылықтары бар деп айтуға болады. Мысалы, бізде зиянды еңбек жағдайында жұмыс істеп әлеуметтік төлем алатындарға өзіндік жеңілдіктер бар. Біріншіден, олар жұмысын жалғастырса болады немесе басқа жеңілдеу жұмысқа ауыса алады. Жұмыс істегегісі келмесе, сол әлеуметтік төлемді зейнет жасына дейін еш жерде жұмыс істемей-ақ тегін алып отырады, – дейді Ш.Оразбеков.
Басқарма басшысы жыл басынан бері үйлесіп келе жатқан шаруа өндіріске артық салмақ салмайды деп есептейді. Өйткені зиянды еңбек жағдайында күш-жігерін тежемей, адал еңбек еткен жұмысшыларды өндіріс басшылығы да жақсы түсінеді.
Арнайы төлемді жобалап есептесек, оның орташа мөлшері шамамен 208 мың теңгенің шамасында екен. Мұнда жұмысшылар жалақыны да, арнайы төлемді де үзбей алып, денсаулыққа зияны аз жұмысқа ауысса, өз еркі. Еш шектеу жоқ. Тіпті болмаса, олар зейнетақы тағайындалғанша төлем ала отырып, демалысқа шыға алады. Ескеретін жайт, арнайы төлем тек зейнет жасына дейін беріледі. Ал зейнетке шыққан жұмысшыға кейін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін төлемдерге қосымша мемлекеттік базалық және ынтымақты зейнетақы тағайындалады екен.