Әділетті Қазақстан құру жолында аяққа оралғы болған кедергілердің бірі әрі бастысы – сыбайлас жемқорлық. Қоғамға зардабы көп кеселмен күрес кейінгі уақытта қарқын ала бастады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жемқорлыққа қарсы күресте барынша қатаң да батыл болуымыз керек екенін, өйткені қазіргідей күрделі кезеңде азаматтар дәл осындай қадамды күтіп отырғанын айтты. «Халықтың әл-ауқатын арттырып, тұрмысын жақсарту үшін нақты нәтижеге қол жеткізуіміз керек. Сондықтан жемқорлыққа қарсы қызметтің барлық бағытын түбегейлі қайта қарау қажет», деді Мемлекет басшысы. Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды қолға алынған. Нәтижесінде, парақорлық қылмысын жасаған «шабақтар» ғана емес, «шортандар» да құрыққа түсіп жатыр.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өткен аптада елімізде жемқорлық жасап қолға түскен басшылардың мәліметтерін жариялады. Соның бірі – Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің басшысы А.Мұстафиновке қатысты қылмыстық іс. Өткен аптада Петропавл қалалық соты күдіктіге қатысты үкім шығарды.
Департамент басшысына делдал арқылы облыстағы қылмыстық атқару жүйесі мекемелеріне ұн жеткізу мақсатында мемлекеттік сатып алу шартын жасасуға жәрдемдескені үшін кәсіпкерден 1 млн теңге мөлшерінде пара алды деген кінә тағылған. Сот үкімімен А.Мұстафинов мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылып, оған 30 млн теңге мөлшерінде, ал пара беруші мен делдалға тиісінше 20 млн және 10 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Қазіргі таңда үкім заңды күшіне енген жоқ.
Сонымен қатар Ішкі істер министрінің бұйрығымен тиісті ведомстволық бақылау мен профилактикалық жұмыстың болмағаны үшін Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің басшылығы тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Атап айтқанда, комитет төрағасы, әділет полковнигі Т.Жәнібековке сөгіс, оның орынбасары, әділет генерал-майоры М.Аюбаевқа, өзіндік қауіпсіздік, кадрлық жұмыс және тылдық қамтамасыз ету басқармаларының бастықтарына қатаң сөгіс жарияланды. Осы бұйрықпен А.Мұстафинов теріс себептермен ішкі істер органдарынан босатылды.
Тағы бір жемқорлық оқиғасы Маңғыстау облысында тіркелді. Түпқараған аудандық соты Маңғыстау облысы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ директоры М.Қайранбаевқа қатысты үкім шығарды. Ол Өзбекстан Республикасы азаматынан жұмысқа орналасуға жәрдемдесу сылтауымен 200 мың теңге мөлшерінде ақша қаражатын алаяқтық жолмен жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды. Сот үкімімен оған 2 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сондай-ақ сотталған адам мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Қазіргі таңда үкім заңды күшіне енген жоқ.
Бүгінде парақорлық қылмысы мысалдарын қоғамның барлық саласынан табуға болады. «Батпандап кірген ауру мысқалдап шығады» демекші, жемқорлық кеселінен де әп-сәтте айығу мүмкін болмай тұр. Соның бір мысалы – қазіргі таңда Маңғыстау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті «Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС директорына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Ол аукцион өткізбестен заңсыз сату арқылы кәсіпорынның мүлкін аса ірі мөлшерде жымқырды деген күдікке ілінген. Залал көлемі – 65 млн теңге.
Бүгінде соттың санкциясымен күдікті қамауға алынып, тергеу жалғасып жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Ал Қызылорда облысында Экономикалық тергеу департаменті басшысының бұрынғы орынбасары А.Қасымбаев пен кәсіпкер Ж.Сәкенов сотталды. Алматы қалалық сотының анықтауынша, олар алаяқтыққа оқталғаны және Алматы қаласы кәсіпорындарының бірі директорының қылмыстық ісін тоқтату мақсатында құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне 10 млн теңге көлемінде пара беруге итермелегені үшін кінәлі деп танылды.
Сот үкімімен екі азамат мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып, алдағы 7 жыл өмірін темір тордың арғы жағында өткізетін болды. Сот үкімі заңды күшіне енді.
Өзге өңірлерге елдіктің үлгісін көрсетуге тиіс Астананың өзінде қолы мен құрығы ұзын «шортандардың» сыбайлас жемқорлықпен ұсталып жатқан оқиғаларын жиі көзіміз шалады. Соның бірі – «сақалды» құрылысқа айналған «Astana LRT» айналасынан дау арылмай тұр. Бірнеше жыл бойына тұралап қалған нысанның өзі көңілге көп күдік ұялатады. Қазіргі таңда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Astana LRT» ЖШС-ның бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Арданға қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр. Ауыр қылмыс жасағанын білдіретін дәлелдер күдікті Т.Ардан әрекеттерін Қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша саралауға мүмкіндік берді. Ал өткен аптада Қылмыстық-процестік кодекстің 208-бабы 1-бөлігіне сәйкес күдікті жауап алуға шақыртылды.
Алайда Т.Ардан елден тыс жерде болуына және келуден жалтаруына байланысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ҚПК-нің 205-бабының 3-бөлігін басшылыққа ала отырып, күдіктіні шақыру туралы хабарламаны бұқаралық ақпарат құралдарында жариялаған болатын. Жауап алу және күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулыны жариялау үшін Т.Ардан 2024 жылы 23 тамызда сағат 09:00-де Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 19, «Б» блогі мекенжайында орналасқан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің әкімшілік ғимаратына жедел-тергеу тобының басшысы Ж.Өтепқалиевке келуі қажет болатын. Алайда агенттіктің баспасөз қызметінен білгеніміздей, күдікті кездесуге келмеген.
Айта кетсек, Т.Ардан тергеу әрекеттеріне қатысу үшін қорғаушыны дербес шақыруға не қылмыстық процесті жүргізуші органның қорғаушының қатысуын қамтамасыз етуі туралы өтініш беруге құқылы (ҚР ҚПК 68-бабы). Егер қорғаушыны күдікті немесе оның заңды өкілдері, сондай-ақ олардың тапсырмаларымен басқа адамдар шақырмаса, қорғаушының қатысуын қылмыстық процесті жүргізетін орган қамтамасыз етеді (ҚР ҚПК 67-бабы).