• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Салық 28 Тамыз, 2024

Жаңа Салық кодексі: Үкімет пен Парламенттің сыналар сәті

117 рет
көрсетілді

Жаңа Салық кодексінің жобасын әзірлеушілерге қатысты айтылар пікір де, сын да баршылық. Қоғамдық пікір салықтың бюджетке емес, нарыққа, сол арқылы бизнеске дем бергенін құптап тұр. Апта басында Құрылысшылар одағы ұйымдастырған дөңгелек үстел барысында сарапшылар, бизнес-қоғамдастық өкілдері және мүдделі мемлекеттік органдар салық пен нарық арасындағы түйткілді мәселелерді талқылады.

Жаңа кодекс жобасы 21 маусымда «Ашық заңды тұлғалар» пор­­талында жарияланды. Кәсіп­кер­лердің айтуынша, Үкіметтің эко­но­микалық блогі бизнестің емес, бюджеттің шығыс бөлігін жа­буға көңіл бөліп отыр. Құжат жо­­басына сәйкес құрылыс ком­па­­ния­ларының тұрғын үй кешен­дерін­дегі пәтерлерді сату бойын­ша жеңілдіктері жойылады. Сондық­тан құрылыс салушылар баспана құнына 12% қосымша құн салығын (ҚҚС) қосуға мәжбүр. Бағаға әсер етпес үшін мемлекеттік салық түсім­дері мен азаматтардың баспа­наға қолжетімділігі арасын­дағы тең­герімді табу қажет. Құжат қа­зір­гі өз­герістермен қабылданар бол­са, биз­нес бұл жүктемені жал­ғыз өзі көтере алмайды. Артық ауырт­­­па­лықты тауардың құнына қо­су ар­­қылы жеңілдету – мәжбүрлі ше­шім.

«Бк Аудит» ЖШС басшысы Айжан Балакешеваның айтуын­ша, барлық проблема Салық кодексіндегі өзгерістерге байланыс­ты болып тұр. Үкімет салық органдарына бюджеттің кіріс, шығыс бөліктеріне өз бетінше мониторинг жасауға құзырет берген. Бұл мәселеде соңғы нүктені солардың қоятыны да белгілі болып қалды.

«Шын мәнінде бизнестің жай-күйі зерттеліп, саралануға тиіс. Қаржы министрлігі, Ұлттық экономика министрлігі, Мемлекеттік кірістер комитеті бұл тапсырманы өрескел бұзып, бизнес өкілдерінің пікіріне құлақ аспай отыр. ҚҚС-тың жаңа көрсеткіштері бизнесті өте қиын жағдайда қалдырғанын осыған дейін де айтқанбыз. Мұндай жағдайда Қаржы министрлігі де, Ұлттық экономика министрлігі де пәтер бағасын ырықтандыруға қауқарлы емес. Ал нарықтың беталысы біз естіп көрмеген бағытқа басымдық беріп кетуі бек мүмкін. Салдарынан адамдар пәтерді са­тып ала алмайды, салынған пә­тер­л­ер сатып алушысын күтіп, қаңы­рап тұрады. «7-20-25» және «10-20-25» мемлекеттік ипотекалық бағдарламалары тиімді болмайды. Осы күнге дейін әлеуметтік сегмент үшін құны 18 млн-нан 25 млн-ға дейінгі пәтерлердің өзі  қол жетпес арман болатын. Енді бар үміт – Үкіметте. Жоба Парламентке жетпей, қайта қаралады деген үміт басым. Заң осы күйінде қабылданып кетсе, құрылыс сегментінің инвес­тициялық климатына кері әсер етері белгілі», дейді Айжан Балакешева.

Бизнес өкілдері қосымша құн салығы тұтынушыға салмақ салатынын айтады.

«Мемлекет басшысы «От­басы банкі» бағдарламасы ипо­тека­лық несие шарттарының қол­же­­тімді болуын қамтамасыз етуге арналғанын жиі айтады. Себе­бі ауыл жастарының қалаға кө­шуін енді ешкім тоқтата алмайды. Мұндай жағдайда жұмыс іздеп қалаға бет алған жастарды пәтер­мен қамтамасыз ету бас­ты міндет болуы керек. Қазіргі өлшеммен қарағанда, халықтың қалтасы үшін шаршы метрі 360 мың теңге тұратын пәтер қолжетімді. Егер ҚҚС көтерілсе, сол бағаның өзі 450 мыңға барып бір-ақ тоқтайды. Ал министрлік ҚҚС арқылы шар­шы метр құнын одан әрі өсір­гісі келеді, сол арқылы барлық құры­лыс компаниялары бағаны көте­руге мәжбүр болады», деп сөзін түйіндеді «Бк Аудит» басшысы.

Жиынға қатысқан құры­лысшы­лар бүгінде баспанаға сұраныс бар, бірақ тұрғындар оны сатып ала алмай отырғанын айтты.

Құрылыс компанияларында өт­пей қалған, бос тұрған пәтер­лер көбейіпті. Халықтың басым бө­лігінің қазіргі бағалар­ды да қал­та­сы көтермейтіні бел­гілі болды. Құрылыс мате­риал­дарының 80 пайы­зы – импорттық тауарлар. Баға доллармен бірге өсіп жатыр. Мұн­дай жағдайда нарықтағы ұсақ компаниялар жұмысын уақытша тоқтатады немесе өздерін банкрот деп жариялайды. Мұның соңы на­­­рықтағы жаңа ойыншылардың қы­­рық жылғы қырғыннан да аман шы­ғатын монополист компа­ния­ларға жұтылып кетуіне алып келеді.

Салық альянсының мүшесі Жа­нар Сүлейменованың айтуынша, көп талқысындағы кодекстің жаңа­лығы жаңадан іс бастауға әре­кеттеніп жүргендерге емес, қа­лып­тасқан кәсіпорындар­дың ал­дағы тіршілігіне қауіп төнді­ріп тұр. Бизнес қауымдастық­тың пікі­рінше, бизнестің бас­ты пробле­масы – ҚҚС және жала­қының жоға­ры салық­тары. Бұл түйткілдер жаңа Салық кодексінің жобасында ше­шімін тапқан жоқ. Соған қарағанда келесі жобаның еншісіне қалған тәрізді.

«Бұл шешім Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың орта бизнесті дамыту туралы жос­­парының өзектілігін жоқ­қа шы­­ғарумен бірдей. Күні бүгін­ге дейін жоғары деңгейдегі шешім­дердің бәрі орта бизнестің дамуы­на әсер ете алмады. Статис­тика­лық мә­ліметтерде бар бол­ғаны 3 мың кә­сіпорынның жұмыс іс­теп тұр­ғаны айтылады. Бұл барлық шаруашылық жүргізуші субъектілердің 0,13 пайызынан аз», дейді сарапшы.

Салық кодексінің жоба­сын­дағы мәселелер шешілмесе, мұны декларация мен бөлшек сау­да салы­ғы арасындағы гибридтік әдіс деп бағалауға болады деген ой айтады.

«Мұндай жағдайда кодекстің жаңа редакциясы қоғам мен бизнес үшін ыңғайсыз әрі қалаусыз құжат ретінде қабылданады. Осы заңның жүзеге асуына мүдделі болып отырған топ нарықтағы жағ­дайдан мүлдем бейхабар сияқты. Нарыққа гибридті кодекс емес, ішкі мүмкіндіктің қалтасы көтере алатын дені сау кодекс керек. Осы құжат қабылданар болса, біздің қандай бағытпен жүретініміздің өзі күмәнді болып қалады. Қазір халық экономикалық құрылымның қандай болатынын білгісі келеді», деді Жанар Сүлейменова.

Қазақстан салық кеңесшілері қауымдастығының төрағасы Сәкен Қариннің айтуынша, шағын және микро бизнеске мемлекеттің қол­дауы қажет.

«Бұл қолдау салық ауырт­па­­­­лы­ғын азайту емес, салықтық әкім­­­­шілендіруді жеңілдету ар­қы­лы көрсетілсе, нәтижелі болады. Ұсыны­лып отырған салық реформасы бейресми немесе тіркелмеген бизнесті, төленбеген салықтарды және заңды айналып өтуді қамти­тын «көлеңкелі нарықтың» өсуіне ықпал етуі мүмкін. Құжатқа енген өзгеріс­тер салық органдары жос­парлы тексерістен кетіп, жос­пардан тыс тексеріс жүргізуге мүмкіндік бергелі тұр. Осыған дейін бұл мәселе мемлекеттің бақылауында болды. Кәсіпкерлер мен салық органдары арасындағы байланыс жоспардан тыс тексеріс жүргізуге мықты негіз бен себеп керек деген ұстанымға негізделді. Енді салық органдары жоспардан тыс тексерісті Кәсіпкерлік кодексі негізінде емес, өздерінің шеші­мі негізінде жүргізгісі келеді. Мұндай тәсіл жарамайды деп ойламыз. Мұның бәрі жемқорлық факторларын тудырады. Мен ең маңызды деген мәселені көтеріп отырмын. Жаңа Салық кодексінде кәсіпкерлерді толғандыратын мәселелер көп», дейді.

Ол қазіргі уақытта кәсіпкер­лер мен салық төлеушілерді алаңдатып отырған бірнеше негізгі жайтқа назар аударды. Айтуынша, ұлттық палата сарапшылар пікірінің түйінін «Ашық НҚА» порталында жариялау керек еді.

Жаңа кодекстің бірінші жобасына қауымдастық 200-ге жуық ұсыныс жолдаған. Дегенмен қазірдің өзінде кодекстің екінші жобасы әзірленді, ол бірінші тал­дауға сәйкес мүлдем басқа норма­ларды қамтиды. Оның салық төлеушілердің жағдайын жақсар­татын да, нашарлататын тұста­ры бар. Енді қауымдастық жаңа кодекстің екінші жобасына ұсыныс­тар енгізу мүмкіндігінен айырылып отыр. Айтуларынша, уақыт тапшы деп асығып, мил­лиондаған бизнес өкілінің болашағына селқос қарауға болмайды.

«Бұрын фискалдық орган біреуді адал емес деп тану үшін заң бұзушылықтың бар екенін дәлелдеуге мәжбүр болды. Заң кәсіпкерлердің құқын қорғады, мүдделерінің қорғалуын қамтама­сыз етті. Енді салық органдары профилактикалық бақылау прин­циптерінен алшақтап кетті. Біреуді біреу тексеру қажет деп есептесе, соны жасайды. Біз тексеру не­месе бақылау мақсатының ашық болуын қалаймыз. Са­лық орган­дарының кез келген жоспар­дан тыс тексерісі – бизнестің жағдайын нашарлататын норма», дейді С.Қарин.

Сарапшының айтуынша, бұ­рынғы тексерулердің барлық негіз­демесі Кәсіпкерлік кодексте нақты көрсетілген. Кәсіпкерлер Салық кодексінде де осындай ережелерді көргісі келеді. Олардың айтуынша, қазіргі құжат заңға тәуелді акт ретінде қабылданғалы тұр. Басқаша айтқанда, бұйрық қабылданады, соған сәйкес салық органдары тексе­руге іріктеу критерийлерін бекітеді. Бірақ Үкіметтің мұндай пікірлерге айтар уәжі де дайын болып шықты.

Ұлттық экономика минис­трлігінің өкілі Ерлан Сағынаев жаңа Салық кодексінің жобасында барлық проблемалық мәселенің 70 пайыздан астамы көрініс тапқанын және олар бар­лық рәсімді сақтауға тырысатынын мәлімдеді.

«Нарық бірінші кезекте ұсы­ныс­қа ғана басымдық береді. Тірші­лік бар жерде бұл процесс жалғаса береді. Сіз бен біздің 100 күн бойы талқылап, түйінін таба алмаған шешімдердің бә­рін нарықтағы ұсыныс пен сұра­ныс реттеп отырады. Ал заң жобасына қатысты тәуелсіз сарапшылар тарапынан 1 000-нан аса ұсыныс түсіпті. Халықара­лық сарапшылардың да пікірі ескерілді. Дүниежүзілік банк те, Халықаралық валюта қо­ры да оң пікір берді. Мемлекет бо­лып атқарып жатқан орасан іс­тер­ді жоққа шығармайық. Салық кодексінің барлық жобасы бизнес­тің де, халықтың да талап-тілек­теріне сай емес деп айту шын­дық­қа жанаспайды. Өйткені эконо­миканың дамуы тұрғысынан оңды жә­не жақсы тұстар көп», дейді Е.Сағынаев.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент жаңа Салық кодексінің жобасын қатаң сынға алғанын ұмытқан жоқпыз. 9 ақ­панда Премьер-министр Олжас Бектенов кодексті қайта жазып, оның риторикасын өзгертуді тапсырды. Нәтижесінде, Үкімет ҚҚС көтеру идеясынан бас тартып, кейбір нормаларды қайта қарады. Бірақ құжат қайта жазылса, біраз жайттың басы ашылмағанын пікірталастардың беталысы бай­қа­тып отыр. Бұл құжат Парла­мент­тің кәсіби біліктілігіне біраз сын болатын сыңайлы.

 

АЛМАТЫ