Ішкі істер министрлігінде Парижде өткен Олимпиада ойындарында топ жарып, жүлде алған динамолық спортшылармен кездесу өтті, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Министр Ержан Саденов спортшыларымызды жарқын жетістіктерімен құттықтады.
«Біз сіздердің әрқайсыларыңызды мақтан тұтамыз. Қандай сайысқа шықсаңыздар да, жеңісті болсын! Бұл жалпы қазақ еліне қосып жатқан үлестеріңіз. Тағы да сіздерді шын жүректен құттықтаймын!», деді министр.
Айта кетейік, Олимпиада ойындарының жүлдегерлері ведомство мұражайының тарихымен танысып, естелік кітабына қолтаңба қойып, жылы лебіздерін жазған.
«Үлкен рақметімді айтамын қазақ еліне! Парижде болғанда қолдауды сезіндік. Сондай-ақ Ішкі істер министрлігіне алғысымды білдіремін. Бұйыртса, келесі Олимпиада ойындарында күміс медалімді алтынға айналдыруға барымды саламын. Өсіп келе жатқан жас спортшыларға еңбек етіңіздер, сынбаңыздар дегім келеді», деді боксшы Нұрбек Оралбай.