2010 жылдың 18-20 мамырында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев бастаған делегация Тәжікстанда өткен Ислам Конференциясы Ұйымының (ИКҰ) Сыртқы істер министрлері кеңесінің 37-сессиясына қатысып қайтқан болатын. Делегация құрамында ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасының мұсылмандарды шеттету және кемсітумен күрес жөніндегі жеке уәкілі, ҚР Парламенті Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы Әділ Ахметов те болған. Төменде сенатордың Ислам Конференциясы Ұйымы туралы мақаласын оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Алдағы кезде Қазақстан төрағалық етпекші болып отырған Ислам Конференциясы Ұйымы – Азия, Африка, Еуропа және Оңтүстік Америка құрлықтарының үлкен географиялық аймақтарын мекендейтін, халықтарының жалпы саны 1,5 миллиардты құрайтын 57 мемлекеттің (оның сыртында бес бақылаушы ел мен бес халықаралық ұйым бар) басын біріктіріп отырған үлкен халықаралық форум. Ұйымға мүше елдер Жер шарының алтыдан бір (32,4 млн. шаршы км.) бөлігін иемденеді және олардың ішкі жалпы өнімінің көлемі 2009 жылы 7,5 трлн. АҚШ долларына теңелді. Бұл көрсеткіш бойынша бүгін олар алпауыт Қытайдан сәл ғана артта тұр. Қазір аталмыш Ұйымға мүше 45 елдің (12 кедей елді қоспағанда) жиынтық алтын-валюта қоры 981 млрд. АҚШ долларын құрап отыр. Олардың табиғи ресурстары да өте бай. Бұл көрсеткіш бойынша Ұйымға мүше елдер қазір әлемдік жер байлығының 65 пайызына қожалық етіп, шикізаттың 45 пайызын өндіреді.
Қазіргі кезде ірілігі жағынан Біріккен Ұлттар Ұйымынан кейінгі екінші орынды иемденетін Ислам Конференциясы Ұйымы 1969 жылы құрылған болатын. Бірақ о баста аталмыш ұйым Бүкіләлемдік ислам конференциясы (1926 ж.) деген атпен құрылып, кейін Ислам конференциясы форумы және “Әлемдік ислам конференциясы” деген атауларды да иеленген.
1969 жылдан бермен қарай Ислам Конференциясы Ұйымы өзіне мүше елдердің саяси проблемаларымен қатар олардың әлеуметтік-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени салаларына қатысты түйінді мәселелерді шешумен үнемі айналысып келеді. Ұйымның ұстанған негізгі мақсаты – мұсылман елдерінің өзара қарым-қатынастарын тереңдете түсіп, олардың ортақ табиғи және адами байлықтарының сол елдердің өз мүдделеріне тиімді қызмет етуіне және тұрақты дамуына оң ықпал жасау және олардың әл-ауқаттарының артуын қамтамасыз ету.
Ұйымның бас хатшылығы Сауд Арабиясының Жидда қаласында орналасқан. Ұйымның жарғысы бойынша Бас хатшыны бес жылдық мерзімге Ұйымға мүше елдердің бірінен Сыртқы істер министрлерінің кеңесі сайлайды. Қазіргі Бас хатшы Экмеледдин Ихсаноглу мырза бұл лауазымға 2005 жылдың бірінші қаңтарында бекітілген болатын. 2008 жылы өткен Ұйымның он бірінші саммиті Э.Ихсаноглудың бұл мандатын тағы бір кезеңге ұзартты. Бас хатшы 2007 жылы Қазақстанға жасаған ресми сапары кезінде Президент Назарбаевпен кездесіп, біздің елде “Орталық Азиядағы ислам өркениеті” деген тақырыптың аясында өткен халықаралық конференцияға қатысқан болатын. Э.Ихсаноглу Қазақстан мен Ислам Конференциясы Ұйымының арасындағы қарым-қатынастың кеңейе түсуіне үнемі атсалысып келеді. Ол Қазақстанның 2011 жылы аталмыш Ұйымға төрағалық етуіне байланысты көтерілген ұсынысты да бірден қолдаған.
Зайырлы мемлекет ретінде Қазақстан бүгін ислам өркениетінің ажырамас бір бөлігі болып табылады. Халқының саны жағынан әлемде 62-ші орында тұрған Қазақстан мұсылман әлемінде 23-ші орынды иеленсе, жер көлемі жағынан олардың арасында бірінші орында. Сосын еліміз тарихының мұсылман әлемімен ғасырлар бойы сабақтас және халқымыздың рухани мәдениетінің ислам өркениетімен ежелден тамырлас екені ешбір дау туғызбайтын шындық. 1995 жылдан бері ИҚҰ-ға мүше мемлекет ретінде Қазақстан бұл Ұйымның атқарып келе жатқан іс-шараларына белсене араласып, оның әлем қауымдастығы алдындағы беделінің өсуі мен ислам әлемінің абыройлы форумы ретінде бұдан былай да нығая беруіне атсалысып келеді. Ендеше, 2011 жылы осы беделді ұйымға басшылықтың Қазақстанға өтуінің жер жүзіндегі мұсылман қауымдастығы тарапынан біздің елге деген үлкен сенімі мен қолдауы деп қабылдаған жөн.
Мән бермеуге болмайтын тағы бір фактор мынау. Бүгінгі таңда Қазақстан – тек Азия мемлекеттерінің ғана емес, сонымен қатар ТМД, сол сияқты күллі мұсылман елдерінің арасынан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төрағалығына тағайындалған бірінші мемлекет. Ал бұл шешімді ең әуелі мұсылман мемлекеттері мақтаныш сезіммен қабылдады. Олай болатын жөні де бар. Себебі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының мақсат-мүдделері мен Ислам Конференциясы Ұйымының басты нысаналары, кейбір ерекшеліктеріне қарамастан, бір арнаға тоғысып жатады. Өйткені екі ұйымның да көздегені – әлемдегі қауіпсіздік пен халықтар арасындағы ынтымақтастық, экономикалық-экологиялық қатерлерді тізгіндеу, адам құқығын сақтау және ксенофобиямен күрес жүргізу. Міне, осы тұрғыдан алып қарағанда, қазір Қазақстанның аталмыш халықаралық екі үлкен ұйымның арасын жақындата алатын мүмкіндігінің мол екенін Батыс та, Шығыс та өте жақсы түсініп отыр.
Осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың үстіміздегі жылы Ресейдің “Известия” газетінде жарияланған мақалаларының бірінде көтерген сындарлы бастамалары ойға оралады. Онда Президент Қазақстанның халықаралық аренадағы рөлінің алдымыздағы жылдары ұлғая түсетінін, атап айтқанда, біздің елдің бірнеше абыройлы халықаралық ұйымдарға басшылық ететінін тілге тиек ете келіп, еліміздің осы мүмкіндіктері мен әлеуетін ЕҚЫҰ мен өзге де халықаралық ұйымдар ұтымды пайдаланса, олардың абыройы бұрынғыдан да арта түсетінін мәлімдеген болатын. Айтса айтқандай-ақ, Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағалығынан алған тәжірибесінің келесі жылы еліміздің Ислам Конференциясы Ұйымына немесе Шанхай ынтымақтастық ұйымына, немесе Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесіне, ия болмаса ЕурАзЭҚ немесе ТҮРКСОЙ-ға төрағалық еткен кезде үлкен еуразиялық аймақтағы қауіпсіздіктен бастап, әлемдік саяси, экономикалық, экологиялық, энергетикалық немесе азық-түлік саласындағы қауіпсіздіктің түйінді мәселелерін шешуде үлкен себі тиіп, пайдаға асатынына шүбә келтіруге болмайды.
Осы тұста және бір елеулі саяси факторды атап айтсақ, артық бола қоймас деген ойдамыз. Ол – еліміздің қазіргі мұсылман әлемімен орнатып жатқан қарым-қатынастарының биік белестерге көтеріліп келе жатқандығы. Бұл үрдіс еліміздің болашақ мүдделеріне де, ішкі-сыртқы саясатына да толық сай келеді. Осы тұрғыдан қарағанда, елімізге Ислам даму банкі тарапынан қаржыландырып, осыған дейін іске асырылған және алда да іске асырылатын ірі-ірі инвестициялық жобалардың қаншалықты маңызды екені айтпаса да түсінікті. Сонымен қатар Қазақстанның бүгінгі таңда Ислам Конференциясы Ұйымының толыққанды мүшесі дәрежесіне көтерілуі де жоғарыда аталған оң үрдістің тағы бір белгісі. Өйткені жақында ғана Тәжікстанда өткен аталмыш Ұйымның Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті сессиясында Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың Ислам Конференциясы Ұйымының жарғысына бүкіл мұсылман әлемі өкілдерінің алдында қол қойды. Сосын Қазақстан делегациясының жетекшісі аталмыш Кеңесте тек Қазақстан Үкіметінің мүшесі ғана емес, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымның қазіргі Іс басындағы төрағасы ретінде екі үлкен халықаралық форумды бір-біріне жақындата түсетін мәмілегершілік қызметті де қоса атқарды.
Қазақстан қазір Ислам Конференциясы Ұйымының басты институттарының жұмысына, атап айтқанда, ИКҰ-ға мүше елдер көшбасшыларының тікелей қатысуымен әр үш жылда бір рет өтіп тұратын Ислам Саммитіне, Сыртқы істер министрлерінің жыл сайын өтетін кеңестеріне, Тұрақты Кеңес отырыстарына қатысып келеді. Оның оң нәтижелері де жоқ емес. Мәселен, 2008 жылы Қазақстанның ИКҰ-ға мүше елдермен алмасқан тауар айналымының көлемі 10 млрд. АҚШ долларынан асып түсті. (экспорт – 8,7 млрд. долл., импорт 2,6 млрд. долл.). Бұл көрсеткіш, әрине, аз да емес, көп те емес. Ал егер Қазақстан мен ИКҰ-ға мүше елдердің экономикалық әлеуеттерінің барлық мүмкіндіктерін толық жұмылдырып, жан-жақты іске қосқан жағдайда, бұл үрдістің екі жақтың экономикалық даму қарқыны мен халық тұрмысына тигізетін оңтайлы әсерінің қаншалықты зор болатынын елестету онша қиынға соқпаса керек. Бұлай топшылаудың негізі де жоқ емес. Мәселен, Ислам Конференциясы Ұйымының келешекке бағытталған 10 жылдық бағдарламасы бойынша Ұйымға мүше елдердің ішкі өзара саудасының деңгейін қазіргі 16 пайыздан 20 пайызға дейін көтеру көзделіп отыр. Міне, дәл осы тұрғыдан келетін болсақ, Қазақстанның 2011 жылы іске асырмақшы болып отырған бастамасының мақсаты Астанада жетінші Әлемдік экономикалық ислам форумын өткізіп, оны мұсылман елдері үкімет басшылары мен мемлекет органдары жетекшілерінің және әйгілі экономистер мен мұсылман әлемінің іскер топтарының үнқатысу алаңына айналдыру болып табылады. Өйткені 21 ғасырда сапалы ақпаратқа қол жеткізу экономиканың қай саласында болсын табысқа жетудің ең тиімді кілтіне айналып отыр. Cосын Қазақстанның бұл бастамасының Біріккен Ұлттар Ұйымының 2010 жылды “Мәдениеттер жақындастығының халықаралық жылы” деп атау жөнінде қабылдаған арнайы шешімімен де әдемі үйлесім тауып тұрғанын елемей кету мүмкін емес.
Сөз соңында Ислам Конференциясы Ұйымының 2005 жылы Мекке қаласында өткен кезектен тыс Саммитінде қабылданған Ұйымның он жылдық бағдарламасының да мәнінің өте зор екенін атап өткен жөн сияқты. Өйткені Ұйымға мүше елдердің демократиялық жолмен дамуына ауадай қажет көпнысаналы бұл бағдарламаның нақты іске асуына Қазақстан да тікелей араласып, атсалысатынын естен шығармаған жөн.
Әділ АХМЕТОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, сенатор.