• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Білім 29 Тамыз, 2024

Сырдағы жасанды интеллект мектебі

155 рет
көрсетілді

Былтыр Сырдағы жоғары білім саласында айта қаларлықтай жаңалық болды. Аймақтағы білімнің қара шаңырағы – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті мен Сеул Ұлттық ғылым және технологиялар университеті «Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі жетекші университет» жобасы аясында жасанды интеллект мектебін ашты. Жетіжылдық жоба шеңберіндегі оқу үдерісі үш бағыт бойынша жүреді.

Бірлескен бастаманың не­гізі Кореядан кел­­ген делегация Қызылорда жерінде көз жұм­ған ұлт­тық батыры, ге­нерал Хон Бом Доның сүйегін тарихи ота­нына алып қайтқан 2021 жылы қаланып еді. Қарапайым отба­сында туып, елінің ұлттық батыры атанған генерал жапон оккупантарына қарсы алғаш партизандық қозғалыс құрған қаһарман. Елінің тәуелсіздігі үшін күрескен ол өткен ғасыр­дың жиырмасыншы жылдары кеңес одағы аумағына бой тасалап, кейіннен Қызылордаға тұрақтайды. Сыр бойында өмірден өтіп, жер қойнына тапсырылады.

Өткен жыл ортасындағы Кореяға сапарында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бас­таған қызылордалық делегация Сеул ұлттық ғы­лым және технологиялар универ­си­тетінің президентімен кез­де­сіп, әріптестікке қатысты мәселелерді жан-жақты талқы­ла­ды. Осылайша, былтыр Қор­қыт ата атындағы Қызылорда университетінде Сеул ұлттық ғылым және технологиялар уни­вер­ситетінің Жасанды интеллект және информатика жоғары мектебі ашылды.

Жасанды интеллект техно­ло­гия­ларының дамуы ел бола­шағы үшін стратегиялық ма­ңызды бағытқа айналуға тиіс. Осыған орай Мемлекет басшысы еліміз­де кем дегенде 3 жоғары оқу орны осы саламен айналысуы керектігін де тапсырған болатын. Қызылор­да­дағы жасанды интеллект мектебі – осы тапсырма аясында жүзеге асқан алғашқы жоба.

Жергілікті университеттегі бұл жаңалық – еліміздің білім кеңістігіндегі үлкен жетіс­тік. Осы арқылы экономика, ауыл шаруа­шылығы саласында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізу­ден бөлек, білім, ғылым, IT-технология, кибер­қауіпсіздік және компью­терлік ғылымдар бағы­тында да бастамалар жүзе­ге аспақ.

Осылайша, былтырғы қыр­күйектен IT-мамандықтары бойынша оқуға қабылданған, СеулТех бағдарламасы бо­йынша іріктеліп алынған 1-курс студенттері тіл үйренуді бастады. Қазір олар жалпы білім беретін пәндерді оқып, ағылшын және корей тіл­де­рінде жеделдетілген тіл үйре­ту курстарынан өтіп жатыр. Студенттерді корей тіліне Оңтүс­тік Кореядан келген ерік­ті мұғалімдер оқытады.

Болашақта студенттер мен профессорлық-оқытушылар құ­ра­мы академиялық ұтқыр­лық және бірлескен білім бағ­дар­ламалары бойынша Сеулде ғылыми тағылым­да­ма­дан өте алады. Сонымен қатар білім мен тәжірибе алмасып, бизнес-инкубаторда стар­таптар жасау үшін СеулТех оқытушылары Қызылордаға шақырылады. Екі оқу орны арасындағы келісім бойынша түлектер жергілікті университеттен бөлек СеулТех дипломын иеленеді. Аталған маман­дықтарға арналған заманауи зерт­ханалар жасақталып, олар Кореяда шыққан серверлер, озық жабдықтар және бағдар­ламалармен қам­ты­лады.

Жалпы, Корея IT саласы қарышты дамыған мемлекеттер қатарында тұр. Озық технологиялар өндірісі бойынша да әлемде алдыңғы орында. Бүгінде 1910 жылы құрылған Сеул ұлттық ғылым және технология университетінде 13 мыңға жуық студент білім алады. 23 факультет, 6 колледжі мен жеке технопаркі бар университет – сол елдегі іргелі оқу орындарының бірі.

Мамандар ІТ-мамандық­тарды енгізу арқылы көптеген жас­ты жұмыспен қамта­масыз ете алатынымызды айтады. Заманауи бәсекеге қабі­летті жоғары оқу орнының құ­рылуы адами капиталдың қа­­лып­та­суы­на ықпал етіп, Қы­зыл­ор­да облысының әлеу­мет­­тік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді.

Осы күні алдағы 10-20 жылдан кейін көптеген маман­дық жойылып, олардың орнын үдерістерді автоматтандыру басатынын болжайтындар көп. Ал Сырдағы жасанды интеллект мектебі – осы озық тех­нологияға жол салатын соқпақ.

 

Қызылорда