Кереку өңірінде қазақ мектебіне баратын балалар санын ұлғайту өте өзекті мәселеге айналып отыр. Білім беру басқармасының мәліметінше, өткен оқу жылында облыс бойынша мектеп табалдырығын аттаған 23,5 мың оқушының 43 пайызы қазақ сыныбын таңдаған. Ал биыл 11 мыңға жуық баланың 45 пайызының таңдауы қазақ мектептеріне түсіп отыр. Бұл сәл де болса алға жылжудың бар екенін көрсетеді. Дегенмен кейінгі жылдары ана тіліміздің ықпалы күшейе түскенін мектептер өз пайдасына жарата алмай жатқаны байқалады.
Облыс орталығына жақын орналасқан Павлодар ауданындағы оқушылардың қазақ тілінде білім алу көрсеткіштері көңіл көншітпейді. Ата-аналардың біразы қазақ сыныбында оқитын балаларын жыл ортасында орыс сыныбына ауыстырған жағдайлар тіркелген. Ең өкініштісі, мұндағы Мичурин ауылында биылғы оқу жылында қазақша бірінші сыныпқа баратын бала жоқ. Ал орысша бірінші сыныпқа барғандардың саны – 35 бала. Қызық болғанда, биылғы оқу жылында бұл мектепті қазақша тәмамдап шығатын сынып та жоқ көрінеді. Яғни мектепте бірінші және он бірінші сыныптар қазақ тілінде мүлде білім алмайды.
Бізге бұл мәселені жеткізген ауыл тұрғыны, жергілікті кітапхана қызметкері Алтынай Сесерхан жуықта Қызылорда жақтан көшіп келген отбасы баласын амалсыздан әлгі 21 оқушының қатарында орыс сыныбына беріп отырғанын айтты.
– Білуімше Мичурин мектебінде 350 бала білім алып жатыр. Аралас мектеп деген аты ғана. Қазақ тілінде оқитын балалар саны әрі кетсе бір сыныпта 7-8-ден, ең көбі 12-ден аспайды. Түптеп келгенде қазақша оқитындардың үлесі 15-20 пайыздай ғана болып қалар. Биыл бастауыш қазақ сыныбының бір мұғалімі жұмыссыз қалып отыр. Себебі бірінші сыныпқа бала жиналмады. 4-5 ата-ана бергісі келген екен, оларды мектеп директоры Мичурин ауылдық балабақшасындағы мектепалды даярлық тобына беруге көндіріпті. Негізі құжат жүзінде бұл балабақша 100 пайыз мемлекеттік тілде білім-тәрбие беретін мекеме деп көрсетілген. Алайда іс жүзінде барлығы ресми тілде жүргізіледі. Мұнда барған балаларымыз үйге орысша сөйлеп келеді. Менің қызым бес жарым жаста, әлгі балабақшаның жоғары тобында жүр еді. Биыл мектепалды даярлық тобына апардым. Себебі әлгі топта жүре берсе, өз ана тілін ұмытып қалатынын түсіндім. Балабақша басшылығының балдырғандардың қазақ тілінде тәрбиеленбей жатқанына жете назар аудармайтыны байқалмайды. Биыл бірінші сыныпқа барған 21 баланың 60 пайызға жуығы қазақ балалары екенін көргенде ішім удай ашыды, – деп қынжылды ана.
Негізі Мичурин ауылында 2 800 адам тұрса, оның басым бөлігі – жергілікті ұлттан.
Алдағы оқу жылында Павлодар ауданы бойынша орта мектептерде 4086 бала білім алады. Барлығы 24 мектеп бар болса, соның жетеуі ғана қазақ тілінде оқытады. Аралас мектеп саны – он үш, орыс тілдегісі – алтау. Мемлекеттік тілде білім алып жатқандардың үлесі 37 пайыздың айналасында, бұл облыстық көрсеткіштен де төмен деген сөз.
Павлодар аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы, билер кеңесінің мүшесі Бақытбек Баткеевтің сөзінше, қазақ тілінде білім алып жатқан оқушылардың көбінде өз ана тілдерін меңгеру деңгейі төмен. Бала қазақ тілінде жазылған оқулықтан түк түсінбеген соң, оқытып жарытпайтыны белгілі. Осының салдарынан мектептердегі білім сапасы ақсайды. Кейбір ата-аналар амалсыздан орыс сыныптарына ауыстыруға мәжбүр. Қазақ сыныптарындағы бала тапшылығын қойып, бүгінде балабақшаларда мемлекеттік тілде тәрбиеленетін балдырғандар да сиреген. Мысал үшін, Мичурин ауылындағы балабақшаның мектепалды даярлық топтарында қазақ тілді психолог жоқ. Аудан бойынша өзге де мамандар жетіспейді.
– Қазір балалардың ойнайтын, демалатын орындарының барлығы ресми тілде қызмет көрсетеді. Қарапайым мысалдар келтірейін. Жыл сайын жазғы демалыс лагерьлері ұйымдастырылады. Ондағы шаралардың көбі қазақ тілінде өтпейді. Аудан Павлодар қаласының іргесінде болғандықтан, балалардың барлығы шаһардың қалалық саябағындағы аттракциондарда ойнағанды ұнатады. Аттракциондарда қызмет көрсету де өзге тілде. Балаларға қауіпсіздік шараларын түсіндіру, көрнекі ақпарат мемлекеттік тілде жазылмаған. Оларды тексеріп жатқан, мән берген ешкім жоқ. Қалалық мәслихат депутаттары мәселені білсе де, араласпай отырғаны таңғалдырады. Тағы бір көңілге ұнамайтыны, Павлодарда, жалпы облыста еліміздің, соның ішінде туған өлкеміздің тарихын бұрмалап, жер атауларын өзге тілде насихаттайтын, онысын біздің балаларымыздың санасына құйып жатқан ұйымдар бар. «Павлодар география үйі» деген бірлестік жыл сайын балаларды жинап алады да, Ертіс өзені үстімен серуендетіп, кезінде сырт елдің саяхатшылары картаға бұрмалап жазып кеткен жер атауларын насихаттайды. Жаз бойы Ертіс Променад сахнасында өтетін концерттер, мерекелік іс-шараларда мемлекеттік тілдің қолданыс табуы кемшін. Жалпы, балалардың бос уақытын қамту, мәдени іс-шаралармен қамтуда қазақ тіліне орын бұйырмай тұр. Өзім туған Жертұмсық ауылында өлкетану және экология бағытында «Елім» атты балалардың жасағын құрған едік. Үстімізден арыз жазып жүріп, ақыр-соңы тобымызды таратып тынды. Өлкенің тарихын білмейтін жасөспірімнен патриот тәрбиелеп өсіру қиын. Осыны идеологияға, білім саласына жауапты органдар ескеретін уақыт жетті, – дейді Бақытбек Баткеев.
Біздің нақты мысал келтіргеніміз тек бір ауыл төңірегінде ғана. Мәселеге дендей берсек, облыста бұдан да сорақы фактілерге кезігеріміз анық. Осыдан екі жыл бұрын газетімізде «Ауылдарда қазақ мектебінің үлесі аз» деген мақала ұсынған едік. Биыл мәселені тағы бір мәрте таразылап көріп, өзгерістің шамалы екеніне көзіміз жетті.
Аймақтың білім саласындағы статистикалық деректерге сөз салып көрейік. 2024–2025 оқу жылында Павлодар облысында 360 жалпы білім беру мектебі жұмыс істесе, оның ішінде 137-сі - қазақ тілінде оқытатын мектеп (мектептердің саны, арасалмағы бойынша 2022 жылғы статистика өзгермеген). Оларда жалпы саны 118 мыңға жуық оқушы оқыса, 50 мыңнан астамы немесе 43 пайызы ғана қазақ тілінде білім алады. Иә, 2022–2023 жылдары оқушы саны 114 мың еді де, қазақ тілінде оқитындар небәрі 38 пайызды құраған. Көрсеткіш 5 пайызға өскен. Дейтұрғанмен мектептердегі бала санының артқанын ескерсек, көрсеткіш бұдан да жоғары болуы керек еді деп ойлаймыз. Бұл жердегі мәселе негізінен аралас мектептерге қатысты екенін шамаладық. Себебі 100 пайыз қазақ тілінде білім беретін мектептерде жаңа оқу жылында 33 мың оқушы білім алса, аралас мектептердегі қазақ сыныптарында оқитын оқушылар саны – небәрі 17,5 мың бала. Ал аралас мектептерде орысша білім алатындар саны – 60 мың оқушы. Яғни аралас мектептердегі әр үш сыныптың екеуі – орысша. Бұл жерде таза орысша оқытатын мектептерді санатқа қосқан жоқпыз. Облыста аралас мектептердің жалпы саны – 174. Олардың басым бөлігі өзге ұлт өкілдері мол шоғырланған Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларында орналасуы түсінікті жағдай. Алайда кейінгі уақытта жергілікті ұлт өкілдері көбейе бастаған Тереңкөл ауданында – 18, Ертіс пен Павлодар аудандарының әрқайсысында – 13, Ақтоғай мен Железин аудандарында – 12, Аққулыда – 8, Успен мен Шарбақтыда – 6 аралас мектептен сақталып отырғаны қынжылтады.
Жоғарыда атап өткеніміздей, өңірлік білім беру басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Баширова 2022 және 2023 жылдары облыс бойынша мектеп табалдырығын аттаған 23,5 мың оқушының 43 пайызы қазақ тіліндегі сыныптарды таңдағанын айтады. Ал биыл 11 мыңға жуық баланың 45 пайызының таңдауы қазақ мектептеріне түсіп отыр. Бұл сәл де болса ұнамды статистика деп түйдік.
Алайда Успен, Шарбақты, Тереңкөл, Павлодар, Железин аудандарындағы қазақ сыныптарында оқитын оқушылардың контингенті өте төмен. Мысалы, Успенде 1 852 оқушының 450-і (24 пайыз), Шарбақтыда 2 929 оқушының 1 083-і (36 пайыз), Тереңкөлде 3 208 оқушының 918-і (28 пайыз), Железиндегі 1 933 білім алушының 409-ы (21 пайыз), Павлодар ауданында 4 086 оқушының 1 535-і (37 пайызы) ғана мемлекеттік тілде білім алады. Көп өңір «аралас мектеп» дегенді жалаң ұран ретінде пайдаланатыны да байқалады. Әлгіндей мектептерде қазақ сыныптары басқасымен салыстырғанда әлденеше есе аз. Мұндай мысалдар Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларын айтпағанда, Железин, Тереңкөл, Шарбақты, Успен аудандарында жиі кездеседі.
Облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Еркеғали Жанғазы Ресеймен шекаралас аудандарымызда түлектердің көрші мемлекеттің жоғары оқу орнын жағалап, реті келсе сол жаққа кеткісі келіп тұратын үрдісі әлі бәсеңдемей тұрғанын айтады. «Бұған өзіміздің отандық жоғары оқу орындары да кінәлі. Ең әуелі студенттердің әлеуметтік жағдайы толық шешілмеген. Бұрын С.Торайғыров университетінің өзінде 5 жатақхана болды. Ал қазір ше? Биыл балам Алматыдағы жоғары оқу орнына түсті. Бірақ жатақхана жоқ. Осындай мәселелер оқыту тілін таңдауда балаларымызды жаңсақтыққа ұрындырады.
Үшіншіден, көп ата-ана ұлттық патриотизм дегеннен жұрдай. Кеше ғана ауылдан көшіп келген азаматтар біртіндеп өзге тілге жүйрік бола бастайды. Себебі ол жердегі орта – орысша. Ол байланыс тілі біртіндеп отбасына орнығады. Түптеп келгенде әлгінің үйіндегі балалары біраз уақыттан соң орысша судай болып шығады. Қазақ мектебіне берейін десе, баланың тілі орысша шыққан. Амалсыздан өзге тілдегі мектептің табалдырығынан аттатқызады. 2020 жылы Павлодар қаласында Мұзафар Әлімбаев атындағы мектеп ашылды. Таза қазақ мектебі ету үшін өзге азаматтармен бірге жүгіріп жүріп, қынжылтатын жайттарға кезіктік. Өзім сөйлескен 600 ата-ананың небәрі 6-уы ғана баласын қазақ тілінде оқытуға ықыласты екенін естігенде, көңілім су сепкендей болды. Мұндай жайттарды тізе берсек жетерлік, – дейді қоғам белсендісі.
Қорыта айтқанда, ана тіліміздегі сыныптар қатарын арттыру – кезек күттірмейтін мәселе. Күні кеше осы жылы елімізде мектеп табалдырығын аттайтын балдырғандардың 70 пайызы қазақ сыныбын таңдағаны жөнінде сүйінші жаңалық жарияланды. Бұл – мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру бағытындағы оң өзгеріс. Елдік деңгейдегі осындай жұмыстың Кереку өңірінде қарқындамай отырғаны қынжылтады. Жергілікті билік, соның ішінде білім басқармалары бұл бағыттағы статистиканы жақсарту үшін арнайы жоспар құрып, жүйелі жұмыс жүргізбесе, алға жылжу қиын.
Павлодар облысы