• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Экспорт 04 Қыркүйек, 2024

Отандық тауарларды сатып алатын негізгі елдер

104 рет
көрсетілді

Қазір Орталық Азия елдерінің өзара экономикалық интеграциясы жаңаша қарқын алды. 2024 жылдың алғашқы жеті айында Өзбекстан импорттаушы елдер арасында көш бастады. Осы уақыт аралығында көрші елге экспортталатын өнім көлемі үш есе артып, 50 млрд теңгеге жетті. Өзбекстандық тұтынушылардың негізгі сұранысы – күнбағыс майы, ұн, құрылысқа қажет қоспалар мен металл бұйымдары.

Қазақстанның экс­порт­тық-кредиттік агент­тігінің (ЭКА) хабарлауынша, Өзбек­станнан бөлек Ресейге құны 20 млрд теңгеден асатын келі­сімшарт бойынша қол­дау көрсетілді. Сондай-ақ Тәжік­стан­ға – 2,2 млрд теңгеге, Қыр­ғызстанға – 2,2 млрд тең­геге, Сингапурға – 2,2 млрд теңгеге, Польшаға – 9,2 млн теңгеге, Әзербайжанға 3,2 млн теңгеге тауар сатылды.

Экспортталған өнім­дер­дің басым бөлігі – тамақ өнеркәсібі (45,2%), металлургия (36,4%), машина жасау (10,3%), агроөнеркәсіптік кешен өнімдері (5,8%) және құры­лыс материалдары (1,7%).

«Экспорттық-кредиттік агенттік отандық кәсіп­орындарға жан-жақты қол­­дау көрсетіп, экспорт мүм­кіндігін арттыруға, жаңа нарықтарды игеруге және бәсекеге қабілетті өнім өндіруге көмектеседі. Қазірдің өзінде жыл басынан бері 236 экспорт келісім­шарты жасалды. Біз ұсы­на­тын қолдау құрал­да­ры биз­нестің түрлі қажет­ті­ліг­іне бейімделген, сондай-ақ экспорттық циклдың кез келген кезеңінде ұтым­ды шешім қабылдауға мүм­кін­дік береді», дейді Сақтан­дыру және кепілдік беру департаментінің директоры Дәурен Нұранов.

Осы орайда жүзеге ас­қан кейс­терді атап өткен де орын­ды. Мысалы, жоға­ры сапалы шыны ыдыс өндіру­мен айналысатын шым­кент­тік «ЕуроКристал» ЖШС қыс­қа­мерзімді дебитор­лық берешекті сақ­тан­дыру және экспорт алдын­дағы қаржы­ландыру дейтін агент­тіктің екі бірдей қол­дау құралын пайдаланды. Нә­ти­жесінде, компания Өз­бекстан нарығына шығып, шетелдік сатып алушылар қатарын арттырды. Бүгінде кәсіпорынның экспорттық үлесі 10 пайыздан асады.

Сонымен қатар агенттік көмегімен еліміздегі алғашқы және жалғыз роботтан­ды­рыл­ған «Troya» жиһаз зауыты Ресейге тауар тасымалдайтын болды. Компания ЭКА ұсынған экспорттық несиені сақтандыру құралын қолданған. Бүгінде ЕО елдері де бізде өндірілетін мектеп пен зертхана жиһаздарына қы­зығушылық танытып отыр.