• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Көрме 03 Қыркүйек, 2024

Тарихпен өрілген өнер

88 рет
көрсетілді

Конституция күні қарсаңында Петропавл қаласында «Ботай» арт-галереясының салтанатты ашылуы өтті. Өңірдің мәдени өміріндегі айтулы оқиғаға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Күміс Сейітова, белгілі суретшілер мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Аталған жобаның авторы әрі ұйымдастырушысы – Суретшілер одағының мүшесі Болат Әсербеков.

Галерея­ның атауы­ ұлт­тық киелі орын­дар тізімі­не енген «Ботай қоны­сы» архео­ло­гиялық орнымен байланысты.

Салтанатты жиынға қа­тыс­қан Ғауез Торсанұлы баға жетпес ұлттық киелі жәді­гер­лер тізі­міне енген «Ботай қо­нысы» архео­­ло­гия­лық орны­ның ерекшелі­гін атап өтіп, адам­ның жылқы­ны ал­ғаш қол­ға үйретуі нақ осы жер­ден бас­талғанына тоқтал­ды. Бұ­ған еліміздің солтүстігінде орна­­ласқан «Ботай» қонысы­нан табыл­ған қазбалар дәлел бола алады. Ес­керт­кіш біздің дәуі­рімізге дейінгі IV-III мың­жыл­дыққа, яғни энеолит дәуі­рі­не жатады. Сол­түс­тік Қазақ­стан археологиялық экс­педиция­сы­мен 1980 жылы ашылған.

«Жұртшылық жаңа өнер орта­лығында түрлі көрмелерді қызықтап, кездесулерге қаты­сып, жергілікті қылқалам иеле­рінің туындыларын да тамашалай алады. Галерея рухани әрі шығар­машылық даму аймағына айналарына сенімдіміз. Жаңа нысанның ең ұзын Қазақстан Конституция­сы кө­шесінде ор­наласуының рәміздік мәні бар», деді өңір басшысы.

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі Мейрамгүл Әбуованың айтуынша, 1980 жылы археология­лық экпедициясының жетек­шісі болған тарих ғылымдары­ның докторы, археолог Виктор Зайберт ежелгі адамдар мекенін Айыртау ауданы Иманбұрлық өзенінің маңайынан тапқан. Содан бері Ботай қонысының жетістіктері әлемдік деңгейде үзбей насихатталып келеді.

«Осы Ботай қонысының ­ашылуы мен жетістіктерін ха­лық­­­қа кеңінен насихаттау, бұл ту­ралы мәліметтер беру – облыстық музей бір­лестігі жұмысының бағыт­та­рының бірі. Осы заманауи галерея қаламыздың тұр­ғындары мен қонақтарының тартымды орны, өңірдің мәдени орталығының бірі болады деп сенеміз», деді ол.

Сондай-ақ галереяның ашылу рәсімінде Суретшілер одағының мүше­лері, рес­пуб­ликалық және ха­лық­аралық көр­мелерге қаты­су­шы, «Азия көшбасшыла­ры» сыйлығы­ның лауреаты Ғалия Мақашева, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реа­ты Сембі­ғали Смағұлов ­сөз­ алып, атал­ған өңірдегі айтулы мәдени оқиға­ның маңызына тоқ­талды.

«Осындай көрме залдары суретшілердің еркін шығар­машылық дамуына, тәжірибе алмасуына, өнуіне өріс ашады. Олардың шығармалары жыл­дан-жылға бағасы өсетін инвес­тиция тәріздес. Сондықтан әр қаланың өзіндік муниципал­дық көрме залы болуы заңды­лық», дейді суретші Сембіғали Смағұлов.

Мәдениет және ақпарат ми­нистр­лігі Мәдениет комитетінің төр­ағасы Күміс Сейітова да өзінің жүрекжарды лебізімен бөлісіп, сол­түстікқазақстандықтарды Бо­тай заманауи көркемсурет гале­рея­сының ашылу салтанаты­мен құттықтады. Ботай мәде­ние­тінің ашылуы төрткүл дү­ниені дүр сілкіндіріп, әлемге көш­пелілер мәдениетінің бе­сігі өркениеттің бастауы бол­ған­ын айғақтайды.

Галерея экспозициясына қазақ өнерінің негізін қалау­шы суретшілердің картиналары, облыс аумағында және одан тыс жерлерде тұратын қыл­қалам иелерінің, I және II халық­ара­­­­лық «Ботай – Ұлы дала мәде­ниеті» симпозиумына қа­тысушы ­сурет­шілердің туындылары ұсы­нылған.