«Жол саласы білікті маманға зәру болып тұр. Бір инженер 30-ға жуық жобаға қатысқан жерде қандай сапа туралы айта алмақпыз? Жолдардың талапқа сай болуына жалғыз маман емес, басқа да бірнеше фактор әсер етеді. Мәселен, өндіруші зауыттардың шалғайда орналасуы. Сынақ зертханаларының қағаз жүзінде ғана «мінсіз қызмет қылуы». «Egemen Qazaqstan» тілшісі «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК-ге барып, жолға қатысты сан сауалдың бетін ашып қайтты.
Бір инженер 28 нысанға жауапты
Былтыр орталықтың сапа сараптамасы шеңберінде талапқа сай келмейтін 12 мыңнан астам сынама анықталған. Оның 95%-ы жергілікті желіде іске асырылған нысандарға тиесілі. Онда 3 мыңнан астам ақау бар.
«Көрсетілген фактілер жергілікті желі бойынша жол жобаларын іске асыру кезіндегі жұмыстардың сапасы төмен деңгейде қалып отырғанын айғақтайды. Бұл техникалық қадағалау қызметі жол-жөндеу нысандарында жобалық және технологиялық талаптың сақталуын тұрақты бақылауды жүзеге асырмайтынына байланысты болып отыр», дейді «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК бас директоры Болатбек Айтбаев.
Айтбаевтың айтуынша, өткен жылы жұмыс жүргізу нысандарында техникалық қадағалау қызметкерлерінің құрылыс алаңында болмауының 200-ден астам фактісі кездескен.
Өйткені инженерлер бір уақытта бірнеше жобаға қатысады. Мысалы, былтыр бір инженер 28 нысанға бір уақытта жетекшілік еткен. Бір инженердің бірнеше өңірге тартылған немесе бірнеше ұйымдағы тізімге енгізілуі де жиі кездеседі.
«Тағы бір түйінді мәселе – жергілікті атқарушы органдар құрамында жол саласы маманының тапшылығы немесе мүлде жоқтығы. Соның салдарынан, ондағы жол жөндеу жұмысының сапасы толықтай техникалық қадағалау инженері құзыретінде қалады. Алайда олардың қызмет көрсетуі тым төмен деңгейде. Тапсырыс беруші тарапынан бақылау әлсіз, себебі олар жол маманы емес», деді бас директор.
Үлкен түйткілдің үш себебі
Елдегі үлкен-кіші асфальт жолдар не себепті тез тозып, шұрық-тесік болып кетеді? Асфальт жұқа төселген соң ба, жоқ әлде пайдаланған материал сапасы нашар ма?
«Республикалық жолдардың шамамен 16-17 мың шақырымын жыл сайын диагностикалаймыз. Нәтижесінде, жолдардың нақты жай-күйін, қалдық ресурсын көреміз. Сөйтіп, дәл қазір жолға қажетті жөндеу түрін анықтауға негіздеме аламыз. Бұл – жолдың өткізу қабілетін, оның барынша ұзақ мерзімде беріктігін сақтаудың алғышарттары. Дегенмен жергілікті желіде автожолдарды жөндеу түрін анықтау әлі күнге визуалды түрде жүргізіліп жатыр. Бұл өз кезегінде жолдың мерзімінен бұрын бұзылуын, онда шұңқыр, жарық және тағы басқа ақаудың пайда болу қаупін ұлғайтады. Сондай-ақ жергілікті жолдардың кең тармақтылығы, жөндеуді қажет ететін телімдердің жол шаруашылығының негізгі өндірістік қуаттарынан шалғай орналасуы (асфальтбетон зауыты, материал өндіруші кәсіпорындар негізінен облыс орталықтарында шоғырланған) жұмысты уақтылы атқаруға қол байлау болады», дейді Сапаны бақылау департаментінің басшысы Қуаныш Төлеуханов.
Ұлттық орталықтың сарапшысы Қайрат Каребаевтың сөзінше, жолға қатысты кәсіпорынның алыста орналасуы асфальтбетон қоспаларын өндіру және төсеу технологиясын бұзу қаупін күшейтеді.
«Мысалы, облыс орталығындағы асфальтбетон зауытында өндірілген қоспа шалғайдағы жол құрылыс алаңына жетіп болғанша суып кетеді. Ондай қоспаны нормативтік талаптарына дейін тығыздау мүмкін болмай қалады. Салдарынан жаңа асфальтбетон жабынының сапасы төмендеп, мерзімінен бұрын тозып, қозғалыс жағдайы нашарлап кетеді», дейді.
Жергілікті жолда кездесетін тағы бір мәселе – мердігер мекеменің, асфальт-бетон зауытының өз меншігінде сынақ зертханаларының болмауы. Соның салдарынан жөндеу алаңына келген құрылыс материалының сапасын бақылау дұрыс атқарылмайды. Сөйтіп, сапасыз материал пайдалануға кетіп қалады. Бұдан бөлек, автожолдардың тез тозуына шамадан тыс жүк тиеп жүретін ауыр жүк көліктері де әсер етеді. Уақтылы күтіп-ұстау жұмыстарын дер кезінде жүргізбеу де – көп проблеманың көтерілуіне себеп.
Жол сапасына «ҚазАвтоЖол» жауапты
Автожолдардың жалпы ұзындығы 168 мың км-ден асады. Оның 25 мың километрі республикалық маңызға ие. 70 мың км – облыстық және аудандық жолдар. 73 мың км – елді мекен көшелері. Республикалық маңызы бар жолдарды дамыту, пайдалану және жөндеуді ұйымдастырумен «ҚазАвтоЖол» айналысады. Облыс және аудан әкімдіктері тиісті аумақтардағы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары үшін жауап береді. Қала мен елді мекен көшесін жөндеу, күтіп-ұстау жұмысымен сондағы әкімдіктің «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі, автомобиль жолдары» бөлімі шұғылданады.
«Асфальтбетон жабынындағы ұсақ зақымды уақтылы жөндемеу олардың өршуіне және үлкен ақаулардың пайда болуына әкеледі. Кішкентай жарықшаның аз уақытта шұңқырға айналу қаупі өте жоғары. Бұл үрдіс мерзімаралық кезеңде ерекше, тез орын алады. Себебі – ауа температурасының өзгеруі, құбылуы. Түнде жарықшаларға енген су мұзға айналып ісінгенде, асфальт жарыла бастайды», деді Б.Айтбаев.
Құлықсыз құрылыстың жазасы қандай?
Кәсіпорын мамандары жұмыс пен материал сапасына сараптама жүргізген кезде әртүрлі бұзушылық анықтайды. Мәселен, асфальтбетон жабынын төсегенде технологиядан ауытқу табылады. Зертханалық сынақ жүргізілгеннен кейін сапасыз материал пайдаланылғаны белгілі болып жатады. Нормативтік-техникалық құжат пен регламентке сәйкес ақау анықталған жағдайда мекеме тарапынан тапсырыс берушіге және мердігер компанияға ақауды жою жөнінде хабарлама жіберіледі. Жауап бермесе, мердігер компания мен техникалық қадағалау қызметін жазалау туралы хат Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына жөнелтіледі. Сапаны бақылау жөніндегі нұсқаулыққа биылдан бастап нысанды қабылдау немесе пайдалануға беру кәсіпорын берген барлық анықталған бұзушылық пен сәйкессіздік жойылғаннан кейін ғана жүзеге асырылатын талап енгізілген.
«Тапсырыс беруші мен мердігер арасындағы келісімшартта жұмысты сапасыз атқарғаны үшін айыппұл көзделген. Мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға сәйкес, тапсырыс беруші жұмысты нашар атқарған мекемені жосықсыз өндірушілер реестріне енгізе алады. Сапа орталығы мердігер мен тапсырыс беруші арасындағы келісімшартқа сәйкес орындалған жұмыс бойынша қорытынды жасап, анықталған ақау мен бұзушылықты бірыңғай цифрлық базада тіркейді. Егер осы анықталған кемшілікті елемей, ақауды жоймай, тапсырыс беруші нысанды қабылдаған жағдайда уәкілетті орган өз құзырында тиісті шара қолданады», деді Қ. Төлеуханов.
Жолға қойылатын талаптар
Жол инфрақұрылымына шетелдік инвестиция аса қажет. Бірақ халықаралық қаржы ұйымдары нормативтік базаны жалпыәлемдік стандарттарға сәйкес болсын деді. Қазір елде жүргізіліп жатқан барлық құрылыс, қайта салу және жөндеу жұмысы мемлекеттік және халықаралық талаптарға сәйкес жасақталады. Соған сәйкес қолданылатын инертті материалдарға, битумды қоспаларға да қатаң талап қойылады. Мысалы, оңтүстік өңірлерде ыстық ауа райына байланысты 70/100 маркілі битум, солтүстік өңірлерде 100/130 маркілі битум қолданылады. Десе де жол сапасы әлі де ел көңілінен шықпай тұр.
Заң бұзатын мердігерлер
«Кәсіпорынның әр облыста және республикалық маңызды қалаларда 20 жергілікті филиалы бар. Олар халықаралық «ISO 17025» және «ILAC» стандарттары бойынша аккредиттелген сынақ зертханаларымен жабдықталған. Мекеме құрылған сәттен бастап 700-ден астам аспапты, оның ішінде асфальтбетонды, битумды, инертті материалдарды сынау бойынша құралдарды жаңарттық», дейді мекеме басшысы.
Айтуынша, маман саны жеткілікті. Инженерлер сараптама жүргізерде нысанға тіке баруы үшін 50 арнайы автокөлік жұмылдырылды. Сондай-ақ орталықта жол датчиктерімен, геометриялық параметрді анықтау жүйесімен, жолдың бойлық және көлденең тегістігімен жабдықталған 16 диагностикалық автокөлігі бар екен.
«Жалпы, республика бойынша жол-жөндеу жұмыстарының сапасын бақылауды қамтамасыз ету үшін барлық ресурспен қамтамасыз етілдік», деді Қ.Кәребаев.
Нашар төселген жолдарды амалдап тапсыру үшін мекеме қызметкеріне сыйақы ұсынып, қылмысқа итермелейтін мердігер компаниялар да бар екен. Оны бас директор Б.Айтбаевтың өзі айтты.
«Сыйлық ұсынып, қылмысқа жетелейтін мердігерлер бар. Ондай жағдайда қызметкер дереу комплаенс қызметіне хабарласады. Кәсіпорында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға, анықтауға, жол бермеуге қатысты комплаенс саясаты және сондай жағдайлар туындағанда қызметкердің іс-қимылы туралы нұсқаулық бекітілген. Қызметкердің шағымы бойынша жасалған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі анықталған жағдайда бекітілген мөлшерге дейін сыйақы қарастырылған», деді ол.
Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасына сәйкес биыл республикалық маңызы бар жолдардың 12 мың километрін реконструкциялау және жөндеу жоспарланған. Оның 2,5 мың километрі немесе 109 нысан орташа жөнделіп болыпты. Техникалық құжаттамалары ведомстволық сараптамадан өткізілген.
«Бүгінгі күні 25 мың км республикалық жолдың 23 мың километрге жуығы немесе 92%-ы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда», деді Қ.Төлеуханов. Мамандардың айтуынша, жол жасауда ереже мен нормативтер түгел түзеліп, талап барынша қатайды. Енді мердігер мен жолға жауапты мекемелер де түзеледі деген үміт бар.