• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Қылмыс 05 Қыркүйек, 2024

Дроппер де – алаяқ

106 рет
көрсетілді

Алаяқтардан айла артылар емес. Қазір халықтың бәрі интернетте отыратынын, жасың да, жасамысың да уақытының көбін телефонға шұқшиюмен өткізетінін білетін әккілер интернет алаяқтықтың құлақ естіп, көз көрмеген небір түрін ойлап тауып жатыр. Бүгінгі жұрттың заң жағынан ғана емес, медиа сауаттылығының да таяздығы – олар үшін іздегенге сұраған.

Осыған орай прокуратура мен ішкі істер қызметкерлері жаң­бырдан кейін көбейген саңырау­құлақтай бірінен соң бірі пайда болып жатқан алаяқтықтың қитұр­қы әрекеттері жайында халық­ты үздіксіз құлағдар етіп келеді. Таяу күндері Орал қалалық прок­уратурасы да түрлі алаяқтық схе­малар арқылы тұрғындардың қара­жаты мен жеке деректерін иемдену әрекеттерінің көбейгені жайында кезекті ескертуін жасады.

Прокуратураның мәліме­тін­ше, қазіргі таңда ең көп тара­ған қылмыстың бірі – «телефон­ алаяқтары». Олар өздерін банк­тердің, құқық қорғау орган­дарының немесе басқа ұйым­дар­дың қызметкеріміз деп таныс­тырып, түрлі сылтаумен телефон соғып, адамдардың жеке мәліметтерін, банк карталарының деректемелерін беруді немесе «қауіпсіз» шотқа ақша аударуды талап етеді.

«Кейінгі кездері елімізде ин­тернет арқылы жасалатын алаяқ­тық фактілері де жиілеп кетті. Бұл жалған интернет-дүкен­дер, фишингтік сайттар бо­луы мүмкін. Олар интернет қол­дану­шыдан әртүрлі сылтаумен банк картасының деректері немесе шоттардың құпия сөздерін иемденіп, одан әрі өздерінің қылмыстық әрекетін жүзеге асырады» дейді прокуратура хабарламасында.

Қазіргі таңда жиі тараған алаяқтық әрекеттерінің тағы бірі әлеуметтік желілер мен мес­сенджерлердегі аккаунттарды бұ­зу арқылы жасалады. Сол арқылы достарының немесе туыстарының атынан көрсетілген шоттарға шұғыл ақша аударуды сұрайды. Сондай-ақ, жалған ұтыстар мен лотереялар ойнату арқылы жасалатын алаяқтық қылмыстары да қоғамда дендеп тұр. Мұнда қыл­мыскерлер азаматтарды жоқ ұтыстар туралы хабардар қылып, оны алу үшін әртүрлі «салықтар» мен «алым­дарды» төлеуді талап етеді.

Прокуратура қызметкерлері алаяқтықтан қорғану үшін ешкім­ге жеке деректер мен банк кар­тасының мәліметтерін бермеуді, банктердің немесе мемлекеттік органдардың қызметкерлері мұндай ақпаратты ешқашан телефон немесе интернет арқылы сұрамайтынын ескертеді.

«Ақпарат көздерін тексеріңіз. Егер сізге ақша аударуды сұрай­тын қоңырау немесе хабарлама келсе, нұсқауларды орындауға асықпаңыз. Тексерілген контак­тілерді пайдаланып, осы ме­кемеге немесе адамға өзіңіз ха­барласыңыз. Күдікті сілтемелерге кірмеңіз және белгісіз сайттарда­ғы деректерді енгізбеңіз. Алаяқтар құпия ақпаратты алу үшін клон­дық сайттарды жиі пайдаланады» делінген хабарламада.

Сонымен қатар, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде сөй­лескенде абай болуды, до­сыңыздан немесе туысқаныңыздан күдікті хабарлама алған жағдайда, алдымен оның өзіне телефон арқылы немесе басқа жолмен хабарласып, келген хабарламаның рас-өтірігін анықтап алу керек екенін ескертеді.

Осындай алдын алу шаралары мен ескертулерге қарамастан, әккі алаяқтардан зардап шеккен­дердің саны азаюдың орнына, көбейіп жатыр. Атап айтқанда, жыл басынан бері Батыс Қазақ­стан облысының өзінде 23 алаяқ ұсталып, сотталған. Мысалы, Орал қалалық соты дроп­пер бо­лып жұ­мыс істеген, яғни алаяқ­­тық жо­лымен алын­ған қа­ра­­жат­ты қолма-қол ақ­ша­ға айнал­дырған Е. есімді азаматқа қатыс­ты үкім шығарды. Сот отыры­сында сот­талушы өз кінәсін мойын­дамай, қаражаттың заңсыз жол­­мен кел­генін білмедім деп өзін ақ­тауға тырысқан. Алайда мемлекеттік айыптаушы оның кінәсін дә­лел­дейтін бұлтартпас дәлелдерді алға тартып, соттың айыптау үкімін шығаруына ықпал етті.

Нәтижесінде, дроппер Қыл­мыс­тық кодекстің 28-бабы 5-бөлігі және 190-бабы 3-бөлігінің 1,4-тармақтарымен көзделген қыл­мысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Құқық қорғау органдары шынайы өмірде және интернетте жасалатын кез келген алаяқтық әрекеттерден сақтанудың ең ти­імді жолы – құқықтық және медиа сауаттылық екенін ескертеді. Алаяқтар қатары күннен-күнге көбейіп жатыр. Бәрін бірдей құрықтап, қолға түсіру мүмкін емес. Сондықтан ең алдымен құ­қықтық сауатты арттырып, кез кел­­ген ақпаратты алдын ала тек­серіп алу артықтық етпейді.