• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Денсаулық 06 Қыркүйек, 2024

Обырға шалдығу азаймай тұр

174 рет
көрсетілді

Атырау облысының дәрігерлерін алаңдататын түйткілдің бірі – қатерлі обыр дерті. Әсіресе өкпе және жатыр мойны секілді онкологиялық аурулардың азаймай тұрғаны алаңдатады.

Осыған байланыс­ты об­лыс­тық онкология диспан­се­рінде өкпенің қатерлі ісігін ерте диагнос­тикалау ашық есік күні өтті. Диспансердің дәрігері Гаухар Қаришованың дерегіне сүйенсек, бұл ауруға 40 жас­тан асқан тұрғын­дар шал­ды­ғады.

«Ашық есік күндерін өткізудің мақсаты – тұрғын­дар­ды қатерлі ісіктердің қаупі мен даму факторлары, ерте диагностикалау мүм­­кіндіктері, әсіресе өкпе обырын ерте анықтаудың маңызы туралы хабардар ету. Статистикаға сәй­кес былтыр Атырау облысында 59 адамнан өкпенің қатерлі ісігі анықталған еді. Ал биыл жеті айда бұл ауруға шалдыққан науқастар саны 72 адамға жетті», дейді Г.Қаришова.

Оның айтуынша, өкпе обы­ры­ның бірнеше белгісі бар. Алғаш­қыда ұзақ мерзім­ге созылатын жө­тел­мен басталады.

«Жөтел алдымен құрғақ күйінде болады. Содан кейін біртіндеп қақырық түседі. Кейде қан ара­лас­қан қақырық болуы мүмкін. Осындай белгі байқалған адам дер кезінде ем қабыл­да­маса, қақырық іріңге айналады. Науқастың дене температурасы көтеріліп, оған әлсіздік пен ентігу қосылады. Кейін қатерлі ісік пневмониясына ұласады. Ал асқыну үдеген сайын дауыс қарлығып, жүрегі не­месе қолында ауырсыну байқалады. Беті көгеріп, ісінеді. Мойнында, қолы мен кеуде қуысының тамырларында ісік пайда болады», деді Г.Қаришова.

Өңірдегі әйелдер ара­сын­да жатыр мойны обырына шалдық­қандар да бар. Облыстық онко­ло­гия дис­пан­серінің онко-гинекологі Жадыра Құдабаеваның айтуын­ша, қазір осындай сыр­қатпен 560 әйел есепте тұр. Былтыр аталған ауру салдарынан 24 әйел қайтыс болған. Биыл 6 айда жатыр мойны сырқатына 56 әйел шал­дыққан.

«Жатыр мойны обырынан сақтанудың негізгі жолы – адам папиллома вирусына қарсы екпе алу. Дүниежүзілік ғалымдардың зерттеуіне сүйенсек, қатерлі ісікті тудырушы вирус адам паппиломасы екені дәлелденген. Осыған байланысты Атырау облысында 2012–2013 жылдары бұл екпе қанатқақты жоба ретінде іске асырылды. Сол кезде екпе алғандардан аталған аурудың белгілері анықталмады. Сондықтан биыл вакцинаны қайта егу жоспарға енгізілді. Екпе салу оқушы қыздарға ата-анасының рұқсатымен ғана жүргізіледі», деп хабарлады Ж.Құдабаева.

 

Атырау облысы