• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Туризм 06 Қыркүйек, 2024

Сарыбел, Самар...

151 рет
көрсетілді

Сарша тамыздың соңына дейін Сарыбел деп сабылдық. Әсіресе, күннің ыстығында Сарыбелдің құмды жағалауынан табылдық. Одан басқа Самардың әсем табиғатына тамсанып, оны жаһанға жар салып көрмедік. Күні кеше ғой, Самар аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен өткен «Samar fest» фото-блог туры аясында өңірдің шетсіз-шексіз нуын да, мөп-мөлдір суын да, тауы мен тасын да араладық.

Ең әуелі қатысушы журналистер, фотографтар турдың бағдарламасымен танысты. Ұйымдастырушы әрі ішкі сая­сат бөлімінің басшысы фото-блог тур мүшелерін екі топқа бөлді. Бірі тау мен тасты аралауға кетсе, енді бірі ауыл ішіндегі елдің жай-күйімен таныспақ. Төбе көрсек, шыққымыз келіп тұратын бізді табиғатқа қарай бағыттады. Құп алып, көп ұзамай көлікке қондық. Ауыл тіршілігіне қызығушылық танытқандары Көкжота ауылындағы ат спорт мектебіне аттанды.

– «Samar fest» фото-блог турын ұйымдас­тырудағы мақсатымыз – аудан­ның көз тартатын әсем жерлерін көп­шілікке көрсету. Шындығында, біздің ауданның да табиғаты көр­кем. Алайда көпшілік Са­рыбел жағалауын ғана біледі. Осы іс-шараны ұйым­дастыруға атсалысып жатқан әріптестерге, қолдап келген өздеріңізге мың да бір алғыс айтамын, – дейді ішкі саясат басшысы Асқар Ысқақ.

Сөйтіп, белгіленген ба­ғытта екі топ екі жаққа қарай жолға шықты. Біздің әуелгі бағыт – Қайыңды орман­шылығы.

Өскемен – Самар арасын­дағы күре жолда үнемі жүр­генімізбен, Қайыңды жаққа бұрын-соңды бұрылып көрмеген екенбіз. Табанымыз тұңғыш рет басты. Тасжолмен салдырлатып келіп, алды­мыздағы белестен аса берісте маңдай тұстан жартасты қожыр таулар көрінді. Жан-жағы – жыныс орман. Ит тұмсығы өтпес тоғай деген осы шығар, сірә де. Қарағай, шырша, бірен-саран ақ қайың. Аяқ астындағы тоқымдай жерде тоқсан түрлі гүл. Көлік тоқтаған бетте жан-жақ­ты сатыр-сұтыр фотоға түсірістік. Қайда қа­рарымызды, қай көріністі суретке тар­­тарымызды білмей жүргенде көз ұшындағы дара төбеден қызыл шатырлы үй көрінді. Айналасы жап-жасыл ну. Дәу де болса, бай-бағландардың биікке соққан үйі шығар дегенбіз...

Ауылға түсе сала орманшылықтың кеңсесіне жетіп тоқтадық. Бір қызығы, алақандай ауыл болғанымен, ауыл мәр­тебесі жоқ мұнда. Мектеп оқушылары Шұбарқайың мектебіне қатынап оқи­ды. Ал қыңыр-қисық тұрған электр бағаналары ешбір мекеменің балансында емес-ті. Жарық сөнсе, ауылдықтар өздері жөндеп, өз күндерін өздері көріп отыр. Ауылдықтар қайда тіркеуге тұру керектігін де біле бермейтін көрінеді. Табиғаттың сұлулығын түсіреміз деген топ мүшелеріне тұрғындар өздерінің арыз-армандарын да айтып қалды.

– Жазда жарайды, күнімізді көреміз. Ал қыстың күні жол болмай қалады. Сон­дай күндері Самарға хабарласып, кім­ге қандай азық-түлік керегін айтып, өзіміз жол бойынан атпен немесе моторлы қар шанамен күтіп аламыз. Қысқасы ауылымызға «ауыл» деген мәр­тебе керек, – дейді қайыңдылық Ғалым Тілеуметов.

Бұл – бір кісінің ғана емес, бүкіл ауыл тұрғындарының тілегі. Тұмса табиғат ортасында отырған ауылды картада көр­сетіп, ресми қағазға тіркеу керек шығар.

Бұдан әрі қарайғы жолымыз қиын­дай түсетінін байқадық. Сондықтан да орман шаруашылығының басшысы Азамат Кәсенғазин түсірілім тобын бауыры биік «Уазикке» жайғас­тырды. Жанымызға осы өңірдің ой-шұң­қырын жақсы білетін инженер Ан­дрей Коноваловты қосақтады. Білсе, білгендей-ақ екен. Қай қалтарысты қандай аң мекен қылатынын, қай жерде қандай шөп өсетініне дейін әң­гі­мелеп отырды. Айтуынша, мынау тай­ганың ішінде бұлан да, бұғы да, елік те жортады. Жыртқыштар да жоқ емес. Кіруге шектеуі бар шлагбаумнан асқан соң тұқым бағына жетіп аялдадық. Қатар-қатар лента бойы қылтиған жап-жасыл қарағай. Бұ­ларды үш жыл өткен соң басқа ор­маншылықтарға таратады екен. Өздері де белгіленген жерлерге отыр­ғызады.

– Бұл өсімдіктерді балаша күтіп-бап­таймыз, суарамыз. Үш жылдан соң орнына қайта тұқым егеміз. Көшеттері кез кел­ген жерге өсе бермейді. Құмдауыт өңірге еккен жөн, – дейді А. Коновалов.

Қарағайлы орманды аралап келеміз. Кейбір тұста қыздың жиған жүгіндей қабат-қабат тастарға тамсана қараймыз. Табиғаттың құдіреті деп таңдай қағамыз. Самарда осыншалықты сұлу жер бар екен ғой деп таңданамыз. Сөйтсек, біздің бара жатқан бағытымыз бағанағы бай-бағланның үйі деп топшылаған шың басындағы қызыл үй екен. Түбіне дейін тербеліп, «уазикпен» жеттік те, одан ары жаяулаттық. Биік жартасты айналып ұшар басына көтерілгенде айнала расымен алақандағыдай еді. Бұл тұстан кезекші орманшы маңайдан табиғатқа төнген өрт қаупін бақылап отырады екен. Қандай да түтін байқаса, дереу орталыққа хабар береді. Орманшылықта тиісті өрт сөндіру техникалары толық. Техника жетпеген жерге жаяу-жалпылап жетеді.

Адам аяғы жете бермейтін тұмса табиғат болғандықтан ба, ерекше тау-тастарға атау қойылмаған. Әншейінде «бәленбайдың төбесі» дейтіндей бұл жаққа әркімнің көзі түсе бермегенге ұқсайды.

– Жалпы, Самар орманшылығының аумағы 65 мың гектарды алып жатыр. Екі бөлім бар. Бірі – Миролюбовкада. Ол жақта да өрт сөндіру көлігі бар. Ал аң шаруашылығы жағы жекешеленген. Онымен өздері айналысады. Био­техникалық жұмыстарға да өздері араласады. Біз тек бақылап отырамыз, – дейді «Самар орманшылығы» ММ басшысы Азамат Қасенғазин.

Ендігі бағыт – Сарыбел сарқырамасы. Бұл ғажап жерді былайғы жұртты қо­йып, жергілікті тұрғындар да біле бер­мей-тұғын. Сарыбел ауылының тұсындағы бұлақтың төменге құлай аққан көрінісін суретке түсіру үшін екі топ та соған қарай асықты. Сарқырама маңайы – қызылды-жасыл гүл. Ма­ңайын­дағы тастардың өзін әдейілеп өріп, қалағандай. Мұны алғаш көрген журналистер таңданысын жасырған жоқ. «Ананы қара, мынаны қара» десіп, жан-жақтан суретке тартты.

Екі күнге жалғасқан турдың келесі күнінде бірінші топ Палатцы, Қараш, Қарақол жақтарға тартса, екінші топ әмбеге аян Сарыбел жа­ға­лауын түсіруге бекінген.

Жолай кеңес одағының үш батыры шыққан ала­қандай Қараш ауылына соқ­тық. Мұнда батырларға арналған монументте аял­дадық. Жар­қырап тұрған ескерткіш тақтаға қарап тұрған облыстық «Дидар» га­зетінің бас редакторы Серік Әбілхан: «Ауылдан гөрі ескерт­кіштің жағдайы тәуір екен» деді күбірлеп. Ауылдың тозып тұрғанын меңзесе керек-ті. Бұған дейін жолай тасқа бедерленген петроглифтерді де қызықтағанбыз. Олар енді зерттелмесе, бүгінге дейін зерттеле қоймаған-ау.

Шаңы шыққан жолмен зу­лағаннан зулап, Бұқтырма жаға­лауына жетіп бір-ақ тоқ­тағанбыз. Сарша тамыздың ыс­тығы өтіп кетті ме, тур мүшелері суық суға қойып кетті. Анау Сарыбелдің тұсындағы су жылы болғанымен, мынау тасты қабақтың астындағы су мұздай еді. Ал көрініс шетелдің табиғатына бергісіз. Арғы жағалауда тізілген яхта, қайықтарға қарап, теледидардан көріп жүрген шетелдегі туристік жерге қарай өтіп кеткендей әсерде болады екенсің.

Міне, Самардың самал ескен әдемі табиғатын армансыз араладық. Бұрын-соңды ел білмейтін ғажабын көрдік. Осымен «Samar fest» фото-блог туры аяқталғанымен, саяхатшылардың жаңа тынысы ашылады, білеміз. Қайыңдының қоңыр күзін, аязды қысын көруге асы­ғатындар көбейеді.

 

Шығыс Қазақстан облысы