Атырау облысынан V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына 3 спортшы қатысады. Ұлттық спортты серік еткен олар осы кезге дейін республикалық чемпионатқа қатысып, үздік атанып жүр.
Облыстық Дене шынықтыру, спорт және туризмді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржауған Төлеуованың айтуынша, 20 жастағы палуан Нұржан Сәрсенғалиев алыш күресінен ел чемпионатында бақ сынап, өз салмағында жеңімпаз атанған. Ал құсбегіліктен спорт шебері Арман Қошқаров біраз жылдан бері саятшылықты серік етіп келеді. Оның да еншісінде Қазақстан чемпионатының жеңімпазы жүлдесі бар. Үшінші спортшы – Марат Бексұлтанұлы. Дәстүрлі садақ атудан ел чемпионаты мен бірнеше халықаралық турнирде топ жарған спортшы спорт шебері атағын иеленген.
«Көшпелілер ойындарына Атырау өңірінен 3 киіз үй тігіледі. Киіз үйдің біріне жергілікті мұражайдың жәдігерлері қойылады. Ал екінші үйде ұлттық салт-дәстүр таныстырылады. Үшінші киіз үйде аймақ туризміне қатысты мәліметтер көпшілік назарына ұсынылады», дейді Н.Төлеуова.
Оның дерегіне сүйенсек, атыраулық спортшылар бұдан бұрын өткен Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында жүлделі орындарды иеленіп жүр. Мәселен, 2016 жылғы ІІ Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында Сұңғат Закарияев қазақ күресінен алтын, Арман Қалиев күміс медальға орынға ие болған. Ал 2018 жылы Арман Қалиев қырғыз күресінен күміс, Абылай Амандық түркімен күресінен, Қайыпқан Ақжол алыш күресінен қола жүлдені қанағат тұтыпты.
Енді міне, Астанада басталатын V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына 100-ге жуық садақшы қатысады. Солардың қатарында атыраулық спортшы, садақ атудан спорт шебері Марат Бексұлтанұлы ел намысын қорғауға бекініп отыр. Бір қызығы, оның мамандығы – заңгер. Біраз жыл мемлекеттік қызметте жұмыс істеп, лауазымдық қызмет атқарған. Бірақ 4 жылдан бері жеке шаруашылықпен айналысуға бет бұрған екен. Қазір атыраулықтарға дәстүрлік, садақ атуды үйретіп жүр.
«Халқымыздың көшпелілерге тән ұлттық өнері көп. Дәстүрлі ән, күй мектебі қалыптасқан. Бағзы дәуірде аң аулауға шыққан бабаларымыздың бәрінде бірдей берен мылтық болмаған шығар. Осы тұрғыдан айтқанда, садақ атуды сол бабалардан қалған асыл мұраға жатқызуға болады. Ал оны жас ұрпаққа кеңінен насихаттап жүрміз бе? Осы сауал төңірегінде ойланып, «Бұл істі неге қолға алмасқа?» деген тоқтамға келдім. Алайда Атыраудан садақ атудың қыр-сырын үйретуді қолға алған үйірме таппадым. Сол себептен өзім садақ атуды үйрететін сабақты интернет желісінен тауып алдым. Сол арқылы садақ атуды меңгердім», дейді Марат Бексұлтанұлы.
Спортшының басты мақсаты – дәстүрлі садақ атуды насихаттау. Әсіресе жас буынның осы спортқа ынтасын оятып жүрген спортшының айтуынша, қазір садақ ату мектебі қалыптаса бастаған.
«Садақ атумен айналысудың пайдасы өте көп. Алдымен бұл – адамның рухани жетілуіне, физикалық дамуына оң әсер ететін өнер әрі спорт. Екіншіден, жас буынның мінез-құлқының салмақты болуына ықпалын тигізеді. Садақ атуды меңгерген жастардың мінезі байсалды болады. Өйткені садақшыға байсалдылық ауадай қажет. Бұл спортта ашуға бой алдырып, асығыс әрекетпен жеңіске жету мүмкін емес. Үшіншіден, садақ атқан адамның ептілігі, шеберлігі жетіледі», дейді Марат.
Қазір ол «Батухан жебесі» федерациясының жұмысын жандандыруға жұмыстанып жүр. Биыл жергілікті бюджеттен қаржы бөліне бастапты. Өзінің 40-қа жуық шәкірті бар.
«Кейінгі 4-5 жылда Атырау облысында дәстүрлі садақ атуға ниет білдіргендер саны 100-ге жуықтады. Олардың арасында 7 жасар бала да, жасы 60-ты алқымдаған үлкендер де бар. Ел құрамасына біздің өңірден менімен бірге Бауыржан Ақтаев, Әли Сесигүзел, Мәдина Бисембиева алынды. Бәріміз де іріктеу сайысына қатыстық. Сол сайыста мен V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының жолдамасына ие болдым. Енді дүбірлі додада елдің намысын қорғап, жақсы нәтиже көрсетуге барымды салам», дейді М.Бексұлтанұлы.
Атырау облысы