Өндіріс қуаты өскен сайын энергияға сұраныс арта бермек. Ел аумағындағы энергия өндіретін ірілі-ұсақ 222 стансаның қуат көзі қажетті сұранысты толық қамтуға қауқарсыз. Осылай деген Алматы қаласы кәсіподақтар орталығының мүшелері Президент Жолдауында айтылған бірқатар мәселені талқылап, атом энергия стансасын салудың өзектілігі жайлы өз ойларын ортаға салды.
Қоғамда атом электр стансасын салу-салмау тұрғысындағы пікір екіге жарылғаны белгілі. Жолдауда Президент бұл мәселе ел болып референдум негізінде айқындалатын елеулі қадам екенін атаған болатын. Мемлекетті тұрақты әрі қауіпсіз экологиялық таза энергия көзімен қамту уақыт сұранысынан туындаған қажеттілік екенін алға тартқан мамандар елдегі энерго нысандардың 65 пайызы ескіргенін тілге тиек етті. Орталық мүшелерінің айтуынша, станса салынбас бұрын, бөлінетін қаражат пен су мәселесін ұтымды шешіп алу қажет.
«Халықтың әл-ауқатын жақсартып, өнеркәсіпті өркендету үшін АЭС маңызы зор. Ғалымдардың есептеуінше, бір атом реакторын салу үшін 12 млрд доллардай қаржы керек. Бұл – бір. Екінші мәселе – су. АЭС-ті Балқаш көлі жағасына салса, ұтымды шешім болар еді. Энергетикасыз экономиканың ешбір саласы дамымайды. Дамыған елдер үздіксіз қуат беретін технологияларды тиімді пайдаланып отыр. Елімізде бұл бағытта табиғи ресурс жеткілікті. Энергия тұтыну көлемі күн өткен сайын барлық аймақта артып келеді. Авиацияны дамыту мәселесі де Жолдауда айтылды. Қазақстан әуе кеңістігі арқылы жыл сайын тасымалданатын жүк көлемін 4 жылдың ішінде 300 мың тоннаға дейін жеткізу үшін күш салуы қажет. Ел аумағы кең. Тіпті кейбір аудандарда кішігірім әуе айлағын салу артық етпейді. Туристік әлеует артады әрі тұрғындар үшін жедел жәрдем көмегіне жүгіну жеңілдейді», дейді «Алматы халықаралық әуежайы» жергілікті кәсіподақ ұйымының төрағасы Данияр Алтыбаев.
Өнеркәсіп өрге басу үшін энергетикалық тәуелділіктен арылу керек деген Алматы қаласы Кәсіподақтар орталығының төрайымы Зәуреш Өмірбаева АЭС энергетика саласына сенімділік сыйлайды деген пікірде. Мамандардың айтуынша, атом электр стансалары әлемнің 30-дан астам елінде бар. Олардың ең қуаттылары Оңтүстік Корея, Франция, Жапония елдерінде орналасқан. Бауырлас Түркия мемлекеті де бұл бағытта маңызды қадамға барып отыр.
«Елдің жан-жақты дамуында нақты бағыттар үнемі айқындалып отыруы тиіс. Жыл сайынғы Жолдау елдегі қалыптасқан мәселелерді шешуге, стратегиялық міндеттерді орындауға көп септігін тигізеді. Мәселен, АЭС тақырыбы жылдар бойы қоғам арасында қызу талқыланып келді. Осы тақырыпта 16 тамыз күні Алматыда жария талқылау да өтті. Жұртшылық мәселеге сауатты көзқараспен үңілсе, оңтайлы шешімге келеміз деген сенім басым», дейді Зәуреш Өмірбаева.
Елдегі ең үлкен мегаполистегі Кәсіподақтар орталығының өкілдері референдумның ашық әрі әділ өтетініне сенім білдірді. Сондай-ақ олар азаматтарды ел өмірінде тікелей маңызы бар шешім қабылданатын үдерістен шет қалмауға шақырды.
АЛМАТЫ