Жүрсінәли ақсақал ұзап бара жатқан көліктің соңынан ілескен шаң сейілгенше есік алдында тұрды. Жылда жан-жақтан жиылған балалары қосағы Рахима екеуінің көңілін бір аулап кететіні бар. Құдды бір түу қияннан қанатын талдырып ұясына оралатын қарлығаштар секілді. Бұрын немерелердің қылығын қызықтайтын, қазір шөберелердің шеті көрінді. Қазақ әдетте жан санамайды ғой. Сонда да Құдай берген 9 перзентінен 35 немере, 46 шөбере сүйіп отырғанына іштей шүкірлік айтатыны бар. Көлік көзден таса болғанда үйге қарай бұрылды. Іштей «Аман болыңдар, балапандарым» дегенді сан қайталап барады.
Кезінде Арал теңізінің қолтығында Ұялы дейтін ауыл болған. Балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған осы құт мекенде 1933 жылы дүниеге келіпті. Әкесі Байқадам Тәжібаев аядай ғана елді мекендегі беделді азаматтардың бірі болды. Бұл ауылдағы кәсіп көзі теңізбен тікелей байланысты. Жетіжылдық мектепте оқыған кейіпкеріміз осы ізбен кішкентайынан қайыққа отырды. «Бәрі де Жеңіс үшін, бәрі де майдан үшін» деген ұранның аясында осындай ұландардың да еңбегі жатыр.
Бұрын-соңды теңіз суы таусылады дегенді кім естіпті. Адамның пиғылы бұзылса, телегей теңізің де түк қалмай тартылады екен. Айдынға қатар құйып жатқан қос өзеннің бірі Әмударияның жолы буылып, шалқар күн санап кері шегіне берді. Бұл әулет 1960 жылы Ұялыны тастап Қазалыға қоныс тепкенде жас Жүрсінәлидің Рахима Құлмырзақызымен шаңырақ құрғанына көп бола қоймаған еді. Жаңа қоныста «Ремстрой» мекемесіне көлік жүргізуші болып орналасты. Бұл жұмысы кейін аудандық ауруханада жалғасты. «Рембыттехника» мекемесінен зейнетке шыққан зайыбы Рахима екеуі 9 перзент өсірді.
Бүгінгі берекеге мың шүкір, кешегі тоқсаныншы жылдардағы қиындықта көп жұрт туған жерін тастап, жан-жаққа кеткенін көз көрді. Әрине, баланың қамы байыз таптырмаған олардың да жайын түсінеді. Ал өзі байырғы қонысын қимай қалып қойды. «Дарақ бір жерде көгереді» демей ме? Қазір өзінен өрбігендерден ұлдары Ысқақ пен Исмаил, қызы Мира – Шымкентте. Зейнегүлі – Атырауда, Анаргүл атты қызы Арыс қаласында тұрады. Бауырлар жан-жақтан жиналғанда Құлсарыдан Жадырасы мен Ақтөбе қаласындағы кенже қызы Жазира жетеді. Бұлардың алды әлдеқашан ата-әже атанса да, қосағы Рахима екеуіне әлі бала сияқты. Осы Қазалыдағы Смағұлы мен Жанаргүлі бұлардың қас-қабағын бағып, қызметін жасап отыр. Былтыр 90 жастың төріне шыққанда қос қарияның ізінен еріп, құрмет көрсеткен балалары көпті сүйсінтті.
Әулет аудандық, облыстық «Мерейлі отбасы» байқауында да құрметке бөленіп жүр. Өткен жылы аудан әкімдігі Қазалыдағы ерлі-зайыпты қарияларды шақырып, марапаттағанда да көш басында отасқандарына 65 жыл толған зайыбы екеуі жүрді. Жүрсінәли қарияның өзінен кейінгі 11 бауыры да еліміздің әр түкпірінде тұрып жатыр.
Баласы Смағұл айтады: «Қариясы бар үйдің қазынасы бар» дегенді жиі айтқанымызбен, мағынасын көп түсіне бермейтініміз рас қой. Қарашаңырақта отырғанның орны бөлек болады екен. Бауырларым жан-жақтан жиылғандағы әке-шешемнің қуанышын айтып жеткізе алмаспын. Алыстан келген ағайын да сәлем беруге алдымен осы үйге келген сайын бір жасап қалады. «Әке – балаға сыншы» деген бар ғой. Жастайымнан шаруаға, ағайын арасындағы жөн-жоралғыға бейімдігімнен болар әкем маған ерекше қарады. Оның үстіне өзімнен кейінгі інім кәсіп қуып, сыртқа кетті де, әке-шешемнің қасында мен қалдым. Әлгі Жарасқан ақынның «Кенже бала» өлеңіндегі қарашаңырақты күзеткен кейіпкер мен болармын, сірә? Әкем мен шешем әлпештеп өсірген, бауырларыммен бірге өскен шаңырақтың қадірі бөлек қой, шіркін!»
Ата-ананы алтын діңгекке балаған Байқадамовтар әулеті туралы қысқаша баян осындай. Сен неткен құдіретті едің, қарашаңырақ!
Қызылорда облысы,
Қазалы ауданы