• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өндіріс 10 Қыркүйек, 2024

Қағаз-целлюлоза өнеркәсібі өрлемек

94 рет
көрсетілді

Орман шаруашылығының негізгі салаларының бірі – қағаз-целлюлоза өнеркәсібі. Кейінгі жылдары осы саланың экономикалық әлеуеті пайдаланылмай жатқаны белгілі. Биыл осы олқылықтың орны толып, целлюлоза-қағаз өнеркәсібіне ерекше көңіл бөлінбек. Елімізде жалпы құны 11,1 млрд теңге болатын 7 жоба іске қосылып, 215 жаңа жұмыс орны ашылады.

Алдағы уақытта кә­сіпорындар майлық, дә­рет­хана қағазы, дымқыл майлық, дәптер, картон және гофрленген қап­тамалар шығаратын болады. Барлық өнім елдің ішкі қажеттіліктеріне ба­ғыт­талады. Бүгінгі күнге жоспарланған 7 жобаның екеуі Шымкент қаласында іске қосылды. Олар – дым­қыл майлық пен ПКС маркалы картон өндіретін кә­сіпорындар. Бұған са­лынған инвестицияның жалпы сомасы 300 млн теңгені құрап, 40 жаңа жұмыс орны құрылды.

Осы жылға жоспарланған барлық өндіріс көлемі шамамен 20 млрд теңгені құрайды. Олардың ішінде дымқыл майлық, маска, жеке қорғаныс құралдары, картон қағаз және гофрленген картон өндірісі бар. Бұл нысандардың ашылуы 300 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Жаңа кәсіпорындар өнімінің 20%-дан астамын жақын және алыс шетелдерге экспорттауды жоспарлап отыр. Бұл кәсіпорындардың басым көпшілігі Шымкент және Алматы қалаларында орналасқан.

Жобаларды іске асыруға мониторинг жүргізу, талдау дирекциясы атап өткендей, алдағы уақытта салада құны 35 млрд болатын 500-ден астам жұмыс орнын құрумен қатар тағы 9 жоба пысықталып отыр. Отандық және шетелдік инвесторлармен бірлесіп майлық, жұмыртқа науасы, гофротара, қағаз қап­тар өндірісін іске қосу жос­парланған.

«Жалпы, целлюлоза-қағаз өнеркәсібінің инвес­тициялық портфель құны 57,6 млрд теңге болатын 25 жобаны қамтиды. Оларды іске асыру 1,1 мың жаңа жұмыс орнын құруды көздейді», делінген «QazIndustry» АҚ Жобаларды іске асыруға мониторинг жүргізу, талдау дирекциясы хабарламасында.

Айта кетейік, салаға инвестиция тарту мақсатында республикалық және жер­гілікті деңгейлерде арнайы-экономикалық ай­мақтар шеңберінде инвестициялық преференциялар, несие­леудің жеңілдікті шарттары, салықтық жеңілдіктер түрінде мемлекеттік қолдау­лар көрсетіледі.